00:00
Астана -10oC
USD:
447.4
EUR:
477.55
RUB:
4.76
Іздеу

Елімізде алғаш рет «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы өткізілді

14.03.2024 | 14:00
39

«Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы Наурыз мерекесіне жаңа мазмұн беріп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған. Ұлыстың ұлы күнін жаңаша атап өтуге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та үнемі айтып келеді. 

Жоба бастамашысы – «Alatau Aqparat» медиахолдингі. 

Негізгі мақсатымыз – Әз-Наурызды әсіресе, балалар асыға күтетін басты мерекеге айналдыру. Ұлыстың ұлы күнін айрықша атап өтуде жаңа құндылықтар мен дәстүр қалыптастыруға өз үлесімізді қосқымыз келеді, – дейді медиахолдинг бас директоры Ержан Қалымбайұлы.

балала.jpg

Алматы облыстық №1 балалар үйіне ұлттық киімдегі қолында аса таяғы бар Қыдыр ата немересімен бірге атпен барды. Ол балаларға Наурыз батасын беріп, «Тарту» қоржындарын үлестірді. Балалар да өз өнерлерін көрсетті. Ұйымдастырушылар Қыдыр Атаның немересін – Бақ-бала («Бақ қарасын, Қыдыр дарысын» деген мағынада) деп атауды жөн көрген.

Этнограф Болат Бопайұлының сөзінше, Наурызды жаңаша дәріптеуде балаларға ерекше көңіл бөлінуі керек. Қыдыр атаның немересімен жүруі ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық тәрбиенің мәнін көрсетеді. Қазақ ұғымында атасы ұл немерелерін, ал әжелер қыз немерелерін тәрбиелеген. Сондықтан Қыдыр Ата мен Бақ-баланы Наурыздың балалар асыға күтетін басты кейіпкерлеріне айналдыру керек.     

тарту.jpg

Ұлттық нақышта безендіріліп киіз үй пішінінде тігілген балаларға арналған «Тарту» қоржындарының ішіне Қазақстанның әр өңірінен жеткізілген (батыс, шығыс, оңтүстік, солтүстік) дәмдер салынған. Олардың саны жетеу (киелі сан): шұбат, қымыз, құрт, ірімшік, жент, бауырсақ, талқан, сондай-ақ рухани азық – кітап пен Алматының алмасы, Алтайдың балы, ұлттық кәдесыйлар мен ойыншықтар бар. Кітаптардың сыйлық құрамында болуы – жастарды білім-ғылымға шақырады. 

Қоржындардағы табиғи әрі түрлі дәрумендерге бай ұлттық тағамдар балаларды салауатты тамақтануға бастайды. Сондай-ақ, жоба ұлттық тағам түрлері мен қолөнер бұйымдарын насихаттап, сала кәсіпкерлерін қолдауға жақсы мүмкіндік. Наурызда жастар үлкендерге арнайы барып сәлем беріп, құрмет көрсетіп батасын алған. Ұлттық жобаны ұйымдастырушылар да Асанәлі Әшімов, Асылы Осман, Төрегелді Шарманов пен Қарлығаш Әбдікәрімова сынды ел ағаларына, қоғам қайраткерлеріне сондай-ақ қарапайым еңбек адамдарына да сәлем бере барды. Оларға Наурыз қоржыны тарту етіліп, құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды. Үлкендерге берілген «Сыбаға» қоржынына жеті дәмнің сыртында жылы-жұмсақ: сүрленген қазы-қарта, жал-жая мен жамбас салынған.   

асыл.jpg

Наурыз қоржын берілгендер арасында қарапайым көше сыпырушы,  «Алтын алқа» иегері мен ерекше баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ана да бар. 

Алғаш рет ұйымдастырылған ұлттық жобаның басты демеушілері: «Asiakoz» түрік көз клиникасы, «Ерке-Нұр», «Әдемі-Ай» мен «Адал Ас» сынды танымал компаниялар. Сондай-ақ, еліміздің барлық өңірінен «Zhent_chocolate», «Aqtobe damderi», «Sharman», «Asatu», «Астана-Өнім» АҚ, «Мёд Восточный», «Айқан» ЖШС сынды ұлттық тағамдар, киімдер мен бұйымдар шығаратын компаниялар, сауда маркалары және «Steppe&World Publishing» баспа үйі атсалысып, демеушілік танытты. Қазақ тағамтану академиясы, Қазақ мемлекеттік Циркі мен ұлттық тағамтанушы Саяхат Әсімхан да жобаға өз үлестерін қосты.  Ұйымдастырушылар «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасын алдағы жылдары 14 наурыздан бастап айдың соңына дейін тұтас республика көлемінде өткізуді жоспарлап отыр.

құрт.jpg

Барлық жаңалықтар