00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Астананың бас жоспарын қала тұрғындары бірге талқылап жатыр

22.08.2023 | 13:00
60
Фото: Elorda.info

2035 жылға дейін жоспарланған Астананың бас жоспарының жобасы 16 тамыздан бастап қоғамдық талқылауға ұсынылды, деп хабарлады Elorda.info.

Тұрғындар бас қаланың жобалық жоспарымен көрме арқылы танысып жатыр.

Астана 4.jpg

«Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтында ұйымдастырылған көрмеге күніне шамамен 100 адам келеді. Олардың ұсыныстарының басым бөлігі әлеуметтік нысандардың жетіспеушілігі, балабақша құрылысының мақсатты салынуы, кіші Талдыкөл өзені маңындағы құрылыс туралы және саябақтар мен саяжайларды көбейту мәселесіне қатысты болып жатыр. 

Астана.jpg

Көпшілік, алдымен, өз тұрғын үйлерінің қасында балабақша, мектеп бар ма – соны білгісі келеді. Сонымен қатар көп адамдар көпқабатты үйлердің салынуына қарсы болып жатыр. Әсіресе үйлері орталықта орналасқан астаналықтар, оның ішінде «Ақбұлақ» шағын ауданы,  жаңа Нұра ауданы, «Централ парк» тұрғын үй алабы тұрғындары бұған қатысты наразылықтарын білдірді. Олардың пікірінше, көпқабатты үйлер құрылысы, біріншіден, инженерлік желілерге салмағын түсіреді, екіншіден, жолда көлік тығынын көбейтеді. Біз тұрғындардың ұсыныстарын ескеріп, мәселені зерттейтін боламыз, - деді «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институтының бас маманы Гүлдана Сапарбаева. 

Тұрғындар өз үйлерінің қасынан биік ғимараттардың салынуына қарсы болуының тағы бір себебі – құрылыс салдарынан баспаналарының ірге тасы отырып қалады деп қауіптенуінде жатқан көрінеді. 

Сондай-ақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, бас жоспарда қай жерде жол, қай жерде нысан салынатыны көрсетілгенімен, оның ауқымы қандай болатыны я мектеп, я банк болатыны белгіленбеген. Бұл бюджет көлемі мен құрылысшылардың шешіміне байланысты болады. 

Астана 2.jpg

Мысалы, «Қабанбай даңғылында 6 жолақты жол бола ма?» деген көпшілікті қызықтыратын сауалға келейік. Қаланың магистральді жолдары бас жоспарда белгіленгенмен, оның қанша жолақты болатыны детальді жоспарлау кезінде анықталады. Яғни, бас жоспарда 2035 жылға дейінгі перспектива ескеріледі, қалғаны - әлі талай мәрте талқыланып шешілетін мәселелер. Бас жоспар жобасы қоғамдық талқылаудан кейін қалалық мәслихатта, мемлекеттік сараптамада, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасында, содан кейін барып Үкіметте қаралады, - дейді «Астана бас жоспары» ғылыми-зерттеу жобалау институты директорының орынбасары Серік Абдрахманов.

АСтана 5.jpg

Астананың бас жоспарында урбанистер демалыс орындардың жайлылығы мен көгалдандыру мәселесіне де мұқият көңіл бөліп отыр екен. Олардың ұсынған жобасы қарашада көпшілік назарына ұсынылмақ. 

Қаланы көгалдандыру бойынша 2024,2025,2026 жылдарға арналған жоспар жасақтап жатырмыз. Онда көшелердің, қоғамдық кеңістіктердің және жағалаудың реконструциясы көрсетілетін болады. Бұған қатысты алдағы уақытта қоғамдық тыңдау өтеді.  Біз елордадағы барлық саябақтар арқылы Есіл өзеніне шығуға болатын жолдарды қарастырамыз. Осы  арқылы тұрғындарға ыңғайлы тынығып, демалуға мүмкіндік жасамақпыз, - деді Урбанистика орталығы басшысының орынбасары Данияр Шыңдалиев. 

Астана 6.jpg

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Астана қаласының бас жоспарын қоғамдық талқылау 25 тамызда аяқталады. Оған дейін  барлық аудандарда талқылаулар жалғаса береді деп жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, биылғы маусым айы көрсеткіші бойынша Астана тұрғындары саны 1 млн 376 мыңды құраса, бас жоспар бойынша елордалықтардың саны 2035 жылға қарай 2 млн 275 мыңға жетуі мүмкін. Қала құрылысы нормасына сай 2035 жылы тұрғын үйге деген қажеттілік 68 250 шаршы метрді құрайтын болады. Бұл жылына 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынуы қажеттігін көрсетеді. Ал Астананың жалпы көлемі 79 733 гектарды құрайды. 

Барлық жаңалықтар