00:00
Астана -10oC
USD:
442.05
EUR:
474.14
RUB:
4.74
Іздеу

Елордада Astana Ballet Gala концерті өтті

17.07.2023 | 13:30
46
Фото: «Астана Балет» театрынан

«Астана Балет» театрында елорданың мәдени өмірінің тынысын ашатын Astana Ballet Gala концерті өтті. Театрдың 10 жылдық тарихында сахналанған үздік қойылымдардың үзінділерінен құралған бағдарлама көпшілікті ерекше таңқалдырды, деп хабарлады Elorda.info.

Біздің театрымыз – Қазақстан өнерінің дамуына үлесін қосып жүрген дарынды әртістердің, хореографтардың, ұстаздардың өз көркем ойларын жүзеге асыратын киелі ордасы. Басты мақсат – көпшіліктің көңілінен шығатын бағдарламаны паш ету. Мұнда, әсіресе, балет өнеріне, классикалық керемет музыкаға құштарлығыңыз артып, әртістеріміздің талантына шын куә бола аласыз. Біз театрды жақсы көретін өнерсүйер қауымның көкейінен шығу үшін әр детальге мұқият көңіл аударамыз, - деді театр директоры Александр Совостьянов.

Мерекелік кеш бағдарламасы аясында «Астана Балет» театрының үздік қойылымдарынан, атап айтқанда: «Корсар», «Спартак», «Кармен-сюита», «Махаббат туралы аңыз» және тағы басқа айтулы классикалық және неоклассикалық спектакльдерінен; бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Diversity», «Love Fear Loss», «A Fuego Lento» туындыларынан; авторлық және ұлттық балеттерден үзінділер көріп; сонымен қатар, «Шығыс рапсодиясы» және «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар қойылды. Бұған қоса, маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің орындауындағы тамаша композициялар орындалды.

Театрымыздың тарихы – соңғы он жылдағы отандық хореография өнерінің даму жылнамасы. Мерейтойлық Astana Ballet Gala бағдарламасы театрымыз үшін маңызы орасан бағдарлама. Себебі, бұл біздің бірегей, әрі әсем шығармашылығымыздың жарқын үлгісі. Осы он жыл ішінде сахналанған үздік туындыларымыздан үзінділер көрсетіп, көрерменге ұмытылмас эмоция сыйлағымыз келді, – дейді хореограф Айгүл Тәти.

Astana Ballet Gala – орындаушылық техника мен жоғары мәртебелі музыка үйлесім тапқан ерекше кеш, нағыз өнер туындысы болды. Залда ине шаншар орын болмай, салтанатты іс-шара аншлагпен өтті. Сұлу өнерді, әуезді музыканы тамсана тыңдаған көпшілік ризашылығын дүркін-дүркін қол шапалақтаумен шынайы білдіріп отырды. 

Айта кетейік, іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар