00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

«Дәстүр» фильмі: Қоғамды сілкінтті ме әлде күрсінтті ме?

17.01.2024 | 05:30
77
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Таяуда ғана Қуаныш Бейсековтың режиссерлығымен «Дәстүр» фильмі жарыққа шығып, кассалық жинақ бойынша отандық кинолар арасында рекорд орнатты. Аз уақыттың ішінде көрерменнің ыстық ықыласына бөленген туынды  қоғамда  қызу талқылауға  түсіп, резонанс тудырды. Тың жанрда бой көрсеткен фильмнің бас кейіпкері Нұрай Жеткерген де өз образы арқылы қоғамдық пікірді екіге жарды деп айтуға болады. Өзі түскен туындыға қатысты және кино саласындағы алғашқы қадамы жөнінде актриса Elorda.info  сайтына шағын сұқбат берді. 

 Алғашқы сауал, көпшілік сізді «Дәстүр» фильмі  арқылы  ғана енді танып жатыр. Өзіңіз туралы қысқаша айта кетсеңіз?

Мен, Алматы облысының тумасымын. Жасым 18-де. Қазіргі  таңда Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы колледжінде музыкалық театр актрисасы мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Биыл  оқуымды аяқтаймын. 

диана 1.jpg

«Дәстүр» басты рольде ойнаған алғашқы фильміңіз бе?

Жоқ, кино саласына алғаш 12 жасымда аяқ бастым. Алғашқы рөлімді отандық «Туған жер» атты сериалда сомдап шықтым. Одан соң, 2020 жылы Қуаныш Бейсековтың «Шоқан» қысқаметражды фильмінде  Айша образын сахналадым. Кино саласынан бөлек,  Мирас Жүгінісов пен көпшілікке «Mona Songz» лақап атымен танымал Манарбек Жұматайдың «Елестетем» атты бейнебаянына түскенмін. Ал, «Дәстүр» толықметражды кино әлеміндегі алғашқы қадамым.

диана2.jpg

Өзіңізге берілген кейіпкер образын толыққанды аша алдым деп ойлайсыз ба, әлде  «әттеген-ай» деген тұстарыңыз болды ма?

Актриса болған соң, қандай рөлді сомдасам да бар жанымды саламын.  Сондықтан, өзіме бекітілген Диана образын аша алдым деп ойлаймын.  Бағасын көрермен қауым бере жатар.  

Түсірілім барысында өзіңізге қиынға соққан, психологиялық дайындықты қажет ететін эпизодттар болды ма?

Әрине, мен үшін әр сахна психологиялық дайындықты қажет етті.  Моральдық тұрғыда бұл персонажды қабылдау қиынға соқты. Түсірілім барысында түрлі қиындықтармен күрестім. Қорқынышты эпизодттарды  түсіру барысында міндетті түрде алдын ала дайындалдым. Аталмыш сахналарды сомдап болған соң, таңның атуын күтіп, күн шыққанда бірақ ұйықтайтынмын.

Фильм туралы көрермен пікірі екі тарапқа бөлінді. Қоғам тарапынан фильмде дінді көбірек насихаттап жберді деген де  пікірлер айтылды, бұл туралы не айтасыз?

Фильмнің айтар ойы дінді насихаттау емес, қоғамдағы болып жатқан өзекті мәселелерді көрсету, солармен күресу. Сол себепті бұл пікірлермен келіспеймін.

диана 3.jpg

«Дәстүр»  фильмінен кейін басқа да режиссерлардан шақыртулар түсті ме?

Бұл сұрағыңызға жауап бере алмаймын. Мүмкін болса әзірге құпия болып қала берсінші. 

Жалпы туынды көрерменге не бере алды? Нақтырақ айтсақ не айтқысы келді деп ойлайсыз?

Туындымызда  зорлық-зомбылық, дін, тәрбие, жастар арасындағы әлімжеттік сынды көптеген өзекті мәселелер қозғалды. Сондай-ақ қоғамдағы отбасылық институттың әлсіреген тұсын көрсететін  тіршіліктегі трагедиялық эпизодттар да  сахналанды. Мәселен, кино кадрларының бірінде  Диананың теріс бата беруі көрсетіледі. Бұл көрерменге  «Адамның қарғысынан сақтан» деген терең ой салады. 

Дәл осы эпизод көрерменді  күрсінтті. Жалпы туындыдан керекті дүниені алу – көрерменнің ықтиярындағы дүние.

Әңгімеңізге рақмет! 

Сұқбаттасқан, Дариға Құрманалы

Барлық жаңалықтар