00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Байқоңыр ауданында Жастарға қызмет көрсету орталығы ашылды

25.02.2023 | 02:26
Елорда ақпарат
54

Орталықты ашудағы мақсат – мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, жастарды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар және жастар арасындағы өзекті мәселелер болып табылатын: жұмыссыздық, тұрғын үй, білім, денсаулық және тағы басқа бағыттар бойынша консультативтік көмек көрсету және NEET санатындағы жастардың санын азайту.

Жастар саясаты мәселелері басқарма басшысы Қайрат Қамбаровтың сөзінше, мұндай орталық тағы 3 ауданда ашылатын болады. Басты мақсат – жастардың үй және жұмыс мәселесін шешу.

Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласы Жастар саясаты басқармасының басты бағыттарының бірі – жастарымызға жан-жақты қолдау көрсету. Осы орайда, қала басшысы Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің тапсырмасымен және қолдауымен бүгін жастарға қызмет көрсету орталығы ашылып отыр. Орталықта «Отбасы банк» АҚ, Жұмыспен қамту орталығының және «Астана жастарының» қызметкерлері қызмет көрсетеді. Осы орталық базар маңынан ашылды. Өйткені, базарларда жастар көп шоғырланады. Жалпы, елорда базарларында 3 мыңға жуық жас жұмыс істейді. Олардың көбі тұрақты не тұрақсыз жұмыспен қамтылған. Осы ретте, оларға жеңілдетілген несиемен үй алу және жұмысқа орналасу бойынша қызмет ұсынады, – деді Қайрат Тельманұлы.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Азамат Байтасовтың айтуынша, орталық арқылы кәсіптік бағдар беріліп қана қоймай, бизнесті дамыту бойынша да гранттар алуға болады.

Жастарға қызмет көрсету орталығында жұмыспен қамту мәселелері бойынша қызмет көрсетіледі. Нақтырақ айтсақ, тұрақты жұмыс іздеу, егер тұрақты жұмыс таппаған жағдайда мемлекеттік қолдау көрсету. Бұдан бөлек, ақпараттық түсіндіру жұмыстары, кәсіптік бағдар береміз. Яғни, мамандығы жоқ немесе біліктілігін жоғалтқан азаматтарды қайта оқыту курстарына жолдаймыз. Ол курстар тегін, оқу мерзімі үш ай. Одан кейін мемлекеттік үлгідегі куәлік беріліп, жұмысқа орналастырамыз. Оқу барысында ай сайын 21700 теңге көлемінде мемлекеттік стипендия беріледі. Сонымен қатар «Бастау бизнес» бойынша кәсіппен айналысамын деген жастарға қайтарымсыз грант беріледі. Қазіргі таңда грант сомасы 1 млн 225 мың теңге, – деді Азамат Елемесұлы.

Ақпарат үшін айта кетсек, Байқоңыр ауданының жастары үшін Жастарға қызмет көрсету орталығы «Big Шанхай» сауда орталығына қарама-қарсы, Алаш тас жолы, 34/5 мекен жайында орналасқан. Қызмет көрсету бағыттары: жастар бастамаларын қолдау (бизнес ашу, іс-шаралар ұйымдастыру, жобаларды қолдау); жұмысқа орналастыру (Жастар практикасы / қоғамдық жұмыстар); мемлекеттік бағдарламалар - тұрғын үй мәселесі, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік – Тұрғын үй кезегіне тұру жүйесі, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ және жеке кәсіпкерлер арқылы жұмыспен қамтамасыз ету, «Атамекен» және «Отбасы банк» АҚ бірлесе консультациялық көмек көрсету;  психологиялық және құқықтық көмек; бос уақытын тиімді пайдалану – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» КММ ұйымдастыруымен өтетін мәдени спорттық іс-шаралар жоспары, Аула клубтарының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мекен-жайлары, үйірмелер саны және жұмыс уақыты; волонтерлық жұмыс –қалалық деңгейдегі еріктілік жұмыстарға тарту.

Барлық жаңалықтар