00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Ақын Қуаныш Мақсұтовтың шығармашылық кеші өтеді

14.12.2023 | 06:47
58
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі

Арқалы ақын Қуаныш Мақсұтовты жұрт төл өнеріміз айтыс арқылы таныды. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғынан сахнада атой салып, «қазақтың сары тентегі» атанды. Бұл атты оған Ташкент төріндегі халықаралық айтыстан кейін Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілов қойды. Осы айтыста өзбек ағайындарымыз жершілдікке салынып, Қазақстаннан келген ақындарды жартылай финалға өткізбей, жүлделі орындардан қақты. Елден келген ақындардың ең соңы болып сөз сайысына түскен Қуаныш Мақсұтов бұл әділетсіздікті қазылар алқасының бетіне басты. Нәтижесінде қазылардың шешімі қайта қаралды. Сонда Қонысбай ақын «Қуаныш, қазақтың ақындар айтысының, еліңнің намысын қорғап қалдың. Сен бүгіннен бастап «Қазақтың сары тентегісің» депті. Міне, содан бері халық Қуаныш ақынды осы атпен біледі, деп хабарлады Elorda.info.               

ки.jpg

Сөз өнері оның сүйегіне сіңген. Алаштың кіші отаны атанған Ақтоғайда  Қуаныш деген ауыл бар. Қуаныш ақынның кіндік қаны дәл осы ауылда тамды. Осы өңірден шыққан Алаш қайраткері Әлімхан Ермеков кезінде туған топырағына Шоқанның досы болған орыс географы, этнограф Григорий Потанинді ертіп келді. Сонда зерттеуші сол Тоқырауын бойының ақсақалдарынан 27 ертегі жазып алған екен. Міне, көкірегі қазынаға толы ертегіші қариялар, азаттық жыршысы Нарманбет Орманбетұлы, Жидебай, Қарамеңде, Сеңкібай, Шабанбай сынды от ауызды, орақ тілді билер мен Ағыбай, Жалаңтөс батырлар, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан шыққан ортада туып-өскен Қуаныш Мақсұтовтың қалайша ақын болмасқа?! 

Бұл күндері Қуаныш Мәжкенұлын аты бард ретінде де шығып жүр. Осыдан он жыл бұрын «Мәңгілік мұңның әуені» атты бардтық туындылары мен шансондарының альбомы да жарық көрді. Осы атаумен жақында елорда төрінде шығармашылығынан сыр шертетін поэтикалық-музыкалық қойылым қойылады. Неге десеңіздер, биыл Қуаныш ақын алпыс жастың асқарына шықты. Осы мерейлі жасында жұрт алдында шығармашылық есеп бермек. Бұл кешті Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Мәдениет басқармасы өткізіп отыр. Қойылым Музыкалық жас көрермен театры сахнасында, аталған өнер ошағы әртістерінің қатысуымен өтеді.

кии.jpg

«Қуаныш ақынның өлеңдерінде, жырларында бүгінгі күннің әлеуметтік шындығы, қоғамның бейнесі жатыр. Қазіргі махаббат та, қазіргі адамдардың жансарайын жалаңаштау да бар. Сонысымен мені тартады. Адамның жанын ешқандай бояумен бүркелемей, шыңғырған шындықты жеткізу – ерекше құбылыс. Менің ұғымымда айтыстан басталып, жазба поэзияға жалғасқан, кейін әнге ұласқан Қуаныш ағаның шығармашылығы жиырмасыншы ғасырдың аяғы, жиырма бірінші ғасырдың басындағы мен үшін бір құбылыс. Сондықтан оның шығармашылығын көбірек насихаттап, өскелең ұрпаққа көбірек дәріптеу керек. Сонда таза, саф өнердің қандай болатынын, жалпы біздің бұрынғы дәстүрлі ән мектептеріндегі сал-серілердің болмысы қандай болғанын көрсете аламыз. Ақындық, сазгерлік және орындаушылық секілді үштаған өнердің бір арнада тоғысуы сирек кездесетін жағдай» дейді  «Мәңгілік мұңның әуені» поэтикалық-музыкалық қойылымының қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.            
Сондай-ақ Ұлттық академиялық кітапханада Қуаныш Мақсұтовтың «Құт» атты кітабының тұсаукесері өтеді. Бұл кітапта поэзиясы, бардтық туындыларының, шансондарының, авторлық әндерінің мәтіндері және көсемсөздері топтастырылған. Оқырман QR-код арқылы автордың музыкалық туындыларын тыңдап, ақынның жеке YouTube арнасындағы ақпараттармен таныса алады.

Сонымен, сәрсенбінің сәтті күні «Қазақтың сары тентегі» кітабының тұсаукесері мен шығармашылық кешіне шақырады.

                                                                                  Аманғали ҚАЛЖАНОВ 

Барлық жаңалықтар