00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

«Қылмыстық топтың мүшесі емеспін»: Мұхамеджан Тазабек Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болғанын айтты

25.02.2023 | 14:37
Елорда ақпарат
52

Nege.kz жазуынша, Мұхамеджан Тазабек ешкімнен қашып жүрген жоқ. 

«Қайрат ағамен түскен сапасыз суреттерді ап тастадым»

– Әлеуметтік желіден байқағанымыздай, Түркияда, Дубайда, Грузияда жүрсіз. Не себеп?

– Қазір шығармашылық демалыстамын. Біраз ойда жүрген жұмыстар бар еді. Соларды қолға алудың реті енді келді. Басталып, аяқталмай тұрған кітаптар бар. Күнделікті қарбалас мойын бұрғызбаған еді, арнайы уақыт бөліп, тәмамдауға жақын қалдым.

Оның үстіне он бес жылдай толассыз тірліктің соңында жүрдік. Арнаны аяғынан тұрғызу, жолға қою деген жанталаспен жан-жаққа да жақсылап қарай алмадық. Шетелге сапарлап барсақ та, бір ізбен барып, бір ізбен қайттық. Айналаға ақындық көзбен қарап, көрген-білгенімізді де ғибрат ретінде елмен бөлісудің орайы келмеді.

– Қазір енді қолыңыз босады ма?

– Аллаға шүкір, қазір арнаның жұмысы бір арнаға түсті. Алға шығып жапырып жатпасақ та, артта қалып аңтарылып тұрғанымыз жоқ. Миллиондаған көрерменіміз бар. Әлеуметтік желіде бес миллондай жазылушы жанашырымыз бар. Ондаған жылдар бойы тәрбиелеген шәкірттерім мен командам өз істерін мені іздетпей атқаратын хәлге жетті.

Сондықтан, шақырған достарымның тілегін қабыл алып, ел кезіп, еркін шығармашылық демалыста рухани жұмыс істеп жатырмын.

– Кейбіреулер сіздерді «Қайрат Сатыбалды ұсталған соң бой тасалап қашып кетті», «Өздеріне тықыр таянған соң кетті» дейді. Бұған не айтасыз?

– Біреуден қашатындай ешкім мені іздеп жатқан жоқ. Қоғамның алдында да, мемлекеттің алдында да бетім ашық. Алматыға келіп-кетіп, кіріп-шығып жүрмін.

– Қайрат Сатыбалдыны аға тұтатын едіңіздер. Оны қамауға алғанда неге араша түспедіңіздер?

– Қайрат аға жайында оң пікірлерім мен бауырлық көзқарастарым эфирде айтылды. Көзіқарақты жанның бәрі хабардар. Отбасымен байланыстамыз. Жеңгей тарапынан сұраныс болған барлық қажеттіліктерге қолдан келген жәрдемімізді жасап жүрміз.

– Қайрат Сатыбалдыға неге ешкім ара түспеді?

– Қайрат аға қандай сауапты садақа жасаса да, Алла үшін істеді. «Ертең мені қолдасын, мен үшін басын бәйгеге тіксін» деп ешкімді умраға апарған жоқ. Сондықтан да ағаның жәрдемін көргендер әлеуметтік желіні шулатпаса да, дұғаларында Алладан жеңілдік сұрап жүргендеріне ешбір шүбәм жоқ.

– «Қайрат Сатыбалдымен бірге түскен бүкіл суретін әлеуметтік желіден өшіріп, тазартып тастады. Бұл – екіжүзділік» дегендер бар. Солай ма?

– Сапасы төмен кейбір фотоларды ап тастағаным болмаса, негізгі бірге түскен суреттеріміздің бәрі парақшамда тұр.

Билік маңайындағылармен бизнес жасап көргем жоқ. Қайрат ағаның өзімен рухани, мәдени жобаларда рухтас болғанымыз болмаса, бірде-бір дүниелік істерде ортақ болмаппын.

Сондықтан істің соңын мейірімді Аллаға, сосын соттардың әділдігіне тапсырамын.

«Бекболат аға саясатта жоқ...»

– Бекболат Тілеуханға қатысты біраз шу болып жатыр. Ол кісімен байланысыңыз бар ма?

– Түсінген адамға Бекболат аға өзі жақсылап жауап қайтарды ғой. Түсінгісі келмейтін жан көктен уахи келсе де бой бермейді.

Тарих куә. Бекболат аға өткен жылы «Дүниежүзілік этноспорт» басшысының бірінші орынбасарлығына тағайындалғанын жариялап еді ғой. Сол қызметін табысты жалғастырып жатыр.

Саясатта жоқ. Мәдени, рухани, спорттық жобалары көп. Ағаның тәжірибесі сол жерде жемісін беріп жатыр.

– Әйтсе де, даттағандар да, жақтағандар да көп болды…

– Жалпы айтарым, жамандалғанның бәрі жаман боп қалмайды, мақталғанның бәрі соңына дейін сүйкімді болуы қиын.

Кімнің іші таза, ниеті дұрыс, амалы әділ болса, ертең-ақ жарқ ете қалады. Біз құлдық санадан толық құтылмай жатып, арам пиғылдылар зәлімдікпен тарқатқан арандатушы ақпаратқа тұншығып қалған қауымбыз.

Ең жаманы сөзге еретінімізді алыс-жақындағы дұшпандар толық біліп болды. Бұл – қазақтың қасіреті. Жасылды көк, қасқырды ит-құс деп жобалап, жұмбақтап сөйлегеніміздей, қазір де досты дос, жауды дұшпан деп айта алмай отырмыз. Біреу бір сағаттық сұхбатты ютубқа жүктесе, жүктелгеніне он минут өтпей лас пікірлер жаза бастаймыз. Себебі, толық көрмейміз. Соңына дейін тыңдауға шыдамымыз жетпейді.

Естіп алған өсегіміз – тәтті, күмәніміз – қымбат. Бауырды қиып жібереміз, бірақ естіп алған өсекті қимаймыз.

– Референдум кезінде «кофеленіп, әтірленіп» деп басталатын суырып-салма өлеңіңіз көптің талқысына, сынына қалды. Назар аудару үшін жазылған дүние ме, әлде қалай?

– Ол ұйқаста тұрған еш нәрсе жоқ. Кісі барды көрмейді, іздегенін көреді. Ардақты ана тіліміз барлық жерде қолданылып, ютуб-сериалдарының тілі түзеліп, жастардың бәрі боқтық сөз араластырмай сөйлеп, билік қазақ тілінде түс көріп, ең соңғы проблема менің бір ұйқасыма тіреліп қалса, сол кезде айтыңыз, мен басқа ұйқас іздеп көрейін. Біздің жарамыз жеңіл ғой.

«Светқали – жай ақын емес, шын ақын»

– Мұхамеджан Тазабектің жазбасы – жаңа билікке жағымпаздану, сол арқылы санатқа кіріп, сапқа тұру» деді ақын Светқали Нұржан. Не дейсіз? 

– Ал, жарайды, санатқа кіріп, сапқата тұрғанның несі жаман?  «Мен жүрейін ол болмасын» дейтіндей Жаңа Қазақстан белгілі бір топ пен әлде біреулердің меншігі ме еді?

Әрқайсымыз жаңа биліктің жақсы ісі болса қолдап, жаманы болса түзетіп, осы елдің санатында жүруіміз керек. Ондай ниеттің еш ерсілігі жоқ.

Отқа айдаса боққа қашып, қырсығып, қыңырайып жүргендерден қоғамға не пайда? Менің бірқатар жылы өлең жолымнан билік бұзылып кетпес. «Сайлауға барамын» деп, елді ортақ шаруаға үндеуді жағымпаздық деп ойламаймын.

Мен де осы елдің азат адамымын, ескі билікте тізгін ұстағам жоқ, қылмыстық топтың мүшесі емеспін. Керісінше, миллиондаған қолдаушысы бар рухани бағытта қызмет жасап жүрген қоғам қайраткерімін. «Санатқа кіріп, сапқа тұрып кететін болды» деген не қорқыныш?

– «Мұхамеджан Тазабек – қазақ ұлтынан, ұлттың рухани құндылықтарынан тамыр үзген азамат» деді тағы.  Бұған не айтар едіңіз?

– Соңғы он бес жыл бойы айтылып, тізесі шыққан айыптаулар ғой. Жаңа бірдеме айтты ма десем. Ондай жаланы естіп, тексеретіндер тексеріп, ақтайтындар ақтап, боқтайтындар боқтап қойғалы қашан?!

Кешегі Ұлытау төрінде өткен құрылтайда Тоқаевтың айтқан: «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидасы қазіргі темірқазығымыз болу керек.

Қанша адам болса, сонша пікір бар. Кім қандай пікірді ұстанса да, ортақ құндылыққа қызмет ету – ұлы мұрат. Мен жайлы, сен жайлы, ол жайлы да әртүрлі пікір болу керек. Еркін пікірдің заманы туып жатыр. Біреу шыңнан қыран секілді саңқ етеді, біреу құдықтың түбінен құрбақа секілді бақылдайды.

Қазір бір-бірімен ұстасып алған қазақ емес, ішін кең ұстап, әлемдік дамуларға қарай қадам басқан қазақ ұтады. Үш жүз жыл пайда бермеген ішкі тіресу, ғылым мен технологияның заманында тіптен уақыт жоғалтатын нәрсе емес.

– Ақын ағамыз сонда сізге жала жауып отыр деп есептейсіз бе?

– Мен жайлы пікір айтқан сұхбатының соңында ағамыздың өзі артық кеткенін мойындап, көрермендерден кешірім сұрап отыр ғой, «ақындық дегеннің бір міні – қызбалық» деп.

– Айыптауларға айтатын басқа жауабыңыз жоқ па?

– Өзіне жақсы болса ағалар айта берсін. Ештеңе етпейді. Содан іші босап, жеңілдеп қалса, айтсын. Дүние эмоция мен күдіктен ғана тұрмайды ғой.

Алланың заңы бар, адамның заңы бар. Айтқан айыбы қанша үлкен болған сайын әуелі өзіне қиын, сосын тыңдарманға обал. Бәрі болмаса да, ақынның сөзін сыйлайтын кейбір адам сеніп те қалуы мүмкін.

Сенгесін, шатасады, ғайбатқа, өсекке үлес қосады. Аталы сөз айтатын ақсақалдық жасқа келгенде бір сағат сұхбаттасып көрмеген беймәлім адамның сыртынан үкім шығарып, өкпе түгілі өлімге қию – қазіргі қазақ қоғамының үлкені қасіреті!

Бірақ, ол кісі шабытты ақын болғасын, көңіліме көп алған жоқпын. Жәй ақын емес, шын ақын. Иманның қазығына тұқыртып байламаса, ақындық арынның жықпайтын жары, ұялтпайтын жері жоқ екені құранда жақсы айтылған.

Ақын ағамыз бізді терроризмге айыптап, «Сирияда өлгендердің құнын сендерден алам» деп бопсалап, қолмен жасамақ түгілі ойман орындауға қорқынышты істе айыптап, шын шығармашылық қиялдың ақыны екенін әбден танытыпты.

Алла Тағала құранда арқалы ақындар жайлы: «Сондай-ақ олар өздері істемейтін істерді сөз қылады...» («Шұғара» сүресі 226 аят) деп бекер айтпағанын түсініп қойғаныма біраз болған.

«Қаңтарда Алматыда болдым»

– Қысқасы, көпшілік сіздерді сәләфилік ағымды ұстанушылар ретінде айыптап, билік тезірек шара қолдануы керек деп есептейді. Бірақ сіз бұл ағымның жетегінде емес екеніңізді айтудан жалықпайсыз. Кімге сенеміз?

– Біздің қоғамның үлкен проблемасы – әуелі ұнамаған адамымызға сыртынан үкім шығарып аламыз. Сосын сол пікірді өзара қақпақылдап, үрлеп дамытамыз. Елдің сенбесіне қоймай, күндіз-түні әлеуметтік желінің есігінен тесігіне дейін толтырамыз. Кейін, шынтуайтына келгенде айыптаған адамымыз ондай болмай шықса, бетімізді жыртып, белбеуімізді шиырып, шыңғырып, ойбайлап, долданамыз. Өте өкінішті.

Өткенде президент айтты ғой: «Жауапкершіліктен жұрдай блогерлер», – бар деп. Біз де осы үрдістің құрбанымыз.

Жарайды, белгілі дәрежеде менің етім үйреніп қалды. Үркетіндер үркіп, қашатындар қашып, қалатындар қалды. Ал бірақ, ондайға имунитеті жоқ, жауға жауырынын тосып көрмеген қаншама нәзік адамдар бар. Соларға обал. Алды әлеуметтік желідегі сөзді көтере алмай өліп те кетіп жатыр.

Қазақты дамытпай отырған көре алмаушылық пен алауыздық. Өзінің орынын білмеген шектен шығушылық, әрі өзіне қатысы жоқ істе өлермендік танытқан парықсыздықтан шіріп бара жатырмыз.

Тоқсаныншы жылдары жиі айтыстық. Халықаралық айтыстарда жеңіп, алғашқы шетелдік көліктерді алдық. Сол кезде де, «ойбай, мұны Мырзатай Жолдасбековтар қолдап отыр, әйтпесе, бәйге қайда» деп газетке мақала ұйымдастырып, зиялы ортада зып-зып етіп, зұлымдық қылғандар көп болды. Сахнадан кеткенше жанымызды қоймады.

Кейін рухани салада бағымызды сынадық. Бұл істі біз атқармай кім істейді деп, алғашқы рухани арнаны ашып, ҚМДБ мен бірге жастарды ортақ құндылыққа шақырдық. Арна ашылмай жатып, «ойбай, бұлар араптан ақша алады екен, шетелдің діни идеологиясын жайғалы жатыр» деп, жүздеген жиналыс, мыңдаған мақала жазылды. Тәуелсіздіктің отыз жылдық тарихында мұндай көп тақырыпқа арқау болған басқа жоба жоқ. Жамандау үздіксіз он бес жылға созылып келеді. Кейін діни арнаның тұғырын мүфтиятқа ұстатып, бәлеқорлардан әрең құтылдық.

Одан кейін де ел іздеді, сөзімізге жұрт ұйыды. Жаһандануға жұтылып бара жатқан жастарға тәлім берейік деп, «Тәлім тренд» жобасын қолға алдық. «Бұл не сұмдық, Ұлттық арнаға бұл неге шығады, жабу керек» деп, жан-жақтан ұран салған тағы да қаракөздеріміз. Тіптен біразы «ойбай, бұны генерал ағалары қорғап отыр, әйтпесе, баяғы сотталар еді» деп сәуегейсіді.

Енді генералдар жоқ. Неге ойларындағы орындалмады? Себебі, жағдай олар айтқандай емес еді. Әуелі жала, сосын ол айтқандарын дәлелдеу үшін жауырды жаба тоқумен уақыт өткізді.

Сондықтан, Динара, секта қайда мен қайда, ағым қайда, біз қайда?!

– Қаңтардағы бүлік кезінде қайда болдыңыз?

– Алматыда, үйде болдым. Басымызға жай түскендей, жан-жағымыздың бәрі бүлікке оранған ол бір қасіретті күндер болды ғой.

Кімде-кім осы бүлікке ат салысқан болса, елдің тыныштығын бұзып, жаман ойын жүзеге асыру үшін, аңқылдап кеп арандаған жандардың қанының төгілуіне себеп болған болса, оларға Алланың лағынеті жаусын!

Барлық жаңалықтар