00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Астаналық театрда 3 жылда 14 жұп шаңырақ көтерген

05.03.2024 | 06:15
125
Коллаж: Елтай Нұрғазин

Әдетте адамдар өмірінің жартысын жұмыста өткізетіндіктен, қызмет орнын екінші үйіне, ал ұжымдастарын екінші отбасына балап жатады. Елордадағы музыкалық жас көрермен театры - нағыз осы теңеуге лайық ұжым. Өйткені бұл театр тура мағынасында да бақытты шаңыраққа айналған. Қазір осы ордадағы 14 отбасылық жұп өнерде де, өмірде де қос аққудай қатар жүзіп жүр. Elorda.info тілшісі солардың бірнешеуінің махаббат тарихымен, жанұялық дастанымен танысты. 

Астанада 2020 жылы ашылған музыкалық жас көрермен театрының іргесін актерлар бірге қаласты. Көп ұзамай өнер ордасы  ерекше театрға айналып үлгерді. Театрдың әртістері бір-біріне үйленіп, үй болуды үрдіске айналдырды. Сөйтіп, небәрі үш жылдың ішінде 14 жұп шаңырақ көтерді. 

Солардың бірі – театр актері Саламат Мұқашевтің отбасы. «Ромео мен Джульеттада» Ромеоны,  «Қыз Жібекте» Төлегенді, «Шәмші» мюзиклінде Шәмшінің рөлін ойнаған актердің жары Айдана Еңгебай да – өнер адамы. Екі жас 2020 жылы шаңырақ көтерді, сол жылы Астана музыкалық жас көрермен театры да ашылған еді. 

Біз театр ашылғанға дейін үйленіп, отбасылы болғанбыз. 2020 жылы карантинде үйлендік. Өйткені мен Ақтөбенің жігітімін, ол Алматының қызы. Жиі жүздесіп тұру мүмкін болмай қалды. Бұдан бұрын «бір жылдан соң отау құрармыз» деп жоспарлағанмен, «осы қыздан айырылып қалмай тұрғанда дереу үйленейін» деген шешім қабылдадым. Сөйтіп, екеуміз екі жақта, той мәселесін ұялы телефон арқылы ақылдасып жүрдік. Бірақ Алматыға барып ұсыныс жасау, қалыңдық көйлегін алу сияқты той қамы ретімен шешіліп жатты. Сәтін салған күні Айдананы ауылға ұзатып әкелдік. Отбасымыз, ең жақын ағайын-тума, дос-құрбымыздың басын қосып, жасырын шағын той жасадық. Міне, сол жылы театрымыз ашылды. Ұстазымыз, театрдың директоры Асхат Маемиров жұмыс бойынша ұсыныс тастады. Сөйтіп, үйленгенімізге бір ай ғана уақыт болса да, әке-шешеміздің  батасын алып, Астанаға келдік. Екеумізді бірге жұмысқа алды. Содан бері жұмыста да, үйде де жұбымыз жазылмай келеді, - дейді актер. 

отбасыыыы.jpg

Саламат Мұқашевтің айтуынша, жолдасы актриса емес, суретші болғандықтан, сахнада жұптық рөлдерді ойнамаған. «Бірақ, отбасылық өмірімізге қоса бір ұжымда жұмыс істегесін, мұңымыз да, сырымыз да бір», - дейді ол. 

Екеуміз де - Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының түлектеріміз. Ол сурет мектебінде оқыған, колледжде жүргенде мультфильмдер салатын. Одан кейінгі бакалаврда кино және телевидение режиссурасында оқыды. Магистратурада осы саланы жалғастырды. Мен болсам, магистратурада бұқаралық қойылымдар мен шоу режиссері деген мамандықты оқып бітірдім. Театрда мен актер болсам, жұбайым суретші-безендіруші бөлімінде қызмет істейді. Екеуміз де өнер адамы болғандықтан, көзқарасымыз, бағытымыз бір арнада тоғысқан соң, бір-бірімізді айтқызбай түсінеміз, - дейді ол.

Кейіпкеріміздің айтуынша, екеуі магистратураға емтихан тестін тапсыру кезінде танысқан. Сол сәтте-ақ жастардың арасында көзге көрінбейтін нәзік байланыс орнапты. 

Болашақ жарыммен танысуымның өзі қызық болды. Біздер 2019 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында магистратураға емтихан тапсырған болатынбыз. Емтихан залында барлық ЖОО студенттері болды. Қасыма әп-әдемі, көзі тостағандай қыз келіп отырды. Бір көргеннен ұнаттым. Мемлекеттік тестті тапсырып отырып екеуміз таныстық. «Ұйғыр емессің бе?» дедім ерекшелеу келбетіне қарап. «Жоқ, қазақпын» деді ол. Ол маған ағылшыннан көмектесіп, екеуміз бірге тест сұрақтарына жауап бердік. Сол жолы магистратураға грантқа түсіп кеттік.  Бірақ сол кезде телефон нөмірін алып қалмаппын. Кейін деканатта жұмыс істейтін досыма «Айдана деген қызды тауып бер» қолқа салдым. Ол «Жүргеновте қаншама Айдана бар, оны қалай табамын, өзімнің қағаздарым бастан асады» деп бір бұрқылдап алса да, қызды тауып берді,- деп еске алды Саламат. 

Олардың отбасылық өмірге аяқ басқанына биыл 4-ші жыл. Ерлі-зайыпты өнер иелерінің екі ұлы бар. Олар тіпті, гастрольдерге де балаларымен бірге шығады. Айтуларынша, спектакль кезінде кімнің қолы бос, бала соның қолында жүреді екен. Бір қызығы,  әр жаңа маусымның ашылуы мен жабылуында осындағы отбасылық жұптар ұл-қыздарына тұсаукесер рәсімін жасап, өнер саңлақтарының батасын алу дәстүрге айналған.  Мәселен, Саламат пен Айдана ұлдары Әлиханның тұсауын қоңыр үнді әнші Нұрлан Өнербаевқа кестірген. Сондай-ақ қазақтың мақтаныштары, актер Асанәлі Әшімов, әнші Димаш Құдайберген де сахна төрінде қазақтың салт-дәстүрімен театр балаларының тұсауын кескен. 

Мұқашевтар отбасының алда жоспарлары көп. Отағасы бұдан кейін де хас талантты шабыттандыратын шоқтығы биік рөлдерді сомдауды мақсат тұтады. 

данааа.jpg

Театрдағы келесі жұп – Болатовтар отбасы. Олар да 14 отбасылық жұп жұмыс істейтін театрда бірге қызмет ететіндерін мақтан тұтады. «Екінің бірінің жұмысында мұндай бола бермейді ғой, біз осымен ерекшеленеміз» дейді өнер табыстырған жұптар. Ал бұл жұптың ерекшелігі актер – Азамат Болаттың жұбайы Дана Верещак – украин қызы. Бірақ бұл олардың шаңырақ құруына мүлдем кедергі болмаған. Дана болса, қазақ тілінде сайрап тұр. 

Мен Павлодар облысы, Баянауыл ауылында дүниеге келсем, күйеуім Азамат Алматы қаласында туған. Екеуміздің таныстығымыз 2016 жылы Астана қаласындағы «Шабыт» қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүргенде басталды. Бұл менің 2-курсқа көшкен кезім, ал Азамат 1-курсқа енді түсіп жатыр еді. Бірақ оның жасы менен бір жас үлкен. Сөйлесе келе сезім ояна бастады. Сол жылдың қараша айында қыз бен жігіт ретінде қол ұстасып жүре бастадық. Үйленетінімізді екеуміз де бірден сезген секілдіміз. Сөйтіп, 5 жылдан соң отау көтердік. Екеуміздің ұлтымыз екі түрлі болғанмен, бұл біздің үйленуімізге кедергі болған жоқ. Ата-анамыз ризашылығын берді. Қазір София атты қызымыз бар, - дейді Дана Верещак. 

Дананың айтуынша, екеуінің де мамандығы актриса болғанмен, сахнада күйеуі Азаматпен серіктес болып рөл ойнамаған. Дегенмен театрдағы басқа отбасылық жұптар басты рөлдерді тамаша сомдап жүргенін айтты. Мысалы, Оразалы Игілік пен Инабат Ризабекова «Қыз-Жібек» этно-фольклорлық мюзиклінде басты рөлде ойнап, көреременін шын сендірген. Өйткені өздері де бір-біріне ғашық еді. Олар үйленбес бұрын сахнадағы екеуінің арасындағы ұшқынды ұғып қойған марқұм «Қыз Жібек» фильмінде Төлеген рөлін сомдаған Құман Тастанбеков театр басшысы Асхат Маемиовке осыны айтқан. «Жігіт бұл қызға өмірде де ғашық, мен оны оның көзінен көрдім. Өйткені мен де кезінде Жібектің рөлін ойнаған Меруерт апаларыңызға осылай ғашық едім» депті актер. Міне, олар ойнаған рөлдердің шынайы шығуы содан болар. 

Ал біз спектакльде серіктес болып ойнамасақ та, бір театрда жұмыс істегеннің жақсы жағы өте көп. Рөлге дайындалған кезде үйге келіп, бір-бірімізге көмектесеміз. Одан қалса, сахна тілі болсын, әннен болсын, бір-бірімізді тыңдап, бағыттап отырамыз. Алайда біздің мамандығымыз әртіс болғанымен, өмірде рөл ойнамаймыз. Рас, арасында әзілмен бір-бірімізді қағытатынымыз бар, дегенмен актер тек сахнада ғана актер болуы керек. Ал жұбайлық өмірде шынайылықтан асқан не бар? – дейді кейіпкеріміз. 

Азамат пен Дана - театрдың негізін қалаушылардың бірі. Олар осы өнер ұжымында 2020 жылы алғаш ашылған уақыттан бастап жұмыс істейді. Актерлар алдағы уақытта тек театрмен шектеліп қалмай, кино саласында да бақ сынап көруді жоспарлап жүр екен. 

Саламат пен Айдана, Азамат пен Данадан басқа театрда барлығы, жоғарыда айтқанымыздай, 14 жұп бар. Олардың айтуынша, театр табыстырған жұптар мұнымен шектелмек емес, өнер ұжымының директорынан алдынан тағы 4-5 жұп өтіп, алдағы той күндерінің жақын екенін айтып, жақсы жаңалықтарымен бөліскен көрінеді. 

Ал театр басшысы жастардың бұл бастамаларын қуана қолдайтындығын айтады.  Өйткені басшы театрдың атмосферасы отбасындағыдай жылы қарым-қатынас, сенімді серіктестік, тонның ішкі бауындай татулыққа толы болғанын қалайды. «Менің мақсатым – елордадағы музыкалық жас көрермен театрын «театр-шаңыраққа» айналдыру» дейді жас актерлердің өнер мен өмірдегі ұстазына айналған Асхат Маемиров.

Иә, «Гауһартас», «Шәмші» мюзиклі, «Қыз Жібек», «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы, «Күн астындағы Күнекей қыз» музыкалық ертегісі, «CHANEL №5»  деректі драмасы, «Махаббат бар ма?» лирикалық комедиялары аншлаг жинап, көрерменнің үздіксіз ықыласына бөленіп келе жатқан театрдың сәтті жұмысының бір сыры осында болса керек! 

Сұхбаттасқан: Салтанат МҰРАТҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар