00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

«Астана Опера» Мәскеу жұртшылығын мойындатты

09.11.2023 | 08:00
63
Фото: дереккөз

«Астана Опера» театры ресей асатансында өткен «Музыканы көру» VIII музыкалық театрлар фестивалінде Дж.Россинидің «Жібек саты» спектаклімен өнер көрсетті, деп хабарлады Elorda.info

Қалың көрермен жинаған қойылымға музыка сыншылары жоғары баға берді, осылайша «Астана Опера» труппасы қазақстандық өнердің халықаралық аренада маңызды орын алатынын кезекті мәрте дәлелдеді. 

Гастрольдік спектакльге көрнекті музыка және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мәскеулік шығармашылық зиялы қауым келді.

Алған әсеріміз керемет, театр лайықты музыкалық-вокалдық деңгейді көрсетті, жалпы алғанда музыкалық ансамбль бірқалыпты. Россинидің мәнері сақталды, ал мұндай пікір әрдайым барлығына бірдей айтыла бермейді, маэстро бәрін тиісті тұрғыда жасады, - деді спектакльден кейін музыка сыншысы Дмитрий Морозов.

«Жібек саты» комедиялық операсының «Астана Опера» театрындағы премьерасы 2019 жылы өткен болатын. Содан бері спектакль Piccolo театры жобасы аясында туған сахнада белсенді таныстырылып келеді, труппа осы қойылыммен Қазақстандағы және жақын шет елдердегі қалаларға гастрольге шығып жүр. Әртістердің жоғары орындаушылық шеберлігі, сәнді костюмдер мен сахналық безендірудің арқасында қойылым көпшілікті үнемі таңдай қақтырып келеді. 

WhatsApp Image 2023-11-09 at 10.27.04 (1).jpeg

Айта кетейік, опера-фарсты орындау оңай емес, өйткені ол bel canto техникасын мінсіз меңгеруді, сондай-ақ тамаша актерлік ойынды талап етеді. «Астана Опера» солистері осы барлық міндеттерді керемет атқарып, партияларға қайталанбас өзгешелік қосты, кейіпкерлердің мінез-құлықтарын жан-жағынан ашып көрсетіп, көрермендер аудиториясының жүрегін жаулады. Олардың дауыстары әуеде қалықтап, түрлі сезімдерге жетеледі: Айзада Қапонова Джулияның бейнесінде шебер көріністермен көзге түссе, тенор Әлихан Зейнолла Дорвильдің партиясын ерекше талғаммен орындады. Тапқыр Джерманоның бейнесін театр солисі – керемет қоңыр дауыс иесі, баритон Алтынбек Әбілда шеберлікпен жасады. Ал Бланзактың партиясында сахнаға шыққан Евгений Чайников өзінің ашық даусы мен байсалдылығының арқасында кейіпкерінің бейнесін жарқын әрі ұмытылмастай етіп көрсетті. Татьяна Вицинская Лючилланың партиясын жеңіл әрі ойнақы сомдады, Рамзат Балакишиев Дормонттың бейнесіне керемет ене алды. 

WhatsApp Image 2023-11-09 at 10.27.06.jpeg

Гастроль – бұл қазақстандық өнерді шетелдік көпшілікпен бөлісудің бірегей мүмкіндігі. Әртістер, техникалық ұжым мен гастрольдік өнер көрсетуге үлес қосқандардың барлығы осынау кешті айрықша ету үшін тынымсыз еңбек етті. Біздің өнеріміз лайықты деңгейде ұсынылды деп үміттенеміз. «Музыканы көру» фестиваліне қатысқанымызға қуаныштымыз. Оның ұйымдастырушыларына алдағы бағдарлама жұртшылықтың жүрегінен жылы лебіз тауып, ду қол шапалақ үзілмесін, ұжымдардың өнер көрсетулері жарқын, табысты болсын деп тілейміз, - деп атап өтті «Астана Опера» директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Айта кетейік, «Астана Опера» театрының гастролі Мәдениет және ақпарат министрлігінің, сондай-ақ Ресейдегі Қазақстан елшілігінің қолдауымен өтті.

Барлық жаңалықтар