00:00
Астана -10oC
USD:
471.46
EUR:
504.79
RUB:
5.53
Поиск

Астана келбетінен сәулет өнерінің жарқын үлгілерін көргім келеді – Аманжол Чиканаев

07.06.2023 | 11:00
419
Фото: Аманжол Чиканаевтың жеке архивінен,

Қазақтың бас қаласына биыл 25 жыл. Ширек ғасырда тарихымызды тағы бір түгендеп қойсақ, артық етпес. Сонымен, қиялдың ақиқатқа айналуына кімдер себеп болды? Елордамыздың еңсесін тіктеуіне салмақты үлес қосқан тұлғаның бірі –  Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Аманжол Чиканаев. Elorda.info тілшісінің сұхбатынан Астана сәулеті туралы қызықты жайттарды оқи аласыздар. 

- Аманжол Шәймерденұлы, Астананың астана болуы неден басталды? 

- 90-ы жылдары мемлекетіміз өз дамуындағы қиын кездерді бастан кешіп жатты. Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өзге аймақтарда орналасқан экономикалық-өндірістік байланыстарын үзіп алды. Сондықтан зауыт-фабрикалар жаппай банкрот болды. Адамдар жұмыссыз қалды. Бюджетте әлеуметтік инфраструктураның жыртығын жамайтын қаржы жоқ еді. Осындай қиын тұста Тұңғыш Президентіміз маңызды да жауапкершілігі мол шешім қабылдады. Ал бұл шешімді түгелге дерлік көпшілік түсінбеді, баспасөз бен телеарналарда терістеп те жатты. Бірақ, меніңше, бұл өте орынды шешім болды. Өйткені демографиялық тепе-теңдіктің болмауы елде ұлтаралық қандайда бір оттың шарпылып кетуіне себеп болар ма еді..? Сол тұста Приднестровья, Таулы Қарабақта қақтығыстар боп жатқаны белгілі. Отарлаушы елдің қол астында халқымыздың талай құқай көргені ел есінде ғой: ашаршылық бар, қудалау бар. Осының барлығы елімізде тұрып жатқан ұлттардың өтпелі кезеңде бір-біріне шүйлігуіне әкеп соғар ма еді..? Сондықтан да Тұңғыш Президент те, біз де үкіметте Астананы көшірудің маңыздылығын айтқанда, назарды басқа жаққа аудару үшін тоқсан тоғыз себеп-салдар айттық, бірақ мәселенің түп төркіні сонда болатын. Сол кезде Астанадағы қазақтардың үлесі 17 пайыз болса, қазір 78 пайызға жетті: тепе-теңдік қалпына келді. 

- Қош, Астананы көшіру туралы шешім қабылданды. Ал Астананың бас жоспарын жасауда қандай батыл қадамдар жасалды? 

- Целиноград қара түнек болды. Жарық ара-тұра жалп-жалп етіп сөніп қалатын. Жылу жетпеді, салқын еді. Сол жылы ұлым дүниеге келіп, үйді керосинмен жанатын «газ коптилкасымен» жылытуға тура келді. Одан шыққан түтіннен пәтеріміздің төбесі қара күйе боп қалатын. Осы кезде Елбасымыз әлемнің сәулет өнерінің мықтыларының бірегейі, жапондық Кисе Курокаваның Астананың бас жоспары жобасын мақұлдады. Әуелгіде шетелдік сәулетшінің «симбиоз», «метобализмге» құрылған идеясын көп адам түсінбеді, мен де түсінбедім. Бұл пәлсапаның негізі - қала мен табиғаттың қарама-қайшылығы да емес,  үйлесімі де емес, бел ортасындағы бейбітшілігі еді. Біз табиғатты қорғау, одан әрі дамыту мақсатын тұттық. Мәселен, қала сыртына егілген жасыл белдеу климаттың жұмсаруына көп ықпал етті. Қазір бұрынғыдай қар басу, дауылды борандар азайды. Ал қақ жарып өтіп жатқан өзеннің екі қапталына қаптатып үй салмау бас жоспарда ескерілсе де, бұл күндері алып ғимараттар айнакөлімізге төніп келеді. 

план.jpg

- Жапондық сәулетші Курокаваның жобасы қалай жүзеге асты? 

-  Сонымен, бейнелеп айтсақ,  Курокава бас жоспардың іргетасы мен қаңқасын жасап берді, енді осы қаңыраған бос қуысты толтыру  Астана жобалау ұйымына жүктелген-тін. Әрине, мүйізі қарағайдай сәулетші басқа белдеуде, өзге менталитеттің адамы болғандықтан, дәл бізге не керек екенін дөп басып түсіне алмайтыны анық. Жұқалап отырып түсіндірдім.  Кейін бас жоспардағы  бастапқы идеяны сақтай отырып, кейбір өзгерістерді енгіздік. Мәселен, жапон сәулетшісі бас жоспардың қаңқасының, яғни инженерлік инфраструктурасының ондаған жылдарға дейін мызғымастай қатып қалуын, ал қаланың тіні өзгере беретінін, яғни үйлер мен ғимараттарды қалауымызша сала беруге болатынын айтты. Алайда олай ету мүмкін емес еді. Өйтсек, қала өсе келе инфраструктуралық жүйенің барлығын қайта қопара жасауға тура келер еді. Бұл тұста мен бас жоспардың иілгіш, өзгермелі болғаны дұрыстығын айттым.

Мәселен, бертінде салынған ЭКСПО-ның құрылысын алайық. Ал, бұл дегеніңіз, үлкен бір қалашық қой. Бас жоспарда қаланың қаңқасы мызғымастай болса, инженерлік-инфраструктурамен қамтылуы қиямет-қайым болмай ма? Керісінше “қаланың тінін өз дегендеріңше өсіре беруге болады” дегенге келсек, тағы солай. Территория жағынан қаланы, мейлі тіпті, төрт бағытта өсіре беруге мүмкіндік мол. Дегенмен басқа мүмкіндіктерді ескеру керек қой...

планн.jpg

- Ал сол ел халқы қол созған Астанадан қазақтың исі шықпайды деушілер бар. Дубайға ұқсататушылар да көп. Елордамыздың өзіне тән келбеті бар ма? Бұл мәселе жобалау кезінде ескерілді ме? 

- Құрылыс экономикалық және техникалық мүмкіндіктер негізінде жүзеге асады. Мұндай кезде инвестиция құяр шетелдік құрылыс алпауыттарына қалай жоқ дейсіз? Астананың құрылысы процесі басталғанда әлемнің түкпір-түкпірінен атақты архитекторлар қызығушылық танытып, жобалау жұмыстарына атсалысуға ұсыныс жасады. Құрылыс мекемелері де солай, конкурстық негізде кезекке тұрды. Астананың құрылысы біздің де жобалаушыларымыз бен жүзеге асырушы инженерлердің атсалысуымен жүргізілді. Ал осының бәрін реттеуші - Астана жобалау болатын. Астана Дубайға ұқсап кетті десе, біз, керісінше, қуанамыз. Дубай сияқты салтанатты алып та бай қала болғанын өзіміз де қаладық. Бірақ, тағы да қайталайын, қаражаттың аздығынан көңілдегі көрікті ойлар өз дәрежесінде жүзеге аспады.  Ал Астананың қазақтың бас қаласы екенін көрсету үшін баяғы қошқар мүйіз, киізүйлерді тықпалай берудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Рас, Курокава бұл тарапта абстракті идеясын ұсынған. Яғни, қала ғимараттарын салғанда ұлттық нышанды емеурінмен білдіріп  тұру үшін қазақ тұрмысында көп кездесетін сопақша, жартылау сопақша, конус сияқты шартты белгілерді қолдануды айтты. Алайда, бұл пікірге де өз қосарымыз болды. Шетелдің әлемді мойындатқан, менмін деген сәулетшілерінің қиялы мен шығармашылығына ерік бермей, «олай ет, былай ет» десек, олар қолын бір сілтеп кетіп қалмай ма? Ал ортаңқол сәулетшілерге айтсақ, олар мұның астарын дендеп түсіне алмай, әйтеуір ұлттық нақышты қолдану осы екен деп айқұш-ұйқыш оюлап тастаса не болмақ? Сосын Курокаваға идеясын өзі қолға алып, қадағаласа деген ұсыныс тастадық. Алайда ол денсаулығына байланысты келе алмайтынын айтты. Сөйтіп, біз кәнігі сәулетшілердің қиялдарының шарықтауына тосқауыл қоймадық. Меніңше, Астананың қазақтың елордасы екенін нақты ұлттық нақыштарсыз-ақ, оның ерекше сәулетімен дәлелдеуге болады деп есептеймін. Мысалы, Бразилияның сәулетіне ешкім пәлендей мән бермейтін. Ал сәулетші Оскар Нимейер ел астанасының орталығын жобалағаннан соң, 60-жылдардан кейін жарқ етті. Содан кейін Бразилияны әлем сәулеті арқылы тани бастады. Бірақ онда ешқандай сол ұлтқа тән атрибуттар жоқ еді. 

- Бас қаламыздың сәулетіне жеке өзіңіз қандай үлес қостыңыз? Қай ғимаратта Сіздің қолтаңбаңыз бар?

- Біз Арапбай мен Байғұтты Тортаевтармен бірлесе Жоғары сот ғимаратын жобаладық. Олар компьютерді жақсы меңгерген, мен ескі форматта, жазу-сызуға жақсымын. Сөйтіп, «Жоғары сот ғимараты» қандай болуы керек?» деп кеңестік. Азаматтардың әділет іздеп келетін болған соң оның түсі ақ болуы керек, ал адал төрелік іздеп келген жандардың еңсесін аспанмен астасқан үй  басып тұрмас үшін ғимаратты заңғар биік етпедік. Ішкі құрылысы да осындай мағынаға ие. Меніңше, әр ғимараттың пішіні мен мазмұны астасып жату керек. Сол сияқты көпір құрылысының соавторымын. Оның жобасын қала ішінде кейін де қайталағандар бар. 

сотт.jpg

(Фото: Жоғарғы сот)

-  Астанада қандай ғимарат ұнайды?

- Маған ұнайтын екі сәулетшінің жобасын айтар едім. Бірі, Ырыскелді қажы мешіті, Сағындық Жанболатовтікі. Екіншісі, ел арасында «Атырау көпірі» деп аталып кеткен көпір, бұл жоба Асхат Садуовтікі. Екеуі де халықаралық сыйлықты жеңіп алған. Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Ырыскелді қажы мешітін көргенде таңғалып,  қасындағыларға «дәл осындай мешіт салыңдар» дегені есімде. Бұл мешітте дәстүрлі мешіттерге ұқсайтын ештеңе жоқ, бірақ адамдар мұны «Алланың гүлі» деп атап жүр.

балик.jpg

(Фото: Оңалхан Өнерхан)

- Ескі ғимараттарды сақтаудың маңыздылығы туралы тоқталсаңыз...

- Тарихи және мәдени құндылығы бар ғимараттарды сақтау, әрине, маңызды. Сондықтан да жапон сәулетшісі мен және әріптесім Қайырбек Дүйсебаевтың жасаған «Қаланың тарихи-архитектуралық тірек жоспары» деп аталатын бөлімді толық, еш өзгеріссіз бас жоспарға енгізді. Ескерткіштерді қорғау комитетінің мүшесі ретінде кейін де ескі тарихи үйлерді, құрылыстарды сақтап қалуға тырыстым. Мәселен, Астанада революцияға дейінгі дәуірдегі, Кеңес өкіметіндегі 20-30 жылдардағы кейбір көне ғимараттар - жас ұрпаққа өткен тарих туралы сыр шертер  құнды дүниелер. Саман тастан салынған үйлер, оның ішінде үй мен қораны жалғап тұратын жабық тамбур сияқты жапсармасы бар ескі там мен үшін өте қызықты. Бұрын осының арқасында тұрғындар бораннан сақтанған. Үйдің айналасын қар басып тастағанда адамдар осы терезесі бар, жабық жолмен қорасына барып, малының жем-шөбін беріп, қыстан шығынсыз шыққан. Сол сияқты су мұнарасы, Жастар үйі маңындағы бұрынғы жазбаларды өз қалпында қалдыруға үлесімді қостым деп ойлаймын. Рас, Астанада Нотр-Дам-де-Пари деңгейіндегі көне ғимараттар жоқ, десе де аз ғана ескінің көзі болар тарихи құндылықтарымызды дәріптеу – міндетіміз. 

картике.webp

(Фото: kazislam.kz)

- Елордамыздағы ескертікіштер жөнінде не айтар едіңіз? 

- Жас мемлекетіміздің аяғынан енді тұрып жатқан кезінде келер ұрпақтың рухын көтерер ескерткіштер керек болды. Жоғарыдан тапсырмалар беріле бастады. Бірақ бұл кезде қыруар қаражатпен оңды-солды тұрғызылған ескерткіштер құндылық жөнінде де, сапа жөнінде де сын көтермейді. Олардың бірқатарын алып тастады, әлі қаншасын алу керек. Сондықтан «аз да болса, саз болсын» қағидасымен жұмыс жасаған жөн болар еді. Мысалы, ашаршылықтан қырылғандардың рухына арналған ескерткішті алайық, бір бұрышта елеусіз қалып қойғандай. Іс-шаралар мен жиналыстарда ғана жиналатын жер боп қалды. Ананың қолындағы түйіншектегі баланы қаншама рет ұрлап кетті. Күлеміз-ау, бірақ, ескерткіштерге деген көзқарас осындай. Ал Еревандағы армян мүсіншілері мен  сәулетшілері күшімен салынған қуғын-сүргін құрбандарына арналған монументтерді алайық. Бөлек холл, бөлек құрылыс. Бұл жерге адамдар топ-тобымен барып, гүл шоқтарын қойып, тағзым етіп жатады. Міне, осындай ескерткіштер жетпейді бізге. Мейлі, ескерткіш уақытымен тапсырылмасын, кешіксін, бірақ жас ұрпағымыз бен шетелдік қонақтар бұл қасиетті жерге келгенде тарихымызды көретіндей болуы керек. Сондай-ақ көркемдігімен тамсантып, таңғалдырса – бір ғанибет. 

- Сұхбатымыздың соңғы сауалы: белгілі сәулетші ретінде болашақта Астананың қандай болғанын қалайсыз? 

- Елордамыздағы ғимараттар кәсіби тұрғыда барлық талаптарға жауап беруі керек. Ол үшін қала құрылысын салу кеңестерін қайта оралтқан дұрыс. Кеңес сүзгі сияқты жұмыс жасап, жарамсыз жобаларды жібермей, конкурстарда тек қана самародок алтындар, сәулет өнерінің жарқын үлгілері жеңіп шықса екен деймін. 

Сұхбаттасқан: Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

Все новости