00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Астанада жұмысқа орналасуда қандай көмек көрсетіледі?

14.02.2024 | 02:32
66
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бұл туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Еңбек мобильділігі орталығының директоры Олжас Омар айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Орталық директорының айтуынша, өтініш білдірген 2 830 адамның 1 194-і жұмыспен қамтылған. Оның 785-і жұмысқа орналасса, ал 112-сі тұрақты жұмыс орындарына тұрған.

Субсидияланатын жұмыс орындарына 673 жас жіберілді, оның 114-і «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында мемлекеттен қолдау алды, 23-і «Алғашқы жұмыс орны», 60 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 476 адам қоғамдық жұмыстарға жіберілді, – деді Олжас Омар.

Орталықта жастарға арналған үш негізгі бағдарлама жүзеге асырылады: Алғашқы жұмыс орны, Жастар практикасы және Ұрпақтар келісімшарты.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасы 35 жасқа дейінгі жастарға мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, бірінші рет жұмыс іздеп жүрген және қажетті еңбек дағдылары бар жұмыссыздарға бос орын беруге бағытталған.

Кепілдендірілген жалақы – 30 АЕК (110 760 теңге), ұзақтығы – 18 айдан аспайды. Жұмыс кезеңі еңбек өтіліне есептеледі, ал бағдарлама аяқталғаннан кейін штатқа жұмысқа орналасуға болады.

«Жастар практикасы» өз мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алу үшін колледждер мен ЖОО түлектеріне арналған. 

Осы санат бойынша жұмысқа орналасуға қойылатын талаптар:

- оқуды аяқтағаннан кейін 5 жыл ішінде (ЖОО немесе колледж);

- мамандық бойынша жұмыс тәжірибесінің болмауы;

- жасы 35-тен аспайды;

Бағдарлама бойынша кепілдендірілген жалақы – 30 АЕК (110 760 теңге), практика кезеңі еңбек өтіліне есептеледі, ұзақтығы 12 айдан аспайды. Аяқтағаннан кейін штатқа жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылады.

Оқу орындарының түлектері «Ұрпақтар келісімшарты» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналаса алады, содан кейін зейнеткерлік жасқа толған жұмысшыны ауыстыра алады.

Қатысушыларға қойылатын талаптар және бағдарлама шарттары: 

- жасы 35-тен аспауы қажет;

- оқуын аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде (ЖОО немесе колледж);

- кепілдендірілген жалақы – 30 АЕК (110 760 теңге);

- практика кезеңі еңбек өтіліне есептеледі;

- аяқтағаннан кейін штатқа жұмысқа орналасу жүргізіледі;

- ұзақтығы 6 айдан аспайды.

Сондай-ақ, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға бағытталған іс-шаралар аясында электрондық еңбек биржасы бойынша 158 жас және «Бастау Бизнес» бойынша кәсіпкерлік негіздері бойынша 220 жас онлайн оқытудан өтті. 2023 жылдан бастап жастарға жеңілдікпен кредит беру бағдарламасы іске асырылуда. Микрокредит беру 21 жастан 35 жасқа дейінгі жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Бағдарламаға жұмыс істейтін жастардың өкілдері қатыса алады. Қарыз сомасы: 5 миллион теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі: жылдық 2,5%. Қарыз мерзімі 5 жылға дейін (мал шаруашылығын дамыту үшін – 7 жылға дейін). Өтінім берген сәтте ЖК ретінде тіркелу мерзімі 5 жылдан аспауы тиіс», – деді ол.

Несиелеудің міндетті шарты – кепілмен қамтамасыз етудің болуы. Кепіл ретінде жылжымалы (мамандандырылған техника) және жылжымайтын мүлік қабылданады. Мұндай болмаған жағдайда кепіл берушіні (ата-аналарын, туыстарын және т.б.) жұмылдыруға болады.

Қажетті құжаттар тізімі:

- жеке басын куәландыратын құжат;

- жоба бойынша бизнес-жоспар;

- шоттың болуы туралы қызмет көрсететін банктен анықтамалар;

- қаржы ұйымдарынан несиелік берешектің, оның ішінде мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтамалар (несиелер болған кезде);

- қатысушының/үміткердің жалақысын және (немесе) өзге де табыстарын растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорынан үзінді көшірме) болған жағдайда;

- кепілді қамтамасыз ету ретінде берілетін мүлікті бағалау туралы есеп;

- кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

Құжаттарды қабылдауды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Астана қаласы, Тұран даңғылы, 19/2 мекенжайы бойынша жүзеге асырады.

Барлық жаңалықтар