00:00
Астана -10oC
USD:
441.66
EUR:
475.14
RUB:
4.86
Іздеу

Талантты адамдарды балаларға арналған комикстер жасауға шақырамыз - Дариға Назарбаева

24.02.2023 | 15:09
Елорда ақпарат
44

«Бүгін біз мемлекеттік тілді одан әрі дамытатын жұмысты қолға алып отырмыз. Нұрсұлтан Назарбаев қорының жұмысындағы негізгі бағыттардың бірі – мемлекеттік тілді дамыту. Қордың құрылтайшысы да мұны баса тапсырып отыр. Біз үлкен талдау жүргіздік. Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларға, жасөспірімдерге арнап жасалған қазақ тіліндегі сапалы дүниелер өте аз. Заманауи ертегілер, мультипликациялар жоқ десе де болады. Жас буынға арналған кітаптар, тарихи дүниелер, фильмдер де жоқ. Жалғыз Balapan арнасы осының бәрінің орнын толтыруға тырысып жатыр. Бірақ оның да дамуына үлкен қолдау керек. Оның ішінде әлеуеті зор жеке әріптестердің инвестициясы қажет. Сондықтан біз осындай салмақты шаруаны қолға алдық», - деді Дариға Назарбаева.

Оның айтуынша, қазақ тілді сапалы контенттің аз кезінде қалалық ортада өсіп жатқан, урбанизацияланған балаларға мемлекеттік тілді үйрету оңайға соғып жатқан жоқ.

«Үйімізде қазақша сөйлесіп, балаларымызды қазақ балабақшаларына, қазақ сыныптары мен мектептеріне беріп жатамыз. Бірақ білім ошағы мен үйден тыс жерде орыс тілінің үлесі әлі де басым. Тілі қазақша шыққан балалар орыс тілін өте тез меңгеріп кетіп жатыр. Уақыттың шындығы осы болып тұр. Қазақ тілі жас буынның тілі болып қалыптасуы үшін орта керек. Ол орта балалардың ана тіліне деген қызығушылығын тереңнен қозғап, сүйіспеншілік қалыптастыру керек. Балалар үшін тілдік орта деген бірінші кезекте кітаптар болуы тиіс. Қазір балалар кітап оқымайды деп жиі айтылады. Мен онымен келіспеймін», - деді қор директоры одан әрі.

Сондай-ақ ол баланың қандай да бір тенденцияға елітуі отбасындағы ортасына да байланысты екенін еске салды.

«Бізге балаларға арналған мультипликациялар, бағдарламалар, фестивальдер және қазақ анимациясын дамытуға инвестиция керек. Біз бұл істі комикстерден бастауды жөн көрдік. Ол комикстердің бастауында ұлттық көне аңыздар мен тарихи шығармалар тұр. Енді осыларды толықтырып, жалғастыру үшін талантты адамдарды ортақ іске атсалысуға шақырамыз. Ол адамдардың бізге жаңа, заманауи, соңы жақсылықпен түйінделетін, баланың санасына әділдік пен ізгілік, мейірім мен сұлулық, шынайы махаббат әрдайым жеңетініне сендіре алатын ертегілер әкелуі керек. Бүгінгі көрме осы үлкен істің бастауы ғана», - деді Дариға Назарбаева.

Барлық жаңалықтар