00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Ерекше театрға қабылданатын әртістер іріктеуден қалай өтеді

31.03.2023 | 22:34
Сабина Кәкімжан
51

Елордада 5-6 ақпан күндері ерекше театр әртістерінің гастрольдік сапары өтеді. Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен брифингте Ұлттық Дельфий комитетінің директоры Құралай Түспекова айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Брифинг барысында журналистер «Әртістерді іріктеуден қалай өткіздіңіздер?» деген сауал қойды.

Іріктеуге келген әр баланың өз дайындығы бар. Олар хореография сынды түрлі өнермен айналысуы мүмкін. Сол өнерлерін көріп, әрқайсысын іріктеп алып жатырмыз. Сондай-ақ біз кез келген көпке танымал қойылымды балалардың мінез-құлқына қарай бейімдейміз. Өйткені түпнұсқа қойылым мен бейімделген нұқсасындағы кейіпкерлердің мінез-құлқы әртүрлі болуы мүмкін, - деді Ерекше театрдың және Ұлттық Дельфий ойындарының режиссері Бақытжан Тәжінов.

Ұйымдастырушылар қазіргі кезде ым-ишара тілін үйренуде түрлі қиындықтар барын жасырмады.

Көру қабілеті нашар адам затты көруден, ал есту қабілеті нашар адам қоғамнан алшақтайды. Қазіргі уақытта біздің басты мәселеміз де осында жатыр. Өйткені кез келген адамның қоғамнан алшақ өмір сүруі қиын. Ал біздің ерекше жандарға келетін болсақ, бүгінгі күні проблемалар бар. Алайда Дельфий ойындарының арқасында біздің балалар үлкен сахналарда өнер көрсетіп, өз талантын жұртшылыққа дәлелдеп келеді, - деді ым-ишарат тілінде ән айту номинациясы бойынша Ұлттық Дельфий ойындарының қазылар алқасының төрағасы Хасан Исраил.

Ерекше театр продюсері Құралай Түспекованың айтуынша, гастрольдік сапардың басты мақсаты – халықтың назарын ерекше балаларға аудару.

Біздің актерлер сахнада ойнамайды, олар сахнада өмір сүреді. Талантты бала сүйген ісімен айналысса, оған ешқандай шек пен шектеу жоқ екенін қазақстандықтар түсінсе дейміз. Театр арқылы біз балаларды әлеуметтендіруде ғана емес, денсаулық жағдайының да айтарлықтай жақсарғанын көріп отырмыз. Дельфий комитетінің ұжымы еліміздің әр аймағында #EREKSHEteatr труппаларын құру арқылы солтүстікқазақстандық балалармен қол жеткізген табысын қайталауды мақсат етеді,- деді Ұлттық Дельфий комитетінің директоры, #EREKSHETeatr авторы және продюсері Құралай Түспекова.

Барлық жаңалықтар