00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордалық студенттерге мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері айтылды

31.03.2023 | 23:15
Елорда ақпарат
37

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «ҚР мемлекеттік қызметі туралы» заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды талқылауға арналған семинар өтті, деп хабарлады Elorda.info.

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде студенттермен кездескен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Әли Көмекбаев жаңашылдыққа сәйкес, енді жоғары оқу орындарының түлектері мемлекеттік тапсырыс аясында конкурстық іріктеусіз бір жыл ішінде «Б» корпусының кейбір төменгі әкімшілік лауазымдарына жұмысқа орналаса алатынын айтты.

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының түлектерін жергілікті уәкілетті органдармен өзара келісім бойынша оқу мерзімі аяқталғаннан кейін бір жыл ішінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындауға мүмкіндік туып отыр.

Сондай-ақ, спикер студенттерді «Жас мемлекеттік қызметшілер мектебі» жобасының жүзеге асырылуы және Президенттік жастар кадрлық резервіне іріктеу барысы туралы хабардар етті. 

Сөз соңында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы студенттерге оқуда сәттілік тілеп, олардың өндірістік тәжірибеден өтуіне көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Жастарды мемлекет тарапынан қолдаудың жаңа шаралары білікті жастарды тартуға және жас мамандарды өңірлерде мемлекеттік қызметке тартуға бағытталған, бұл аудан мен ауылдық жерлерде кадр тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының қатысушысы атанған жоғары оқу орындарының түлектеріне жыл ішінде ай сайын 107 мың теңге көлемінде төлемақы тағайындалады. Осы уақыт ішінде олар мамандықтың барлық қыр-сырын «іштен» меңгеріп, ары қарай жұмыс орнын таңдауды шеше алады, - деді ол.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләззат Нұрқатова бұл кездесу студенттердің бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өтті. Оларды жұмыс іздеу және жұмысқа орналасу мәселелері ерекше қызықтырады. Елордада халық саны қарқынды өсуде, сондықтан еңбек нарығында жұмыспен қамту мәселелері әлі де өзекті.

Біздің студенттерге интерактивті форматта мемлекеттік қызметтегі бос орындарды іздеу алгоритмі, іріктеу тәртібі, жастар тәжірибесі және өзін кәсіби тұрғыда жетілдірудің басқа да мүмкіндіктері туралы айтылды. Соңғы уақытта келешегі зор жастар арасында мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға бағытталған әкімшілік кедергілерді азайтуға, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыруға байланысты көптеген реформалар жүргізілуде, - деп түсіндірді ол.

ЕҰУ студенті Жұлдыз Қожағұлова заңнамадағы инновациялар мемлекеттік басқару құрылымында мансаптық биіктерге жетуді армандайтын жастардың әлеуетін жүзеге асыруға тамаша мүмкіндік береді деп санайды.

Интерактивті форматта өткен тақырыптық кездесуде біз мемлекеттік қызметке тұруға мүмкіндік беретін кейбір бағдарламалармен таныстық. Бізге жұмыс табу бойынша практикалық кеңестер мен нұсқаулар берілді. Жалпы, бүгінде жас мемлекеттік қызметшілер үшін еңбек өтілі бойынша талаптар жеңілдетілді. Бұл олардың қоғамға пайдалы болуы үшін мансап сатысымен көтерілуге көмектеседі, - деді студент.

Дана ӘМЕНОВА

Барлық жаңалықтар