00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада Вена классикасының фестивалі өтеді

31.03.2023 | 21:44
Елорда ақпарат
34

Қаңтарда «Астана Опера» театрында көпшіліктің назарына жаңа бірегей жоба таныстырылады. Бір ай бойы елордалық опера театрында Вена классикасының фестивалі өтеді, деп хабарлады Elorda.info.

Жапония, Моңғолия, Израиль, Эстониядан шақырылған музыканттар мен театрдың шығармашылық ұжымы классицизм дәуірі жауһарларын орындауға қажет дәулескерлік, шеберлік пен жоғары кәсібилікті паш етеді.

Бұл фестивальдің негізінде классикалық өнерді ұнататын барша жандармен шығармашылық қуанышты бөлісуге және музыканы орындауға деген ықылас жатыр. Гайдн, Моцарт пен Бетховен классикалық симфония жанрының негізін қалаушылар болып табылады. Сондықтан кез келген оркестрдің де, дирижердің де өсіп, дамуы үшін түп-тамырымызға жүгіну әбден қажет дүние саналады. Фестивальге түрлі елдерден бұрыннан концерт беріп жүрген жас әріптестеріміз қатысады, олардың кейбіреуінің өз ұжымдары бар. Біз репертуарды увертюра стилі тұрғысында көрсеткіші неғұрлым жоғары және ең танымал симфониялар мен концерттер қағидаты бойынша таңдадық. Аспаптық концерттерді театрдың үздік музыканттары орындайды, олардың барлығы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, – деді фестивальдің идеялық шабыт берушісі әрі көркемдік жетекшісі Абзал Мұхитдин.

Айта кету керек, Вена классикасының фестивалі К.Байсейітова атындағы Камералық залда 13 қаңтарда басталады. Бұл кеште театрдың симфониялық оркестрі моңғолиялық дирижер Мунхбаяр Эрдэнэбаатардың жетекшілігімен өнер көрсетеді, солист – «Астана Операның» бірінші скрипкасы Бағдат Әбілханов. Фестивальдің 19 қаңтарда өтетін екінші концертінде театр оркестрінің музыканттары Эстониядан маэстро Ханно Мёлдеркивидің жетекшілігімен сахнаға шығады, Дамиля Махпирова гобойда жеке өнер көрсетеді.

Ал фестиваль аясында өтетін келесі іс-шара елорданың мәдени өміріндегі айрықша оқиға болмақ.

25 қаңтарда «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында театрдың симфониялық оркестрі мен хоры Абзал Мұхитдиннің жетекшілігінде асқақ өнерді бағалайтын жандардың назарына В.А.Моцарттың әйгілі шығармалары – №40 симфония мен Реквиемді ұсынады. Жеке партияларды орындайтындар: сопрано – Жамиля Джаркимбаева, альт – Салтанат Мұратбекова, тенор – Рамзат Балакишиев, бас – Шыңғыс Расылхан. Бас хормейстер – Ержан Дәуітов.

31 қаңтарда №4 концерт аясында Израильден дирижер Арик Гольдштейн, солист – пианист Долорес Үмбетәлиева және оркестр әртістері К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында мазмұнды бағдарламамен өнер көрсетеді. Ал 7 ақпанда фестивальдің қорытынды концертінің қонағы маэстро Коки Гонгуй Янг (Жапония-Қытай) болмақ, ол осы кеште театрдың симфониялық оркестрін басқарады. Виолончелші Дәулет Шәкіров кеште солист болады.

Барлық жаңалықтар