00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

ЮНЕСКО-ға қазақтың Ортеке өнері енді

10.06.2023 | 20:00
67
фото: akorda.kz

Жалпы алғанда, тарихи-мәдени құндылықтарға тұнған байтақ даламыздың жауһарлары осы күндері әлем жұртшылығына есігін айқара ашуы тиіс.

Шын мәнінде ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Озуленің елімізге ат басын бұрып, Түркістанды аралағаны, одан қалды Халықаралық форумға арнайы қатысқаны көңіл аударарлық оқиға болуы тиіс. Себебі, еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері ұлтымыздың алғашқы мәдени құндылығы болып есептелген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі дәл осы БҰҰ жанындағы ЮНЕСКО-ның әлемдік мәдени жауһарларының тізіміне кіргенінен бастау алады. Осы күнге дейін мәдени немесе мәдени емес материалдық туындыларымыз әлемдік құндылықтарға жылдап енуі қыруар ғылыми-қоғамдық жұмысты қажет ететін мемлекеттік саясатты талап етті. 

Астанаға келген Одрэ Озуле ел Президентімен кездескенде, «Бурабай» мен «Марқакөл» қорықтарының биосфералық резерваттардың ғаламдық желісіне қосылып, ЮНЕСКО-ның мәдени мұрасына халқымыздың «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнері материалдық емес тізімге енгенін дәлелдейтін сертификатты табыстауы қалпағымызды шешіп, ұзақ қол шапалақтайтын тірлік болды. Өйткені, бұл ұлтымыздың мәдени һәм рухани құндылықтарымыздың әлемге мерейін үстем ететін қадамдардың бірі. Бұның айналасында еліміздің мәдениет саласының құзырлы министрлігінен бастап, көз майын тауысып қыруар халықаралық деңгейде бюрократиялық талаптар мен еңбектердің басы-қасында жүрген мамандардың есіл еңбегі десек, қателеспейміз.   

Міне, дәл осы бағытта Одрэ Озуле күні кешегі сөздерінде ұлы ойшыл әрі ақын Абайдың қанатты ойларына сүйене отырып, «ақымақтық – білімнің жоқтығы, білімсіз ештеңеге қол жеткізу мүмкін емес» деуі, Ватикан понтифигі Рим папасынан кейінгі Абайға сүйенген әлемдік деңгейдегі екінші адамның аузынан шығуы бізге деген тиянақты назардың аударылғанын аңғартады. Яғни, артынша «біз барлық қызметімізді ғылыми ынтымақтастықтан бастауымыз керек» деп түйіндеуі де бекер емес. 

Бұл жерде айта кету керек, ЮНЕСКО-ны алаңдатып отырған Орталық Азиядағы трансұлттық өзендердің мәселесі. 2021 жылдан бастап мұздықтардың еруіне байланысты тау көлдерінің толып кетуіне дайындалу үшін ғылым арқылы тереңірек түсіну қажеттігін айтты. Бұл маңызды ғылыми ынтымақтастықтың белгісі. 

Аталған кездесуде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің ЮНЕСКО-мен қарым-қатынастарын тереңдете беруіне, климаттық өзгеру, биоәртүрілік, су ресурстарында біріккен жобаларды күшейте беретіндігін жеткізді және алғашқы қадамдардың көрсеткіші ретінде Алматыда орналасқан ЮНЕСКО Бюросының Аймақтық көпсекторлық кеңсесі болып жасақталатынын атап өтті. Сонымен қатар ЮНЕСКО басшысының Түркістанға барып, Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен жете танысып шығуы біз үшін үлкен құрмет әрі мәртебе екенін де тілге тиек етті. Айтпақшы, осы Түркістан сапарында мәртебелі мейманды бірге алып жүрген Мемлекеттік кеңесші Ерлан Карин мырза Одрэ Озулеге Түркістан өлкесі,  Қожа Ахмет Яссауи кесенесі жайлы, меніңше, жалпы қазақтың топырағындағы бай мәдениетті кеңінен таныстырғанына күмәнім жоқ. 

Жалпы алғанда, тарихи-мәдени құндылықтарға тұнған байтақ даламыздың жауһарлары осы күндері әлем жұртшылығына есігін айқара ашуы тиіс. Бұл жолда ЮНЕСКО-ның берер мүмкіндігі зор. Әсіресе, ұлт болып қалыптасуда мәдени кодтардың халықаралық бекітілуі, еліміздің рухани идеологиясына, экономикалық һәм экотуризмдік бағытта, әлем жұртшылығымен мәдени байланыста тілдескенде маңызды болатын қарекеттер. Мемлекет осы бағытта елеулі саясатын жүргізіп жатқанына шүбә келтірмейміз.

                                                                       Мақсат ЖАҚАУ, саясаттанушы

Барлық жаңалықтар