00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Қарағандылық театр «Астана Опера» сахнасында алты спектакль ұсынады

24.02.2023 | 15:15
Елорда ақпарат
47

Труппа атақты елордалық сахна төрінде екінші мәрте өзінің үздік спектакльдерін орындайды. Бұл жолы И.Кальманның «Сильва», И.Штраустың «Вальс королі» оперетталары, А.Колкердің «Труффальдино» мюзиклі, ал балалар аудиториясына музыкалық ертегілерден құралған тартымды бағдарлама ұсынылады.

- Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының труппасын сахнамыздан көргенімізге қуаныштымыз. Жылдар бойы өз дәстүрі қалыптасқан керемет театр Нұр-Сұлтан көрермендерін таңғалдырудан жалықпайды. Театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Амантай Ибраевпен тығыз ынтымақтастықтамыз. Көрермендерімізге қандай қойылым көрсеткеніміз жөн болар деп талқыладық, таңдадық. Осылайша, қарағандылық труппа режиссер, РФ Халық әртісі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александровтың қойылымында И.Кальманның әйгілі «Сильва» спектаклімен өз гастролінің шымылдығын ашпақ, - деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.

Қарағандылық театрдың репертуарында 280-нен астам қойылым бар, олардың ішінде әлемдік классикалық оперетта жауһарлары, сонымен қатар заманауи спектакльдер бар. Алайда театр өз сахнасында мюзиклдер, шоу, балеттер, опералар, жеке концерттер, романстар кеші, атаулы күндерге арналған мерекелік бағдарламалар қойып, өз әлеуетін одан әрі жарқын да қызықты етіп іске асыруда. Репертуарындағы жанрлық өзгешелік театрдың о бастан сан алуан музыкалық жанрларда өзін сынап көріп, ешқашан негізгі бағытынан – опереттадан ажырамағанынан хабар береді.

Жасөспірімдер аудиториясына арналған афиша Ә.Әбдінұровтың қазақ аңыздарына құрылған «Киелі Самұрық құс» ертегісімен ұсынылған. Қойылым белгілі халықтық нышандардың қалай пайда болғанын әрі Қазақстанның тарихымен қалай байланысты екенін көрсетеді.

Либреттоның астарында терең мән бар – Отанға, өз халқыңа, оның салт-дәстүрі мен ақыл-парасатына деген сүйіспеншілік.

Бәрінің сүйікті «Кішкентай Мук» ертегісі 9 қазан күні ұсынылады. Ол әр жылдары әлемнің көптеген театрларында қойылды. Бұл – ғажайып түрленулер, құпиялар мен аңыздарға толы оқиғалар орын алатын таңғажайып, тамаша ертегі. Басты кейіпкер Мук – кедей, бірақ өте зерек бала. Бірде ол желаяқтар сайысында патшаның өзін басып озады. Шынайы достарды қалай табу керектігін, жақсылықтың жамандық пен қызғанышты қалай жеңетінін қарағандылық театрдың ертегісі баяндайды.

О.Клюевтің балаларға арналған «Сиқырлы гүл» музыкалық феериясында көптеген әндер кездеседі, сюжеттегі қызықты өзгерістер ертегіні жаңа қырынан танытып, тың бояулармен әрлейді.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театры – «Астана Опера» театрының IX маусымы басталғалы бері гастрольдік сапармен өнер көрсетуші үшінші ұжым екенін атап өткен жөн. Естеріңізге салар болсақ, театрда 26 және 27 тамызда Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының (Алматы) труппасы үлкен табыспен өнер көрсетті. 2 және 3 қыркүйекте елордалық көрермен Шымкент қалалық опера және балет театрының әртістеріне қошемет көрсетті.

Барлық жаңалықтар