00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Ауыр атлетика: Олимпиадаға дайынбыз ба?

16.05.2023 | 16:00
66
Фото: Ауыр атлетика федерациясынан алынды

Олимпиадада жүлде алатын басты спорттың қатарына бокс, ауыр атлетика, дзюдо кіреді. Бокстан Ташкентте өткен әлем чемпионатындағы тарихи жетістігіміз ауыр атлетикадан Оңтүстік Кореяда өткен Азия чемпионатын естен шығарып та жіберді. Осы орайда Elorda.info тілшісі әрбір ауыр атлеттің көрсеткіштерін салыстырып көрді. 

Қазақстан құрамасы аталмыш Азия чемпионатына 20 ауыр атлетті қатыстырды. Нәтижесінде 35 мемлекеттің арасынан 1 алтын, 1 күміс, 3 қола иеленді. Жалпы есепте Өзбекстанмен бірге 5-орынға тұрақтадық. 

Алайда Азия чемпионатының Олимпиададан өзгеше өтетіндігін ескергеніміз жөн. Себебі, Азия біріншілігінде 20 медаль жиынтығы (10 – ер, 10 – әйел) сарапқа салынса, Париж Олимпиадасында 10 ғана салмақта (5 – ер, 5 – әйел) чемпионды анықтайды. 

Жүлде алғандар спортшыларымыз: 

55 келі. 30 жастағы Арли Чонтей – қола жүлде. Бірақ бұл салмақ Олимпиадаға кірмейді. 

73 келі. 19 жастағы Алексей Чуркин – қола жүлде. Олимпиадаға кіреді. Жерлесіміз былтыр өткен әлем чемпионатында да қос жаттығу бойынша 343 келіні бағындырып, 3-орын алып еді. Бұл салмақ Азия құрлығына тиесілі. Осы жолы 340 келімен Жапония, Таиландтан қалды. Бірақ Париж Олимпиадасында жүлдеге қол созатыны анық. 

102 келі. 22 жастағы Нұрғиса Әділетұлы – чемпион. Олимпиадаға кіреді. Жерлесіміз былтырғы әлем чемпионатында 96 келіде өнер көрсетіп, күміс жүлде алған. Осы жолы салмағы көтеріліп, қос жаттығуда 400 келіні бағындырды. Салыстырмалы түрде былтыр Катар спортшысы осы салмақта 391 келіні бағындырып, әлем чемпионы атаныпты. Бұйырса, Париж Олимпиадасына жақсы дайындықпен барары сөзсіз. 

109 келі. Артём Антропов – күміс, Андас Самарқанов – қола жүлде. Париж Олимпиадасына кіреді. Бірақ +102 келі салмағында бақ сынайды. Яғни, +109 келідегі спортшылар да бұл спортшылармен бірге сайысқа түседі. Өкінішке қарай, +109 келідегі қола жүлдегердің өзі Артём Антроповқа қарағанда зілтемірді 31 келі артық көтерген. 

Олимпиадалық салмақта қалай өнер көрсеттік? 

61 келі. Өтепберген Әлиев – 271 келі (8-орын). Қола жүлдегерден 23 келі қалып қойды. 

89 келі. Сергей Петрович – 363 келі (4-орын). Қола жүлдегерден 1 келі қалды. Былтырғы әлем чемпионатында қола жүлдегер 380 келіні бағындырған. 

Қыздар бәсекесі. 

49 келі. Елімізден бұл салмақта сынға түспеді. 

59 келі. Алина Колюшко – 176 келі (13-орын). Қола жүлдегерден 54 келі қалып қойды. 

71 келі. Елімізден бұл салмақта сынға түспеді.

81 келі. Айым Есжанова – 216 келі (8-орын). Қола жүлдегерден 27 келі қалып қойды. 

+81 келі. Азия чемпионатында жерлестеріміз 87 және +87 келіде өнер көрсетті. 87 келіде Айша Омарова 4-орын алды. Ал +87 келіде Любовь Ковальчук 274 келіні бағындырып, 4-орынға тұрақтады. Қола жүлдегерден 15 келі қалды. Бірақ Любовьтың әлем чемпионатымен салыстырғанда 18 келі артық көтергенін де ескергеніміз жөн. 

Олимпиадаға кірмейтін салмақта кім жүлдеге жақын болды? 

81 келі. Еламан Сейітқазы. Жұлқа көтеруде 155 келіні бағындырып, чемпион атанды. Алайда серпе көтеруде 183 келіні игере алмады. Егер көтергенде 1 немесе 2-орын алар еді. 

64 келі. Карина Горичева. Қос жаттығуда 192 келіні көтеріп, 5-орын алды. Қола жүлдегерден 2 келі ғана қалды. 

76 келі. Арай Нұрлыбекова. Қос жаттығуда 218 келіні көтеріп, 4-орын алды. Қола жүлдегерден 10 келі қалды. 

Енді қыркүйек айында Сауд Арабияда әлем чемпионаты өтеді. Жерлестеріміздің қаншалықты дамығанын, құлдырағанын сол бәсекеде анықтай жатармыз. 

Қанат БАЙҰЗАҚОВ

Барлық жаңалықтар