00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Магистратураға гранттар тағайындау конкурсына құжат қабылдау басталды

11.08.2023 | 10:00
55

Бүгін магистратураға білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылдау басталды. Ол 20 тамызға дейін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары, оның ішінде виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы жүзеге асырылады, деп хабарлады Elorda.info.

Барлығы 40 мыңнан астам адам магистратураға түсу үшін емтихан тапсырды. Оқуға түсушілердің 41%-ы немесе 16 мыңнан астам адам шекті балл жинады. Олар грант конкурсына қатыса алады.

Магистратурада оқуға арналған білім беру гранттары кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде тағайындалады. 

Грант конкурсына құжаттарды қабылдау 11-20 тамыз аралығында ЖОО-лардың қабылдау комиссиялары, оның ішінде онлайн виртуалды комиссиялар арқылы жүзеге асырылады. Яғни, болашақ магистранттар құжаттарын дәстүрлі және онлайн форматта тапсыра алады, - делінген Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарламасында.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет: жеке куәліктің көшірмесі, жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы); КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда). 075/у нысанындағы медициналық анықтаманы жоғары оқу орнына түскенде тапсырады.

Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады. 

Магистратураға түсушілер 13 мың мемлекеттік білім грантына үміткер бола алады.

Магистратураға білім беру гранты иегерлерінің тізімі 26 тамызға дейін ҚР ҒЖБМ ресми сайтында және әлеуметтік желілерінде жарияланады.

Барлық жаңалықтар