00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Бұл әртістердің отбасылық құндылықтар туралы манифесті – режиссер

12.12.2023 | 15:00
98

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында «Қоштасқым келмейді...» музыкалық драмасының премьерасы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

«Қоштасқым келмейді» әйгілі орыс драматургы А.М.Володиннің терең психологизмге құрылған классикалық туындысы. Мұнда ерлі-зайыптылардың өмірі және олардың күрделі қарым-қатынасы баяндалады. Бастапқыда фильм ретінде түсіріліп, кейін киносценарий пьесаға айналып, көптеген елдердің театр сахнасында көрсетілген. Көрермендердің көптігі жағынан рекордтық көрсеткішке жеткен туынды. 

А.Володиннің шығармасын қазақшаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров аударды. 

222.PNG

Кеңес одағы кезінде отбасылық жатақханалар көп болды. Осы жатақханада тұрып жатқан отбасыларының көбі түрлі себептерге байланысты ажырасып жататын еді. Володин кеңестік идеология бүркемелеген шындықты осы шығармасы арқылы жеткізген. Ресейдегі театр өнері академиясынан елге оралған соң 2014 жылы студенттеріммен бірге дипломдық жұмыс ретінде «Қоштасқым келмейдіні» сахналадым. Одан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында қойдым. Енді Музыкалық жас көрермен театры әртістерінің сұрауы бойынша сахналанып отыр. Театр әртістері ажырасу қоғамда үрдіске айналып бара жатқандықтан, осы шығарма арқылы көрерменге ой салғысы келді. Бұл спектакльге қатысатын әртістердің отбасылық құндылықтар туралы манифесті, азаматтық ұстанымы деуге болады, - деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. 

Спектакльде бір біріне ұқсамайтын қиыл тағдыры бар, әлеуметтік мәртебесі, өмірге көзқарасы сан алуан, алайда түсініспеушілік салдарынан ажырасуға келген 8 отбасының өмірі қатар өріледі. Сотқа жүгінген ең жас отбасының құрылғанына бір-ақ ай толған, ең «тәжірибелісі» 20 жыл бір шаңырақ астында тұрып келе жатқан отбасы. Ерлі-зайыптыларды тыңдаған судья олардың некесін бұзуға жол бермеу үшін барын салады. Себебі, бірін-бірі кінәлауға, айыптауға, қаралауға дағдыланған ерлі-зайыптылардың өзімшілдігі, менмендігі, тәкаппарлығы – бірін-бірі тануға, тыңдауға, түсінуге кедергі. 

Пьесадағы характерлер қақтығысы, бітпейтін конфликтілер әр түрлі мінез-құлық ерекшеліктерін көрсетеді. Әрбір кейіпкер жеке танымын, өз ұстанымын алға тартады. Әр адам – жеке әлем десек те, отбасы деген ұлы құндылықты құрайтын жеке адамдардың ынтымағы мен ыстық сезімі, шексіз махаббатты екенін түсінесіз.

Шығармашылық ұжымның жас буыны сахналаған спектакль қарапайымдылық - күрделі мәселелердің кілті деген философиялық ойға жетелейді.

IMG_4439.jpeg

Спектакльге қатысқан 70 актер сахналық көріністен кейін шығып кетпейді. Олар сахнада қалып, көрерменге қарсы беттен спектакльді тамашалайды.  Бұл тек өнер сүйер қауымға емес, әртістердің өзіне де ой салу үшін, отбасыларында болып жатқан жағдайды сырттай бақылау үшін қолданылған әдіс. Режиссердің айтуынша біздің қоғам үшін мұндай шығармалар аса қажет. 

«Гауһартастан кейін отбасылық құндылықтарды насихаттайтын қойылымдарды көбірек қою керектігін ұқтық. Өйткені кез келген отбасының тағдыры өз қолында. Жұбайлар бірін бірі түсінісуі керек, бірі-бірі аялай білуі керек. Отбасының төрінде салтанат құратын махаббат, мейірім,  достық, сияқты шынайы сезімдерді біз өз спектаклге арқау еттік, - деді Асхат Маемиров.

Барлық жаңалықтар