00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордада кәсіпкерлер жастармен табысқа жету жолдарымен бөлісті

31.03.2023 | 20:57
Сабина Кәкімжан
43

Елордада Тәуелсіздік күніне орай «Жаңа белестегі жастар» дәстүрлі форумның екінші күні өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info.

Жастарға өнегесі мол іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырып отыр. Мұнда әр саланың бизнес өкілдері студенттер мен жастарға шеберлік дәрістерін өткізіп жатыр.

Бұл форумның мақсаты – түрлі салада белгілі бір жетістікке жеткен жастарды таныстыру, олардың жүріп өткен жолы мен тәжірибесін жас буын студенттермен бөлісу. Бүгінгі спикерлеріміздің әрқайсысының өзінің айтары бар. Форумға қатысқан әр студент өмірлік бағытын таңдап, үлгі мен мотивация алады деген ойдамыз. Біз жастардың үздіксіз дамығанын қалаймыз. Бүгін залда отырған студенттерге титтей болса да көмегіміз тисе, соның өзі біздің жеңісіміз болсақ, - деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Бағдат Атымтай.

 

Форум барысында IT саласының маманы Дәулет Досаманов Қазақстанда inDrive қосымшасының ашылу тарихы, жұмысы барысы туралы маңызды ақпараттармен және пайдалы кеңестерімен бөлісті. Ал продюсер әрі кәсіпкер Азат Абыкен продюсерлік орталық ашудың қыр-сыры жайында айтты. Ол қазіргі кезде концерт-шоу ұйымдастырудың әдіс-тәсілдері туралы ой өрбітті.

Ал «Болашақ» бағдарламасымен Қытайда тоғыз жыл құрылысшы-инженер мамандығы бойынша қытай тілінде білім алған Олжас Сүлейменов жастарға Тәуелсіздіктің маңыздылығы туралы түйінді ойларын жеткізді. Өйткені ол елден жырақта өмір сүрудің қандай екенін жақсы біледі.

Елдің қадірін жырақта жүргенде түсінеміз ғой. Мен 9 жыл Шанхай қаласында тұрдым. Бүгінгі тақырып – «Тәуелсіздікті мен қалай түсінемін?» Тәуелсіздік қаншалықты қымбат екенін туған елден жырақта оқығандықтан жақсы түсінемін деп ойлаймын. Ол расымен де басты құндылықтарымыздың бірі. Қазір біз тәуелсіз елде тұрып жатырмыз. Соны көзіміздің қарашығындай қадірлеуіміз керек деп есептеймін. Шанхайда көптеген ұлт өкілімен бірге оқыдым. Бір айта кетерлігі, сол кезде ұлты бар, бірақ тәуелсіз мемлекеті жоқ қаншама азаматты кездестірдім. «Біз елімізге қайтып бара жатырмыз» дегенде солар бізге қызығып қарайтын. Тіпті анда-санда өзінің еліне қайтатындай сондай Тәуелсіз елім болса деп бізге жиі айтатын. Мұндай сезім көздерінен көрініп тұратын, - дейді «Qazaqstan Team» республикалық қоғамдық жастар бірлестігінің жетекшісі Олжас Сүлейменов.

Ол сөз арасында қазіргі жастардың жасандылықты ұнатпайтынын айтты.

Форумға жиналған қатысушыларға жаттанды сөздер емес, осындай өзімнің басымнан өткен дүниелермен бөлісуге келіп отырмын. Өйткені жастар жасаңдылықты ұнатпайды. Олармен шынайы сөйлесу керек. Жастарымыз өте ұшқыр ойлы әрі мемлекетшіл. Олар да Тәуелсіздіктің қадірі мен маңыздылығын өте жақсы түсінеді. Сондықтан әңгіме барысында жастардың да осыған қатысты ой-пікірін тыңдауға келдім, - деді Олжас Сүлейменов.

Форумға қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері жиналды.

Бұл – өте пайдалы форум. Әсіресе маған қазіргі таңда бүкіл әлемге қазақтың қүндылығы жоғары аспабы домбыраны насихаттауды мақсат еткен спикерлердің айтқандары ұнады. Шығармашылық салаларда жемісті еңбегімен ерекшеленіп,  ұлт руханиятының өркендеуі жолында еңбектеніп, үлесін қосып келе жатқан спикерлер өзінің пайдалы ақпараттарымен бөлісіп жатыр. Ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз, - деді Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бірінші курс студенті.

Ал форумға қатысушылардың бірі мұнда айтылған пайдалы әрі тегін ақпаратттарды алдағы уақытта өз қажетімізге жарататанымыз анық дейді.

Мұнда әр салада жетістікке жеткен кәсіби мамандар өз кәсіптері жайында қарапайым тілмен  баяндап жатыр. Олардың тақырыптары да әртүрлі. Біреуі IT туралы айтса, енді біреуі музыка жайында әңгіме өрбітуде. Бастысы – барлығы тегін. Мұнда жиналғандар өздеріне қажетті ақпаратты алды деген ойдамын. Сондай-ақ алдағы уақытта пайдасына асырып, еліміздің дамуына өз үлестерін қосады деп ойлаймын. Өйткені мұнда келген спикерлер –  өз кәсібі туралы айтары бар азаматтар, - дейді М.Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің 1-курс студенті Максим Ряснов.

Барлық жаңалықтар