00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордада тарихи шындықты зерттеу мен зерделеу мәселелеріне арналған конференция өтті

24.02.2023 | 19:16
Елорда ақпарат
45

Ұлттық қасіретке айналған саяси қуғын-сүргін құрбандарын анықтау жөніндегі қалалық комиссияның бұған дейін атқарған еңбегін қортындылау және келер жылы атқаратын жұмыстары жөнінде бағыт-бағдар беру мақсатында өткізілген алқалы басқосуда қала әкімі алдымен саяси-қуғын сүргінге ұшырағандарды анықтаудың маңызына тоқталды.

“Еліміз егемендік алғаннан бері мемлекет тарапынан ұлттық тарихымызға деген құрмет пен қолдау жоғары деңгейде жүруде. Елбасының тікелей тапсырмасымен көптеген жоба іске асырылып, олардың шеңбері аясында шетел архивтерінде сақтаулы жатқан деректердің көшірмелері алынып, тарихымыз туралы мәліметтер толықтырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырмасы да қоғамда кең қолдауға ие болды. Ұлттық қасіретке айналған қызыл қырғын кесірінен халқымыздың бетке ұстар тұлғалары атылды, жер аударылды. Тарихтың осы ақтаңдақ кезеңі туралы шындық әлі де толықтай ашылған жоқ. Осыған орай Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаевтің тапсырмасына сәйкес саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі қалалық комиссия құрылды”, – деді Алтай Көлгінов.

Сонмен қатар қала әкімі өңірлік комиссия мүшелерінің негізгі жұмысы архив және тарихи материалдарды ақтарып, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың есімдерін анықтау және олар туралы музей ашу ісін пысықтау, сондай-ақ қуғын-сүргінге ұшырғандарды тарихи тұрғыдан бағалауға қатысты материалдарды жинау және талдап пайдалануға бағытталғанын жеткізді.

2021 жылғы 26 қаңтарда қала әкімінің қаулысымен құрылған комиссия қарамағында 5 жұмыс тобы қызмет істеп жатыр. Әр топтың құрамында 5 адам бар. Комиссияда тарихшы-ғалымдар, өлкетанушылар, мұражай мен архив саласындағы мамандары, мемлекеттік әскери жне құқық қорғау органдарының өкілдері қамтылған. Олар өздері зерттеп, зерделеген материалдарын жылына 2 рет мемлекеттік комиссияға жолдап отырады.

Шара аясында өңірлік комиссияның мүшесі, жұмыс тобының жетекшілері Ғазиза Тұрмағанбетқызы, Күлпаш Мырзамұратқызы, Құрманғали Ғазезұлы баянадама жасап, комиссияның атқарған жұмыстарына тоқталды.

2020 жылы 24 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы Мемлекеттік комиссия аясында республикалық жұмыс тобы 11 бағыт бойынша жұмысқа кірісті. Ал 14 облыс пен республикалық маңызы бар қалаларда өңірлік комиссия құрылып, саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысы басталғанына да 1 жыл болды. Нұр-Сұлтан қаласының өңірлік комиссиясы болса, «Тәуелсіздік жолында қудаланған күрескерлерді», «Ұлт азаттық көтерілісінің құрбандарын», «Ашаршылық құрбандарын», «Мал-мүлкі тәркіленген, жер аударылған бай-манаптарды» анықтау сынды 9 бағыт бойынша іске кірісті. Қысқа ғана уақыт ішінде көп жұмыстар атқаруға тырыстық. Сондай-ақ, қуғын-сүргін құрбандарын анықтау жөніндегі Мемлекеттік комиссия ұйымдастырған іс-шараларға белсене қатысып, өз жұмыстарымыз жайлы есеп беріп, тәжирибелерімізбен бөлістік”, – деді Ғазиза Тұрмағанбетқызы.

Шараның соңында қала әкімі А. Көлгінов өңірлік комиссия жұмысын жүйелі түрде жалғастыру, алдағы жылда атқарылатын жұмыстарды белгілеп, жұмсалатын қаражат мөлшерін анықтау жөнінде нұсқау берді. Сондай-ақ бұқарарлық ақпарат құралдарында саяси қуғын-сүргін құрбандары жайлы мәліметтерді, мақалаларды жариялау, жинақталған материалдарды саралап, кітап құрастыру қажет екенін атап өтті.

Айта кетейік, конференцияға қала әкімдігінің өкілдері, жұмыс тобының мүшелерінен өзге, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерен еңбек сіңіріп жатқан тарих пәнінің мұғалімдері де қатысты. Шара қатаң карантиндық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Барлық жаңалықтар