00:00
Астана -10oC
USD:
443.37
EUR:
474.49
RUB:
4.83
Іздеу

«Астана Балет» театры Женева көрерменін тәнті етті

19.12.2023 | 03:00
48
Фото: дереккөз

«Астана Балет» театрының Швейцарияға гастрольдік сапары табысты өтті. Қатарынан үш күн елордалық театр әртістері Женеваның Batiment des Forces Motrices мәдени орталығында қазақстандық балет өнерін паш етті. Гастрольдік көрсетілімнің бәрі аншлагпен өтіп, көрермен қауым әртістерге тік тұрып қошеметін бірдірді, деп хабарлады Elorda.info.

Швейцариядағы Қазақстан елшісі Қайрат Саржанов кеш шымылдығын құттықтау сөзімен ашты.

Өнердің мақсаты – түсінікті болу әрі көрерменнің сезіміне әсер ету. Ал көрермен залымен арада диалог орнап, әр көрерменнің жүрегінің төрінен орын алсақ, тіпті шабыттана түсеміз. Әрине, әр сапарымыздың алдында, барар елдің менталитетін, талғамын ескеріп, гастрольдік бағдарламаны соған сәйкес дайындаймыз. Осы жолғы бағдарламамыз да ауқымды әрі мазмұнды: классиканы, заманауи авторлық балет пен театрымыздың көркіне айналған «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы. Бұл заманауи, неоклассикалық хореография мен фольклордың синтезі іспетті. Осы тұрғыдан алғанда, театрымыз хореография мен көркем бейнені суреттеу бағытындағы ізденістерін тоқтатқан жоқ, – деді театр директоры Александр Совостьянов.

Труппа алғашқы күні Жорж Бизе – Родион Щедрин музыкасына А.Алонсо қойған аңызға айналған «Кармен-сюита» балеті мен танымал әнші Карина Абдуллинаның либреттосы мен музыкасына театрдың бас балетмейстері Мукарам Абубахриева қойған «Тағдыр бұлтарыстары» мистикалық спектаклін көрсетті. Көрсетілім маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.

Мен «Астана Балет» театрының шығармашылығын ерекше құрметтеймін. Астанада болған кезімде міндетті түрде репертуарын тамашалаймын. Театрдың Женеваға келуі мен үшін күтпеген тосын сый болды. Мен үшін бұл – Жаңа жыл қарсаңындағы сыйлық іспетті. Бізді ерекше күйге бөлеген ұжымға алғысым шексіз. Кармен – сезім, құштарлық жайлы баяндайды ғой. Осы сезім арпалысын бойымнан өткізгендей болдым,  дейді Диана Алпысбаева есімді көрермен.

Гастрольдік сапар барысында «Астана Балет» ұжымы сахнада өнерін паш етіп, кәсіби біліктілігі мен орындаушылық шеберлігімен көрермен қауымды тәнті етті. Женева жұртшылығы ұлттық музыка, көркем бейнелер мен бірегей хореографияны ыстық ықыласпен қабыл алды.

Мазмұнды әрі күрделі бағдарлама, өте тығыз гастрольдік кесте мен күн сайынғы көрсетілімдер оңай тимегенімен, әртістердің айтуынша, жаңа белестерді бағындыруға шабыттандыра түсті. 

Женеваға сапар – ұжымымыздың кәсіби біліктілігінің жоғары екенін тағы бір мәрте паш етіп, жалпы, өнер атаулы түрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдерін біріктіре алатын дүние екенін көрсетті, – деді театрдың қоюшы-хореографы Айгүл Тәти. 

Айта кетейік, гастрольдік сапар Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Барлық жаңалықтар