00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Еңбек жәрмеңкесі: Елордада 750-ге жуық жұмыс орны ұсынылды

07.09.2023 | 11:30
64
Фото: Elorda.info

Астанада «Жастар» сарайында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Осымен 6-шы рет өткен ауқымды жәрмеңкеге жұмыс табуға үмітті жандар алдын ала жиналды. шараға барлығы 45 жұмыс беруші мекеме қатысып, 750-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынды. 
Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омардың сөзінше, жыл соңына дейін тағы 3 жәрмеңке өтпек.

Бүгін бізде 45 жұмыс беруші бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып отыр. Жұмыс іздеп жүргендер үшін әртүрлі салада жұмыстар бар. Атап айтқанда, білім беру, қызмет көрсету, әуежай, қаржы салалары бар. Сондай-ақ әртүрлі құрылыс пен өнеркәсіп орындары бар, - дейді орталық директоры.

«Жастар» сарайында өткен жәрмеңкеде жұмыс берушілер әрбір үміткермен жеке сөйлесіп, түйіндемелерін қабылдады. Өздеріндегі бос орындарға қатысты сұрақтарға жауап берді. Мәселен, «Астана-Тазалық» ЖШС-сі ұсынған бос орындарға қызығушылық білдірген жандар көп болды. Аталмыш кәсіпорынның кадр бөлімінің маманы Жұпар Дауылбаеваның айтуынша, бүгінде аталған мекемеде 15 бос жұмыс орны бар.

Біз әрқашан бос орындар жәрмеңкесіне келіп тұрамыз. Кәсіпорынға жүк көлігінің жүргізушілері, механизаторлар, тракторшылар керек. Әсіресе көше бойындағы көшеттерді суаратын көліктерге жүргізуші қажет. Басты талап жүргізуші куәлігіндегі барлық категориялар болуы маңызды. Қазіргі таңда 10 жүк көлік жүргізушісі мен 5 механизатордың орны бар. Кәсіпорында жалақы уақтылы беріліп, жеңілдіктер қарастырылған, - дейді Ж.Дауылбаева.

2cae34ee-ca3d-40df-853f-4f168c6aacf6.jpg

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, Еңбек мобильділігі орталығында 9 мыңға жуық азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың жартысы әртүрлі мемлекеттік қолдау бағдарламалары, яғни уақытша жұмыс орындармен қамтылған.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар