00:00
Астана -10oC
USD:
444.14
EUR:
477.05
RUB:
4.85
Іздеу

Елордада «Отырар сазы» оркестріне 40 жыл толуына орай «Құстар әні» атты концерт өтті (ФОТО)

31.03.2023 | 19:41
Елорда ақпарат
54

Елордадағы Назарбаев орталығында «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестріне 40 жыл толуына орай «Құстар әні» атты концерт өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Концерт бағдарламасында сүйікті халық шығармалары бейне және жарық шоуларымен үйлестірілді.

Жәмилә Серкебаева, Фархат Кубиев, Азамат Желтырғызов, Гүлдана Алдадосова, Артур Ғабдиев, Таир Тәжі, Әсем Әубәкірова сынды өнерпаздар әннен шашу шашып, түрлі аспаптарда ойнап, көрермендердің зор сүйіспеншілігіне бөленді.

Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры да жиналғандарды тәнті етті.

Еске сала кетсек, бүгінде оркестр құрамында 66 музыкант жұмыс істейді. Олар домбыра, қобыз, шертер, шаңқобыз, месқобыз, сырнай, саз сырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау секілді аспаптарда ойнайды. «Отырар сазы» - тек фольклорлық аспаптарды пайдаланатын Қазақстандағы жалғыз оркестр.

Дыбыстың бұл әртүрлілігі оркестрге ұлттық фольклордың бай үлгілерін кеңінен көрсетуге және тыңдаушыға көрсетуге мүмкіндік береді. Оның алғашқы көркемдік жетекшісі және бас дирижері Нұрғиса Тілендиев оркестрге дәл осындай мақсат қойған.

Концерттің көркемдік жетекшісі және бас дирижері ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Динзухра Тілендиева болды.

Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды, AQ Foundation компаниясы бас демеуші болды.

Барлық жаңалықтар