00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Innoprom.Qazaqstan көрмесін 10 мыңнан астам адам тамашалады

28.09.2023 | 04:30
55
Фото: дереккөз

Астанада Innoprom.Qazaqstan халықаралық өнеркәсіптік көрмесі аяқталды, деп хабарлады Elorda.info Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап.

Үш күн ішінде EXPO халықаралық көрме орталығының аумағына 10 мыңнан астам адам келген. 

Көп жылдық тарихы бар ауқымды форум біздің елімізде алғаш рет өткізілді. Innoprom.Qazaqstan іскерлік бағдарламасы аясында Қазақстан, Ресей, Беларусь және Қырғызстан үкіметтерінің басшылары қатысқан «Жаңа уақыттың индустриялық стратегиялары» атты басты пленарлық отырысы болды.

Бұған дейін Қазақстан өзінің заманауи технологиялық жетістіктерін ұсынып, Ресей Федерациясында игі дәстүрге айналған Иннопром жұмысына белсенді түрде қатысты. Біз көрмеге қатысушыларды Астанада алғаш рет қабылдап отырмыз. Бұл, сөзсіз, қазақстандық бизнестің іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өндірістік кооперацияны нығайтуға қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді, – деді ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов.

Көрме аясында Қазақстан, Беларусь, Армения және Ресейден 400-ден астам компания 12 мың шаршы метрден астам аумақта ұлттық экспозицияларын ұсынды. Павильондарда металлургия, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және фармацевтика салаларында өндірілген тауарлар қойылды.

Қатысушы елдердің компаниялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды. Көрменің соңғы күні дөңгелек үстелдер, іскерлік ойындар, пікірталас және бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қамтылған «Жаңа индустрияға жаңа кадрлар» атты білім беру бағдарламасы өтті. Білім күні бағдарламасына 200-ден астам студент қатысты.

Сонымен қатар, Астананың ірі индустриялық алаңдары мен кәсіпорындары бойынша индустриялық тур өтті, оған 100-ден астам адам қатысты.

Барлық жаңалықтар