00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Студент көп, орын жоқ: Ірі қалалардағы жатақхана мәселесі қашан шешіледі?

28.08.2023 | 07:30
64
Фото-коллаж: Elorda.info

Жаңа оқу жылымен бірге  шешімін таппай келе жатқан ескі мәселелер де шығады. Солардың бірі – жатақханаға орналасу. Аталған мәселе жыл сайын студентпен қоса ата-аналарды да әуре-сарсаңға салады. Elorda.info тілшісі санаулы күннен соң басталатын жаңа оқу жылының алдында  студенттерді жатақханаға орналастыру мәселесі қалай шешіліп жатқандығына қатысты сараптама жасап көрді. 

Аталған мәселе елдегі өзге қалаларға қарағанда Алматы мен Астанада өзекті болып тұр. Осы екі мегаполисте баласы грантқа түскеніне қуанғанмен жатып оқитын жер тауып бере аламй жүрген ата-аналардың қарасы қалың.  

Елорда тұрғыны Нұрболат Туысбайұлының биыл мектеп бітірген қызы Алматыдағы Кенжеғали Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес-университетіне оқуға түскен. Алайда Мемлекеттік грант ұсынып қуантқан  оқу орнының келген студентін орналастыратын өз жатақханасы жоқ болып шыққан. Сонымен, сабылыс басталған. 

Адам баласы өз басынан өткенде ғана жағдайды түсінеді екен. Біз, әсіресе, Інжу қызымыз арман қуып Алматыға барғанда жатақхана мәселесі алдымыздан шықты. Құжат тапсырған оқу орын базасында, өкінішке қарай, жатақхана жоқ екен. «Проблема!» дедік. Бізден құжат қабылдаған тарап университеттің бір ғана хостелмен серіктестік орнатқанын айтты. Ол жерде студент үшін ай сайын белгілеген төлем ақшасы – 60 мың теңге екен. Алматыға өз аяғымызбен барып тұрғасын оны да көрейік деп шештік. Қызымыз Інжу де өз көзімен көрсін дедік, - деді ол.

Бірақ, оларға хостел ұнамаған. Себебі, ол жерде студент тұру үшін қажетті жағдай жасалмаған болып шыққан.  

Екі қабатты шағын ғана ғимарат екен. Әр бөлмеде 6-8 адамға арналған екі қабатты жатын орындар тұр. Әр бөлменің ауданы – шамамен 15 шаршы метр. Тіпті, одан да аз болуы мүмкін. Екі қабаттан тұратын төсек орын және «занавеска»! Едені – «жалаңаш», кілемше де төселмеген. Қысқасы, алаңсыз  орналасып тұра беретіндей жағдай жоқ. Киім жуатын бөлмесі ғимараттың жер төлесінде ерлердің жуын бөлмесімен қатар орналасқан, - деді студенттің әкесі. 

Оларға ұнамаған тағы бір жері  – хостелде студенттерден басқа да келушілер емін-еркін орналаса алады екен. 

Ол шетелдік болуы мүмкін, ол ішіп келген мас та болуы мүмкін. Ақшасын төлесе, орналаса береді. Хостелде студентке жеңілдікпен 60 мың теңге, бұл жоғарыда оқу орны маманы айтып кеткен серіктестің пайдасы екен.  Ал, өзгелер үшін  белгіленген тариф – 70 мың теңге. Сонда университет бұл хостелмен 10 мың теңге жеңілдік үшін ғана серіктестік орнатқан ба деген ойға қалдық, - дейді кейіпкеріміз.

Амалы таусылған әке қызына пәтер жалдап беруге  шешім қабылдаған. 

Ойласа келе, ең тиімдісі – қыздармен пәтер жалдап тұру екенін ұқтық. Ол үшін жаңа ортаға түсіп отырған баламызға біршама уақыт керек болды. Өзімен әңгімесі мен сөзі, мінезі жарасатын, оғаш қылығы жоқ құрбы тапқан соң пәтерін жалдап, оқуын оқи берер. Қазір Інжу Алматыда тұратын апасының қасында. Жаңа оқу жылының басталар сәтін күтіп жатыр... – деп сөзін түйіндеді Нұрболат Туысбайұлы. 

 Осы тұста Алматы қаласында пәтер жалдау құнының шарықтап кеткені күн сайын айтылып жатыр. Біз жалға берілетін жылжымайтын мүліктерді  жарнамалайтын бірнеше агенттіктің сайтына кіріп көрдік. Байқағанымыз шынында да баға аспандап кеткен екен. Мәселен, осыдан бір ай бұрын жалдау құны 150-170 мың  теңге болып тұрған бір бөлмелі пәтер құны 240-260 мыңға бір-ақ секірген. Бұл соманы кез-келген ата-ананың қалтасы көтере бармесі анық. Бұл  жоғарыдағыдай оқу грантын алғанымен жатақханасы мүлдем жоқ немесе орын жетіспеушілік мәселесі бар оқу орындарына түскен мыңдағанс студенттердің ата-анасына ортақ мәселе болып қалып тұр.  

Алматыдағы Сәтбаев университетінде қазіргі кезде жатақханаларында 2000-ға жуық студентке орын бар.

Сәтбаев Университетінің меншігінде 2075 орны бар 6 жатақханасы бар, оның ішіне Жас ғалымдар үйі де кіреді. Қазіргі кезде жатақханаға орналасуға 2400-ге жуық өтініш түсті. Алдымен, бірінші курс студенттері, әлеуметтік жағдайы төмен студенттер қамтылады, - деді Сәтбаев университетінің Жастар ісі және спорт департаменті директоры Әділхан Төлепберген. 

Ал тұратын жерсіз қалып қойған студенттерге ахуалдық орталығында арнайы call-центр ашылған. Университет өкілі мұқтаждардың барлығына орын тауып беру жағын қарастырып жатқанын жеткізді.

Қазір 7 хостелмен келісім-шартқа отырып, қосымша 616 орын таптық. Ал оның құны бөлмеде жататын адамдар санына байланысты: 30 000-55 000 теңге аралығында. Сондай-ақ тағы  2 хостелмен келісім-шартқа қол қойып, қосымша 800 орын пайда болады, - деді департамент директоры. 

Мұндай мәселе елордада да  бар. Астана қаласы мәслихатының төрағасы Ерлан Каналимовтың айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы 16 мыңға жуық студентке жатақханадан орын жетіспейді. 

Қазіргі кезде Астанада 16 ЖОО мен 30-дан астам колледж бар. Онда 100 мыңнан аса студент оқиды. Шамамен 15 800 студентке орын жетіспейді. Қазір инвесторлар тартып, жатақхана салу жоспарланып отыр. Бүгінде 30 инвесторға 6  ЖОО жанынан жер бөлінді. Құжат жұмыстары реттелген соң құрылыс басталады. Сол арқылы біз 12 мың орындық жатахана тапшылығын жоямыз. Оған 1 жарым жыл уақыт қажет, - деді мәслихат төрағасы жақында студенттердің жатақханасының жай-күйімен танысып шығу кезінде. 

Қазіргі кезде олар студенттерді хостелдермен жекеменшік жатақханаларға орналастырып жатыр.

Қазіргі кезде Еуразия Ұлттық университетінде жатақхана бағасы жылына 120 000 мен 200 000 аралығында. Одан бөлек студенттерді хостелдермен жекеменшік жатақханаларға орналастырып жатырмыз. Олардың бағасы орташа ессппен бір айға 30 мың теңгені құрайды. Бұл қосымша орындарға  шамамен 1500-ге жуық студентті орналастырамыз деп отырымыз, - деді ЕҰУ Студенттік үй дирекциясының директоры Мерей Шәменов.

Оның айтуынша бүгінгі таңда университет студенттері үшін жеке инвесторлар есебінен екі жатақхана құрылысы жүргізіліп жатыр. 

Дегенмен, жыл сайын Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен елдегі жоғарғы оқу орнынан бөлінетін мемлекеттік оқу гранттарының саны өсіп келеді. Бұл бір жағынан жақсы болғанымен, оларды орналастыратын жатақхана мәселесі толық шешіле қоймағанын көріп отырмыз. Бұл тұрғыда да Президентіміз өткен жылғы жолдауында жоғарғы оқу орындарының  базасында жатақханалар санын көбейтуді тапсырған болатын.

Барлық жаңалықтар