00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Пәтеріне кран құлаған елорда тұрғыны оқиғаның қалай болғанын айтып берді (ВИДЕО)

25.02.2023 | 05:42
Елорда ақпарат
48

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі тұрғын үйге кранның құлауына қатысты тексеру жүріп жатқанын айтты. 

Ал бас мердігер барлық материалдық залалды қалпына келтіреміз деп отыр. 

Біз бас мердігер ұйым ретінде толық қалпына келтіреміз. Барлық материалдық залал. Мен оларға бұдан да жақсы терезелерді қойып беремін, уәде беремін. Өз қалтамнан. Бас мердігер компания атынан, – дейді «Интехконтракт» ЖШС директоры Ренат Бөкеев «Астана» телеарнасына берген пікірінде. 

Төрт баласы бар ерлі-зайыптылар қорқып қалғандарын айтады. Дегенмен әзірге олардың оқиғаға кінәлі тарапқа қояр талабы жоқ. Жөндеу жұмыстары біткенше отбасына жалдап тұратын пәтер тауып береді.

Оқи отырыңыз: Елордада кран көпқабатты үйге құлап кетті (ВИДЕО)

Әлі де шокпен жүрмін. Жұбайым сол сәтте тамақ істеп жатқан. Мына кран оның жанына құлады. Екі бала мектепте, екеуі үйде болды. Кішкентайлар қазір көшеде отыр, – дейді пәтер иесі Қанат Байниятов.

Нұр-Сұлтан қаласының Орта сапасы және бақылау басқармасының еңбек инспекциясы автокранды тексеріп, қорытындысында жүк көтеру механизмін іске асыруда өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелері бұзылғанын анықтады. Оқиғаны тергеу қорытындысына сәйкес мердігерге Қазақстан заңы бойынша шара қолданылады.

Оқиға болған жерге қаланың Есіл ауданы әкімінің аппараты, Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаменті, Орта сапасы және бақылау басқармасы мамандары барды, – деп жазылған әкімдік мәліметінде.

Ресми ақпарат бойынша, арнайы құрылған жұмыс тобы қаланың құрылыс нысандарындағы 121 мұнаралы кранды тексерген.

Тексеру қорытындысында 81 кранның жұмысынан ереже бұзу фактілері анықталды. Мұнаралы крандардың техникалық құжаттамасының болмауы ереже бұзуға негізгі себеп болып отыр. Аталған мұнаралы крандардың жұмысы кемшіліктер қалпына келгенше тоқтатылды, - деп жазады әкімдіктің баспасөз қызметі.

Барлық жаңалықтар