00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Астанада республикалық ата-аналар форумы өтті

16.05.2023 | 09:30
55
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада «Ұрпақтар сабақтастығы» атты республикалық ата-аналар форумы өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Іс-шараға ата-аналар комитеттері мен қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың өкілдері мен еліміздің сарапшылар қауымының өкілдері қатысты.

16-05-1.jpg
Форумның басты мақсаты – отбасы институтын нығайту және рухани-адамгершілік отбасылық құндылықтарды дамыту мен насихаттауда ата-аналар қауымының белсенді рөлін арттыру.

Форумда сөз сөйлеген Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева қазіргі таңда өскелең ұрпақ арасындағы түйткілді мәселелердің өзектілігі күн санап артып келе жатқанына тоқталды: 

Мына жағымсыз статистикаға назар аударыңызшы: 2022 жылы елімізде кәмелетке толмағандар арасында суицидтің 155 және өз-өзіне қол жұмсаудың 309 фактісі тіркелді. 2023 жылдың 4 айында – кәмелетке толмағандар арасында өз-өзіне қол жұмсаудың 47 фактісі және өзіне қол жұмсауға оқталудың 137 фактісі болған. Ата-аналар балаларын дәстүрлі емес діни секталар мен топтарға тарту фактілері де жиілеп барады. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметі бойынша, қазіргі таңда елімізде ата-анасы деструктивті діни көзқарасты ұстанатын 2 383 бала тұрады, - деді А.Балаева.

Аида Балаева мектеп оқушыларының агрессивті мінез-құлқы мен әлеуметтік желілерде және шынайы өмірде белең алып жатқан буллингке ерекше назар аударды. 

Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде ұрып-соғу, жаппай төбелес, жоғары сынып оқушылары мен жастар арасындағы жанжалдар бар бейне роликтер қаптап кетті. Өскемендегі сауда орталықтарының бірінде оқушы қызды ұрып-соққан атышулы оқиға болды. Семей қаласының елді мекендерінде де оқушы қыздарға қатысты осындай оқиғалар тіркелді. Жалпы, жастар арасында ерекше қатыгездікке бой алдырған оқиғаларының көбеюін атап өткен жөн. Соның нәтижесінде бүгінгі күнгі мәлімет бойынша ІІБ есепте 3 924 бала тұрса, 6 278 бала мектеп есебінде тұр, - деді ол.

Форумға қатысушылар бала тәрбиесінде отбасы мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ету үшін қоғамдық ұйымдардың, ата-аналар қауымының, мемлекеттік органдардың күш-жігерін біріктіру қажеттігі туралы бірауыздан өз пікірлерін білдірді.

Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрлер мен рухани құндылықтар негізінде отбасылық келісімге қол жеткізу, балаларды адамгершілікке тәрбиелеу жауапты ата-ананың қатысуынсыз мүмкін емес.

Форум барысында қатысушылар отбасы тәрбиесіне қатысты пікір алмасып, отбасы институтының өзекті мәселелерін шешудің тиімді жолдарын талқылады.

Секция жұмысы «Мектеп және ата-ана», «Ата-ана және қоғам», «Ата-аналар мен бала денсаулығы», «Ата-аналар мен балалардың қауіпсіздігі», «Ата-аналар мен балаларды әлеуметтік қолдау», «Ата-аналар мен балалардың цифрлық мәдениеті» тақырыптарында 6 бағыт бойынша ұйымдастырылды.

Барлық жаңалықтар