00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

«Астана Опера» сахнасында камералық музыка кеші өтті

29.12.2023 | 14:00
49
Фото: дереккөз

 Музыканың адам өміріне жақсы жағынан әсер ететіні сөзсіз. Әсіресе, бүкіл адамзаттың ортақ құндылығына айналған сиқырлы скрипканың үні кім-кімді ғажайып әлемге шақырғандай. Ол Бағдат Әбілхановтай мықты маэстроның орындауында берілсе, нағыз таңғажайыптың өзі деуге болады.

«Астана Операның» Камералық зал сахнасында театрдың камералық оркестрінің орындауында, дирижер – Айдар Әбжахановтың жетекшілігінде асқақ өнерді бағалайтын жандардың назарына Антонио Вивальди мен Астор Пьяццолланың "Жыл мезгілдеріне" арналған «Көктем", "Жаз", "Күз", "Қыс"   әйгілі шығармаларын ұсынды. Солист – оркестр концертмейстері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов. Концерт бағдарламасы  "Камералық музыка кеші" деп аталды.

Жаңа жылда шырқалған музыка, сазды скрипкадан төгілген әуен адам өмірінің барлық кезеңін қамтитын мағыналы шақтарды көз алдыңа әкеледі. Адамның қуанғаны, жылағаны, шарықтап асқақтаған сәттері музыка арқылы сәтті жеткізіледі. Жаңа жылдан адамзаттың күтері көп, үмітін сенімге жалғап, сиқырлы кеш бәрін жақсылыққа бұрардай ынтығып армандайды, алға ұмтылады.

багдат 2.jpg

Бір сұхбатында қазақстандық танымал скрипкашы Б.Әбілханов Бетховен мен Моцарттың шығармашылығына терең бойлау арманым деп айтқан екен. Шынында да әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген музыкант үшін өзін-өзі ары қарай жетілдіру маңызды. Жетістіктермен ғана тоқтап қалуға болмайды, әсіресе, атақты Моцарттың шығармалары ерекше дейді ол. Моцартты зерттеп жүрген мамандар оны сынақ тапсырар алдында, шығармашылық шабыт талап еткен кезде, жауабы жоқ шешімдерді ойлаған кезде тыңдау керек деп кеңес береді. Моцарттың классикалық ноталары мидың жұмысын жақсартады дейді. Тіпті До-мажор сонатасы миды тыныштандырып қана қоймай, тың серпін берсе, Ре-мажор сонатасы қазіргі емі жоқ кей ауруды емдеуге көмектеседі дейді.

Талғамы биік, өнері жарқын Бағдат Әбілханов қатысқан концерттен тың күш жинап, миымыз сергіп, өнердің құдыретіне бас иіп шықтық. Сонысымен де өнер ғажап, мәңгілік!

Гүлшат САПАРҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар