00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Қоғамдық кеңес мүшелері елорданың шет бөлігін аралады

13.11.2023 | 12:00
68
Фото: Elorda.info

Астана қаласы қоғамдық кеңесі мүшелері елорданың орталығынан алыс орналасқан тұрғын үй алаптарын аралады, деп хабарлады Elorda.info

Іс-шараның негізгі мақсаты - 15 қарашада қоғамдық кеңестің өкілеттігі шеңберінде өтетін жалпы тыңдау алдында 5 ауданның жай-күйімен танысып, ондағы шет аймақтардағы тұрғын үй алаптарының мәселелерін қала әкімі мен мәслихат назарына ұсыну.  

Өткен аптаның сәрсенбісінде Алматы ауданының шет аймақтарын аралаудан басталған іс-шара бүгін Сарыарқа, Байқоңыр аудандарында жалғасын тапты. 

Астана қаласы қоғамдық кеңесі мүшелері, жергілікті әкімшілік, қаланың инфрақұрылымы басқармалары, БАҚ өкілдері Байқоңыр ауданына қарасты  Өндіріс тұрғын үй алабының кіре берісінен-ақ тұрғылықты жердің басты мәселесін аңғарып үлгерді.  

Қазіргі Өндіріс тұрғын үй алабы қоныстанған жерде кеңес үкіметі кезінде теміржолшылар тұратын поселкелер болған.  60-70 жылдарда салынған ескі барақтар ескінің көзіндей әлі сақталыпты. Ал апатты жағдайдағы үйлерді сүріп тастап, иелерін жаңа үйге көшіру жұмысы әлі талай жылдарға созылатын түрі бар. 

Мұнда барлығы 86 барақ үй бар. 2029 жылға дейін сүрілетін ескі баспаналардың қатарына оның 38-і кіріп отыр. Ал оның ішінде 155 пәтер бар. Жоспар бойынша бұл туралы жай-жапсарды Астана қаласы Тұрғын үй инспекциясы басқармасына ұсындық. Олар өз кезегінде техникалық тексеру жұмысын жүргізулері қажет. Комиссия үйлердің апаттық жағдайын анықтайды. Нәтижесінде  ескі құрылыстардың мәселесін шешу бойынша 2027-2029 жылдарға дейін жоспар құрылды. Біз жуық арада бұл үйлер бұзылады деп айта алмаймыз. Мұны халық та біледі. Олар баспаналарының әуелі апаттық жағдайдағы үйлер санатына жатқызылуын сұрап отыр. Әрі қарай күтуге тура келеді, - деді бұл мәселе тұрғысында Байқоңыр ауданы әкімі орынбасары Ришат Уәлиханұлы.

адддд.jpg

Өндіріс тұрғын алабындағы тағы бір мәселе – жолдар мен тротуарлар. Белсенді тұрғын Тілектес Төленованың айтуынша, мұнда жолдар мен тротуарлар, тіпті, жоқтың қасы десе де болады. Ол жергілікті халықтың атынан жол салуды, тротуарларды кеңейтуді сұрады. Әкім орынбасары болса, бұл мәселенің жол басқармасына ұсынылғанын айтты. 

Қоғамдық кеңес мүшелері барған келесі тұрғын үй алабы Кирпичный деп аталады. Оның көлемі 350 гектар болса, тұрғылықты халқының саны 5500 адам. Әкімшілік өкілдерінің мәліметінше, алапта 23 көше бар. Олардың барлығы дерлік асфальтталған. Жарықтандыру жоспары 99 пайызға орындалыпты. Газдандыру жобасы енді қолға алынып жатыр. Әзірге көгілдір отын қаланың сыртына ғана жеткізіліп тұр. Ал үйлердің 60 пайызы орталық жылыту қазандығына қосылған. Кейбір үйлер көмір пайдаланады. Кирпичныйда осы күнге дейін бірде-бір мектеп, балабақша болмаған.  Екеуі де жаңадан салынуда. Мектеп құрылысы аяқталуға жақын болса да, пайдалануға беру мерзімі белгілі себептерге байланысты кешеуілдеп тұр. 

Белсенді тұрғын Қарлығаш Мұхамеджанова қоғамдық кеңес мүшелеріне осы мәселені көтерді.  Сондай-ақ ғимарат жанында балалар жүретін жолдың жоқтығына, футбол алаңы аумағының қысқарып кеткеніне наразылығын білдірді. 

Байқоңыр ауданы әкімінің орынбасарының айтуынша, мектепке таяу жерге жаяу жүргінші жолын салу үшін оған қоңсы қонған бірнеше ескі үйлер кедергі келтіріп тұр. Осы мәселені шешу үшін ескі үйлердің иелеріне үйді сатып алу үшін әкімдік өз бағасын ұсынуда. Дегенмен берілген сомаға бірі келіссе, бірі келіспей отырған жайы бар. Соған байланысты жол салу мәселесі кешігіп тұр. 

адам.jpg

Мектеп құрылысын басында белгілі бір мердігер мекеме алып, уақытында дұрыс аяқтамағаны үшін нысан басқа мердігер мекемеге берілген болатын. Соған орай  №12 мектеп биыл болмаса, келесі жылы пайдалануға беріледі деп күтіп отырмыз, - деді Байқоңыр ауданының әкімшілігі инспекторы Ержан Қарабаев. 

Жалпы, Байқоңыр ауданындағы шалғай орналасқан тұрғын үй алаптарының мәселелері туралы Астана қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, Алматы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Марат Мұстафин төмендегіше түйіндеді. 

Байқоңыр ауданына қарасты мәселелердің мәнісімен таныстыңыздар. Мен соның ішінде теміржол өткелдері проблемасына тоқталғым келеді. Жергілікті халық таңның атысы, күннің батысы бірнеше тар теміржол өткелдерден өтеді. Осыны шешу үшін үлкен айналмалы көпір салынбақшы. Көпір құрылысы 1-2 жылға созылуы мүмкін, дегенмен бұл пайдалануға берілген соң аталған мәселе түбегейлі шешілмек. Кирпичныйда да түйткілді жайттар көп. Соның ішінде кәріз сулары проблемасы. Міне, осы аталған мәселелердің бәрін біз 15 қарашада өтетін қоғамдық кеңестің тыңдауында көтереміз. Қала әкімі мен мәслихат назарына ұсынатын боламыз, - деді Марат Мұстафин.

мек 1.jpg

Жалпы, жылдың аяғына дейін елордада 11 мектеп пайдалануға берілуі керек. Келесі жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында  24 мектеп салынбақ. Сөйтіп, 2027-2028 жылға қарай 3 үш ауысымды оқу мәселесі түбегейлі шешіледі деп күтіліп отыр. 

Барлық жаңалықтар