00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Ақпан айында ауа райы қандай болады

31.03.2023 | 22:32
Елорда ақпарат
23

«Қазгидромет» РМК синоптиктері ақпан айына арналған ауа райы болжамын жариялады, деп хабарлады Elorda.info.

Ақпанның бірінші онкүндігінде республиканың оңтүстік жартысының тұрғындарын жылы және жауын-шашынды ауа райы күтеді.

Оңтүстік циклондардың жиі шығуы қарқынды жауын-шашынның түсуіне әкеледі, Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Ауа температурасы түнде -2+5°С-қа дейін, күндіз +5+12°С-қа дейін жоғарылайды.

Онкүндіктің соңында қайтадан түнде -3-15°С-қа дейін, күндіз 0,+8°С-қа дейін салқындайды. Еліміздің батыс аймақтарына Солтүстік-батыс циклонмен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді, бірінші онкүндікте батыс аймақтардың тұрғындарын ауа райының тұрақсыз сипаты, жаңбыр мен жылбысқы қар түріндегі аралас жауын-шашын мен екпінді жел күтеді. Ауа температурасының күндізгі фоны -3+5°С шегінде болжанады.

ҚР қалған аймақтарында бірінші онкүндіктің бірінші жартысында Сібір антициклонының әсерімен аязды, негізінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Кезеңнің екінші жартысында Сібір антициклоны әлсірейді, Жерорта теңізі аудандарынан циклон республиканың солтүстік-батысына қарай жылжиды, еліміздің солтүстік жартысында атмосфералық фронттардың күшеюімен қар жаууы, бұрқасын, желдің күшеюі 15-25 м/с дейін болжанады, - делінген синоптиктер болжамында.

Ауа температурасы жоғарылайды:

- еліміздің солтүстігінде түнде -20-28°С-тан -15-20°С-қа дейін, күндіз -8-18°С-тан -5-10°С-қа дейін;

- орталық аймақтарда ауа температурасы түнде -13-28°С-тан -7-15°С-қа дейін, күндіз -7-12°С-тан -1-7°С-қа дейін ауытқиды;

- еліміздің шығысында ауа температурасының басым фоны түнде -15-28°С, күндіз -5-15°С шамасында болжанады.

Ауаның орташа айлық температурасы республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Шығыс Қазақстан облысында, Абай облысының басым бөлігінде, Павлодар облысының солтүстік-шығыс жартысында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының қиыр оңтүстігінде, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының оңтүстік жартысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан 1° жоғары болады деп күтілуде.

Осы жылдың ақпан айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде норма шамасында, Түркістан, Жамбыл облыстарында, Қызылорда, Алматы облыстарының басым бөлігінде, Шығыс Қазақстан облысының оңтүстік-шығыс жартысында, Абай облысының қиыр оңтүстік-шығысында және Жетісу облысының оңтүстік-шығыс жартысында нормадан көп болады деп болжануда.

Ақпанның екінші және үшінші онкүндіктерінде республика бойынша ауа райының тұрақсыз сипаты болжанады: еліміздің басым бөлігінде негізінен қармен бұрқасын, ҚР оңтүстігінде жауын-шашын (жаңбыр, қар), тұман, көктайғақ күтіледі, - деп хабарламада.

Ауа температурасының ауытқуы күтілуде:

- еліміздің батыс өңірлерінде түнде -15-25°С-тан -7-15°С-қа дейін, күндіз -5-10°С-тан -5+5°С-қа дейін;

- республиканың солтүстік, орталық және шығыс өңірлерінде түнде -20-30°С-тан -10-15°С-қа дейін, күндіз -10-15°С-тан -2-7°С-қа дейін;

- ҚР оңтүстігінде, оңтүстік-шығысында түнде -10-18°С-тан 0,-5°С-қа дейін, күндіз 0,-5°С-тан +3+10°С-қа дейін.

Барлық жаңалықтар