00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

«Астана Опера» театры қазан айында көрермендерді қандай қойылымдармен қуантады

24.02.2023 | 15:47
Елорда ақпарат
38

Атақты домбырашы Рысбай Ғабдиевтің жарқын шығармашылық ғұмыры оның туған жерімен тығыз байланысты. Бүкіл қазақ жері құрмет тұтқан оған Түркия, Франция, Ресей, Катар елдері зор қошемет білдірді. Орындаушылық еңбек жолын жас кезінен бастаған ол дирижер, халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі, шәкірттері мен ізбасарларының керемет саңлақтар тобын тәрбиелеген профессор атанды. Шығармашылық қызметін Атырау педагогикалық институтында оқытушылықпен белсенді үйлестіре отырып, ол домбырада ойнауды үйрету әдістемесі бойынша көптеген кітаптар шығарды. Р.Ғабдиев репертуарының негізін өзі күйтабаққа жазған қазақ халық композиторлары – Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Абылдың күйлері құрайды.

Рысбай Ғабдиевті еске алу концертіне танымал қазақстандық музыканттар – көрнекті маэстроның әріптестері, шәкірттері мен ізбасарлары, сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрі қатысады. Басталуы сағат 19.00-де.

14 қазан сағат 18.00-де елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына ХХ ғасырдың ең ірі композиторларының бірі Дмитрий Шостаковичтің 115 жылдығына орай «Камералық музыка кеші» ұсынылады. «FORTE TRIO» шақырады» концерті аясында Д.Шостаковичтің Фортепианоға арналған №1 триосы, до минор, ор.8, Фортепианоға арналған №2 триосы, до минор, ор.67 орындалады. К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында «FORTE TRIO» ҚР мемлекеттік триосы өнер көрсетеді, ұжым құрамы: көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тимур Урманчеев (фортепиано), «Астана Опера» симфониялық оркестрінің бірінші скрипкасы Қаламқас Жұмабаева (скрипка), Мұрат Нарбеков (виолончель).

19 және 21 қазан күндері сағат 19.00-де «Piccolo» театры» жобасы аясында Г.Доницеттидің «Дон Паскуале» комедиялық операсы орындалмақ. А.Анеллидің «Сэр Марк Антонио» либреттосының желісімен либретто авторы – Дж.Руффини. Бүгінгі таңда таусылмас өткірлігімен, жайнақылығымен, нәзік сыршылдығымен ерекшеленетін «Дон Паскуале» драма-буффасы ең танымал жиырма италиялық операның құрамына енеді және жыл сайын әлемнің 150-ден астам театрларында сахналанады. «Дон Паскуаледе» барлығы бар – махаббат, қулық пен қатал ойын, тапқыр шешімдер, киім ауыстырумен байланысты күлкілі жағдайлар, түңілу мен әшкерелеу... Әлбетте, ең бастысы – Гаэтано Доницеттидің нағыз музыкалық жауһары.

«Астана Опера» театрының опера солистері, оркестрі, хоры және мимансы. Қоюшы дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин, қойылымның көркемдік жетекшісі – Алла Симонишвили, сценограф және костюмдер бойынша суретші – Манана Гуниа. Режиссер – Еренбақ Тойкенов, бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов, жобаның техникалық директоры – Виктор Караре, жарық бойынша суретші – Сергей Кулак, опера труппасының директоры – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Жылтыркөзов.

24 қазан сағат 12.00-де «Театрға саяхат» топтамасынан жас көрермендерге арналған қазақ тіліндегі «Ішекті аспаптар отбасы» концерті ұсынылады. Концертте музыка, жүргізушінің сөзі, жұмбақтар, театрлық қимыл бір арнаға тоғысқан, балалар ішекті аспаптармен, ең бастысы – оның үнімен танысады. Концертке «Астана Опера» оркестрінің әртістері мен Қазақ ұлттық өнер университетінің оқушылары қатысады, музыкатанушы – Төлеген Назарбеков.

24 қазан сағат 18.00-де көптеген танымал романстар мен әндердің авторы Александр Варламовтың 220 жылдығына арналған «Махаббаттың нәзік үні» романс кеші өтпек. Композитордың әйгілі «Красный сарафан», «На заре ты её не буди», «Соловьём залётным», «Ты не пой, соловей», «Горные вершины», «Белеет парус одинокий» романстары, сонымен бірге орыс композиторларының басқа да романстары мен аспаптық жауһарлары «Астана Опера» театры опера солистері мен оркестр әртістерінің орындауында шырқалады. Орыс ақындарының рухты өлеңдері кештің поэтикалық көңіл күйін одан әрі түрлендіре түспек.

28 қазан сағат 19.00-де «Астана Опера» оркестрінің бірінші скрипкасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов пен халықаралық байқаулардың лауреаты, пианист Салтанат Әбілханова «Людвиг ван Бетховеннің барлық сонаталары» концерттер топтамасын түйіндейді. «Музыка құдайы қоныстанған opus...» концертінде Людвиг ван Бетховеннің Скрипка мен фортепианоға арналған №7 сонатасы, до минор, op. 30 №2 және Скрипка мен фортепианоға арналған №10 сонатасы, соль мажор, op. 96 орындалады.

Неміс композиторының скрипка мен фортепианоға арнаған он сонатасы – оның сүйікті қос аспабы сәтті үйлесім тапқан камералық музыка жауһарлары. Осынау музыкада XVIII ғасырдағы сыпайылық сарыны жаңа ойлармен үндесіп, кейін Бетховеннің фортепианолық сонаталары мен симфонияларында жүзеге асырылған.

29 қазан сағат 19.00-де «Қазақквартет шақырады» топтамасынан «Бела Бартокты ту етіп» концерті өтеді. Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті биыл әлемдік музыка қауымдастығы 140 жылдығын атап өтіп жатқан венгр композиторлар мектебінің ірі өкілдерінің біріне арналған концерттер сериясын тамамдайды. Бағдарламада вена мектебінің классигі Й.Гайдннің №5 ішекті аспаптар квартеті, фа минор, ор.20, Б.Бартоктың №1 ішекті аспаптар квартеті, ор.7, шырқалып, заманауи қазақстандық композитор Әбілқайыр Сағымбаевтың «Елім-ай» ішекті аспаптар квартетінің премьерасы орын алады. Ішекті аспаптар квартетінің құрамы: Айдар Тоқталиев (1-ші скрипка), Алексей Лебедев (2-ші скрипка), Бекзат Сайлаубайұлы (альт), көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ернар Мыңтаев (виолончель).

31 қазан сағат 12.00-де Камералық зал сахнасында кішкентай көрермендерге «Театрға саяхат» топтамасынан «Түрлі дауыстар әлемі» концерті ұсынылады. Концерттің жүргізушісі – музыкатанушы Маржан Жәкенова балаларды сопранодан басқа дейінгі опералық дауыстарының барлық түрлерімен қызықты түрде таныстырады, ал солистер классик композиторлардың шығармаларынан танымал ариялар мен дуэттерді, неаполитандық әндерді және т.б. орындайды. Бағдарламаға «Астана Опера» балалар театрлық студиясының хоры қатысады, жетекшісі – Алтынғаным Ахметова. Фортепиано партиясында – Раушан Бескембирова.

Барлық жаңалықтар