00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Астанадағы атауы ерекше көшелер

15.06.2023 | 11:30
245
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада даңғыл да, көше де көп. Бәрінің дерлік атаулары бар. Көбіне қазақтың белгілі қайраткерлері, саясат пен экономика, өнер мен әдебиет майталмандарының есімі берілген. Ал кейбір көшелер қазақтың ежелгі соғыс құралдары, музыка аспаптары, бұйымдарының атауымен аталады. Қайсыбірі тарихи атаулармен айшықталған. Қоғамдық көлікте кетіп бара жатып, осындай қазақтың көне атауларын естігенде әрі қуанып, әрі таңданып қаласың. Дегенмен кей сөздердің мағынасын жастар түсінбеуі мүмкін. Тағы бір қызық жайт, Астанада «Егемен Қазақстан» газетінің атымен аталатын көше бар. Elorda.info осындай көшелердің шағын топтамасын жасады. 

«Егемен Қазақстан» газеті көшесі. Бұрынғы атауы – М.Ломоносов көшесі. «Алатау» ықшам ауданынан басталып, А.Иманов, Кенесары көшелерін, Абай даңғылын қиып өтіп, С.Сейфуллин көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1 147 м. 

«Егемен Қазақстан» газеті алғаш рет 1919 жылдың 17 желтоқсанында жарық көрді. Газет атауы қазіргі күнге дейін бірнеше рет ауысқан: «Еңбек туы» (1920), «Еңбекшіл қазақ» (1921-1925), «Еңбекші қазақ» (1925-1932), «Социалды Қазақстан» (1932-1937), «Социалистік Қазақстан» (1937-1991), «Егеменді Қазақстан» (1991- 1993). Қазір «Егемен Қазақстан» деп аталады. Бұл көшеде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясы орналасқан.

Ағадыр көшесі. Бұрынғы атауы – Тульский көшесі. Сарықұм көшесінен басталады. Ұзындығы – 1 286,1 м. 

Ағадыр – дөңесті және белесті жер деген мағынаны білдіреді. Ағадыр атауы Қарағанды облысы, Шет ауданындағы кент, теміржол стансасына берілген.

Адырна көшесі. Бұрынғы атауы – Самоцветный көшесі. Құлагер көшесінен басталады. Ұзындығы – 344,2 м. 

Адырна – қазақтың көп ішекті шертпелі саз аспабы.

адырна.jpg

Ақыртас көшесі. Р.Қошқарбаев даңғылынан басталып, Тәуелсіздік даңғылын қиып өтеді, Жанкент көшесінде аяқталады. 

Ақыртас – Жамбыл облысындағы көне қалашық орны.

аквыртас.jpg

Арқайым көшесі. Бұрынғы атауы – № 24 көше. Ұзындығы – 509,1 м. М.Төлебаев көшесінен басталып, Абылай хан даңғылында аяқталады. Ер Көкше, Ер Қосай, Ер Тарғын көшелерін қиып өтеді. 

Арқайым – орта қола кезеңінен (б.з.б. 2-мыңжылдық) сақталған тарихи және мәдени ескерткіштер кешені. Арқайым Қостанай облысында орналасқан.

Асы көшесі. Бұрынғы атауы №184 көше. Батыр Баян көшесінен басталып, Асы көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 173,7 м. 

Асы – көне түркі тілінен аударғанда «дала», «жазық», «кең алқап» деген мағынаны білдіреді.

Берен көшесі. Бұрынғы атауы – №49 көше. Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабы. Балқантау көшесінен басталып, Айнакөл көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 320,5 м. 

Берен – сауыттың бір түрі, «болат темірлі сауыт» деген ұғымды білдіреді.

0f948f0a-513d-4042-b577-83e48917d7bf.jpg

Бұланты көшесі. Бұрынғы атауы – И.Мичурин көшесі. Қарасай батыр көшесінен басталып, Конституция көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 404,6 м. 

Бұланты – 1727 жылы Ұлытау өңіріндегі Бұланты және Білеуті өзендері аралығындағы қазақ жасақтарының жоңғар басқыншыларымен болған шайқасы. Бұл шайқаста қазақ жасақтары жеңіске жетті. Осы оқиғадан кейін жоңғарлар басып алған қазақ жерлерін азат ету кезеңі басталды.

Қазанат көшесі. Бұрынғы атауы – № 36-5 көше. Манкент орамынан басталып, Жылыой, Аягөз көшелерін қиып өтеді, Тұран даңғылында аяқталады. Ұзындығы – 694 м. 

Қазанат – батырлардың жауынгерлік аты.

қазанат.jpg

Құс жолы көшесі. Бұрынғы атауы – А.Попов көшесі. Шардара, Сартүбек көшелерімен қиылысып, Өндіріс көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 1097 м. 

Құс жолы – кең, ақшыл жолақ болып тұтасқан орасан көп жұлдыз шоғыры.

Ордабасы көшесі. Бұрынғы атауы – № 38 көше. «Көктал» тұрғын алабы. Наурыз көшесінен басталып, Ұлытау көшесінде аяқталады. Ұзындығы – 218,5 м. 

Ордабасы – Ордабасы құрылтайы, 1726 жылы қазақтың үш жүз өкілдерінің Ордабасы тауындағы тарихи бас қосуы. Қазіргі кезде осы тарихи жиынның белгісі ретінде Ордабасы төбесіне қазақ халқының тәуелсіздігі мен бостандығы үшін көп еңбек сіңірген атақты үш биге ескерткіш орнатылған. Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан аудан аты. Орталығы – Темірлан ауылы.

Все новости