00:00
Астана -10oC
USD:
464.72
EUR:
496.32
RUB:
5.4
Поиск

Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті

09.11.2023 | 09:12
90
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Астанаға ресми сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс режимінде қатысты, деп хабарлады Elorda.info Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Өңіраралық ынтымақтастық форумы 20 жыл ішінде екі елдің өзара тиімді стратегиялық серіктестігін нығайтуға зор үлес қосып, өзінің маңыздылығы мен тиімділігін көрсеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Ресейдің сауда-экономика, инвестиция салаларындағы және өнеркәсіптік кооперациядағы ықпалдастығы жылдан-жылға тұрақты түрде артып келеді.

Бүгінде екіжақты тауар айналымы 27 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Ресейден тікелей тартылған инвестиция көлемі 20 миллиард доллардан асты. Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорынның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы ресейлік компаниялар. Біз экономиканың өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, инфрақұрылым сияқты салаларында тығыз қарым-қатынас жасаймыз. Энергетика бағытындағы ынтымақтастық деңгейі артып келеді. Жақында Ресей газын Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға тасымалдау жобасының іске қосылуы айтулы оқиға болды. Бұл жоба Орталық Азияның өңірлік тұрақтылығы мен энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуда шешуші рөл атқарады. «Татнефть» компаниясымен бірге қуаты жылына 340 мың тоннаға дейін бутадиен өндіретін Қазақстан-Ресей зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен шығаратын кәсіпорын салуға қатысты келіссөздер аяқталды. 2019 жылдан бастап Өндірістік кооперация саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасы табысты жұмыс істеп жатыр. Қазірдің өзінде бұл бағдарлама бойынша құны 3,2 миллиард доллар болатын 30 жоба іске асырылды. Жалпы көлемі 27 миллиард доллардан асатын тағы 60-қа жуық жоба жүзеге асырылуда немесе пысықталуда. Мұның бәрі Қазақстан мен Ресейдің стратегиялық серіктес әрі одақтас екенін айқын көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы тақырыбына арналған Форумның Қостанай облысында, яғни Қазақстанның нағыз астықты өлкесінде өткізілуінің символдық мәніне назар аударып, агроөнеркәсіп кешені саласындағы сауда мен өзара тиімді кооперацияны кеңейту үшін зор мүмкіндік бар екеніне тоқталды. Оның пікірінше, Қазақстан мен Ресей ауыл шаруашылығы өнімінің ірі өндірушісі саналады және астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың ондығына кіреді. Сондай-ақ әлемдегі егістік алқаптарының шамамен 10 пайызы, жайылымдық және шабындық жерлердің 9 пайызы осы екі мемлекетке тиесілі.

Қазақстанда соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 2 еседен астам ұлғайды. Аталған саладағы өнім экспорты екі есе артып, 6 миллиард долларға жуықтады. Бүгінде бұл бағыттағы өнімдеріміз әлемнің 80 еліне жеткізіледі. Былтыр Азық-түлік қауіпсіздігінің жаһандық индексінде Қазақстан 113 елдің ішінде 32-ші орынды иеленді. Осылайша, біз агроөнеркәсіп кешенін дәйекті түрде дамытып отырмыз. Бүгінгі форумда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тең құқылы және бір-бірінің мүддесін ескеру қағидаттары негізінде ортақ келісімге келе отырып, жаңа тәсілдер әзірленетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы форумға қатысушылардың назарын бірқатар өзекті мәселеге аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Қазақстанның аграрлық секторын индустрияландыру мәселесіне тоқталып, үш жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі қайта өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыру міндеті жүктелгенін айтты.

– Бұл міндетті орындау үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортқа тәуелділігін төмендетуге бағытталған ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырыла бастады. Алдағы жылдары 115 тауарлы сүт фермасы салынады. Бұл сүт өндіру көлемін 600 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жылына 120 мың тоннадан астам ет өндіретін 15 ірі құс фабрикасын пайдалануға береміз. Алдағы бес жылда Қазақстанның агросекторында жалпы сомасы 2,7 триллион теңге болатын 900-ге жуық инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Озық халықаралық стандарттарға, соның ішінде «Халал» стандартына сай әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза және экспортқа бағдарланған өнім шығаруға баса мән беріледі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, бұрын-соңды болмаған жаһандық сын-қатерлер жағдайында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған екі елдің күш-жігерін үйлестіру маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы бірлескен нәтижелі жұмысқа атсалысқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге, Форумның ресейлік және қазақстандық қатысушыларына алғыс айтты.  

Сонымен қатар Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Ресей Федерациясы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук сөз сөйледі.

Все новости