00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

TikTok қазақ мәдениетін бүкіл әлемге насихаттау құралы бола алады – Такуя Ямагучи

16.06.2023 | 13:30
61
Фото: дереккөз

Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов TikTok платформасының өкілдерімен кездесті. Құрамында компанияның өңірлік басшылары мен менеджерлері бар шетелдік делегацияны TikTok-тың билік органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президенті Такуя Ямагучи бастап келді, деп хабарлады Elorda.info ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар қазақ тіліндегі контентті дамыту және қазақстандық спортты, мәдениет пен туризмді ілгерілету мақсатында екіжақты ынтымақтастықты талқылады.

Асхат Оралов платформаның біздің елімізде тез таныла бастағанын, алаңның қазақ тіліндегі контентті танымал етудегі рөлі жайлы айтты. Мысал ретінде министрліктің TikTok-пен бірлесіп жүзеге асырған жобаларды келтірді.

Біз үшін мемлекеттік тілде мәдениет, спорт және туризм бөлігінде контент дайындау басым бағыт саналады. Мен, әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы ретінде, ақпаратты жеткізу үшін әртүрлі құралдарды қолдану қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Instagram, Facebook әлеуметтік желілеріндегі парақшаларымды өзім жүргіземін, сонымен қатар жақында Telegram-да канал аштым. Бұл ақпаратты жедел жеткізуге және уақыт көшіне ілесіп отыруға мүмкіндік береді. TikTok Қазақстанда тез танылды. Еліміздегі миллиондаған адам осы әлеуметтік желіде, соның ішінде қазақ тілінде видеороликтерді қарап, жобалар жасап, аккаунттарын жүргізіп отыр. Біз өз тарапымыздан кітаптар, фильмдер, спектакльдер және т.б. болсын, қазақтілді контенттің үлесін арттыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді Асхат Оралов.

Қонақтар өз кезегінде Қазақстанның мол әлеуетін атап өтіп, алдағы жоспарлары туралы айтып берді.

Біз басқа елдердегі министрліктермен өзара іс-қимыл жасаймыз және Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің ашықтығына қуаныштымыз, алдағы уақытта министрліктің жұмысын көрсетуге, аудиторияны жобаларға тартуға дайынбыз. Бізге қазақстандық нарық өте тартымды және қазақ тіліндегі контентті қолдаймыз. TikTok - қазақ мәдениетін бүкіл әлемге насихаттау құралы бола алады. Контент қаралымы көбіне ел халқының санынан асып түседі, ал қазақстандық авторлардың миллиардтаған аудиторияға шығу мүмкіндігі бар. Сондықтан біз ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Атап айтқанда, мысалы, жазда #кітапток челленджінің екінші толқынын іске қосуға болады. Сондай-ақ біз контент өндіруге арналған тренингтерді өткізуге дайынбыз,- деді TikTok-тың билік органдарымен өзара іс-қимыл жөніндегі вице-президенті Такуя Ямагучи.

Естеріңізге сала кетейік, МСМ мен TikTok баспасөз қызметі бірнеше бірлескен жобаны жүзеге асырды. Атап айтқанда, #Наурыз2023 онлайн-фестивалі аясында видеороликтер 200 млн-ға жуық қаралым жинады, ал #BookTok жалпы әлемдік тренді аясында #кітапток акциясы – 40 млн мәрте қаралды.

Өткен жылы «Kazakh Tourism ҰК» АҚ және TikTok кәсіби гидтерден тікелей эфирде виртуалды экскурсиялар сериясынан басталған #TravelKazakhstan жобасын іске қосты. Қазір осы хэштег бойынша роликтер 23,1 миллион қаралым жинап отыр.

Барлық жаңалықтар