00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

«Астана Опера» солистері беделді байқаудың жүлделі орындарына ие болды

01.12.2023 | 07:30
62
фото: Астана-Опера

«Астана Опера» опера труппасының жас солистері Грузияда беделді вокал байқауының марапаттарын иеленді, деп хабарлады Elorda.info. 

Дінмұхамед Көшкінбаев Opera Crown Tbilisi халықаралық вокалистер байқауында үшінші орын алды, сондай-ақ арнайы жүлде – Будапештегі концерт пен З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының қойылымына қатысу мүмкіндігіне ие болды. Тағы бір арнайы сыйлық Әлихан Зейноллаға берілді. 

Екі әнші де – ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының түлектері. Елордалық театр солисі Дінмұхамед Көшкінбаев «Культура» телеарнасындағы «Большая опера» телевизиялық жобасына ойдағыдай қатысуда. 

 Мен Opera Crown байқауы жайлы бір ай бұрын естіп, өтінім жолдадым және өнер көрсетуімнен бейнежазба түсіріп алдым, – деді Дінмұхамед Көшкінбаев. – Репертуар таңдауға ұстазым Анатолий Гусев көмектесті. Байқау үш турдан тұрды. Біріншісінде мен Дж.Вердидің «Дон Карлос» операсынан Родригоның ариясы мен П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Онегиннің ариясын орындадым. Екінші айналымға Г.Доницеттидің «Лючия ди Ламмермур» операсынан Генрих Аштонның «Cruda funesta smania…» ариясы мен С.Рахманиновтың аттас операсынан Алеконың каватинасын дайындадым.

Финалда вокалист У.Джорданоның «Андре Шенье» операсынан Жерардың «Nemico della Patria» ариясы мен П.Чайковскийдің «Иоланта» операсынан Эбн-Хакиа ариясын орындап, байқауда жүлделі орынға қол жеткізді. 

Тағы бір арнайы жүлде иегері, елордалық театр солисі Әлихан Зейнолланың сөзіне қарағанда, Грузиядағы Opera Crown байқауының кезеңдері оңай болмаған.

Байқауға қатысуға Грузия, Оңтүстік Корея, Молдова, Германия, АҚШ, Иран тәрізді 20 мемлекеттен 43 жас әнші іріктеп алынды. Алғашқы екі айналымда біз рояльдің сүйемелдеуімен екі ариядан орындадық. Финалда қатысушылардың өнерін Тбилиси театрының оркестрі сүйемелдеді, – деді Әлихан Зейнолла. 

Әлихан Зейноллаға тағайындалған арнайы жүлде З.Палиашвили атындағы Тбилиси мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» спектаклінде граф Альмавива партиясын орындауға жолдама. 

Барлық жаңалықтар