00:00
Астана -10oC
USD:
441.58
EUR:
480
RUB:
4.86
Іздеу

Түркістанда полиция департаментінің емханасы ашылады

24.02.2023 | 19:43
Елорда ақпарат
46

Су жаңа медициналық нысанның аумағы 1,33 гектар. Соңғы медициналық құрылғылармен қамтылып, түркістандықтарды мың сан дертінен айықтыруға бағытталған ғимаратта болашақта 100-ден аса білікті маман қызмет етеді деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарын келесі 2022 жылы бастауды жоспарлап отырған мекеме пайдалануға берілгенде Түркістандағы медицинаның алға жылжуына, емделушілерге медициналық көмек көрсетуге, жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуға атсалысады деп күтілуде.

Жалпы, Түркістан қаласы облыс орталығына айналған үш жылдың ішінде шаһар алып құрылыс алаңына айналғандай десек қателеспейміз. Түрлі алып компаниялар мен облыс әкімдіктері, тіпті шетелдік компаниялар да ер Түріктің бесігі болған – ежелгі Түркістан қаласын көркейтіп, жандандыруға мықтап атсалысып келеді.

Сондай жұмыстардың бірі күш құрылымдарына қатысты. Түркістанда таяуда облыстың күш құрылымдары мен құқық қорғау органдарының жаңа ғимараттары бой көтерді. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан мемлекеттік нысандар барлық талаптарға сай салынды. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыс алаңдарында болып, жұмыс барысымен танысты. Мемлекеттік кірістер департаменті ғимаратының құрылысы да сәтті аяқталды. Сыртқы абаттандыру жұмыстары және ішкі құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүргізіліп, жақында пайдалануға берілді.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, салтанатты іс-шараға ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов қатысқан. Түркістандық қаржыгерлерді құттықтаған министр жаңа ғимарат ұжымға тың серпін беретініне сенім білдірді.

«Түркістан облысы құрылып, Түркістанды Түркі әлемінің орталығына айналдыру міндеті жүктелгелі 2-3 жылдың ішінде қала адам танымастай өзгерді. Қаланың дамуына қомақты қаржы құйылып жатыр. 2018 жылы осындағы қызметкерлер мемлекеттік қызметті бір күнге тоқтатпай, Шымкенттен Түркістанға көшіп келді. Сол кезде бәріне жақсы ғимарат жетпеді. Бүгін тиісті қаржы бөлініп, құрылысы заман талабына сай жүргізілген заманауи ғимараттың ашылуына келіп тұрмыз. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекеленіп жатыр. Сонымен бірге мемлекетіміздің қаржы секторының жұмыс істей бастағанына 100 жыл толып отыр. Осынау мерекелер қарсаңында ашылған ғимаратпен баршаңызды құттықтаймын. Елдің, мемлекеттің игілігіне жарай берсін», - деді Е.Жамаубаев.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Арман Сәбитов «Түркістан облысында 3 жылда 250-ден астам нысан бой көтерді. Кіріс көлемі де ұлғайып отыр. Бұл жетістіктерде сіздердің де еңбектеріңіз» бар дей келе департаменттің жұмысына сәттілік тіледі.

Ғимараттың жалпы алаңы – 12 507 шаршы метр. Жұмыс істеуге толық жағдай жасалып, соңғы үлгідегі техникалық құрал-жабдықтармен қамтылған. Маңызды жиындарды өткізуге арналған 320 орындық үлкен және 45 орындық кіші мәжіліс залы қарастырылған. Кіші мәжіліс залында онлайн жиналыстар өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен бірге ғимаратта тұрғындар үшін 100 орындық күту залы және салық төлеушілерді бір мезгілде қабылдайтын 14 терезе бар. Тағы бір ерекшелігі, ғимарат ішінен қызметкерлерге арналған асхана, арнайы спорт кешені де қарастырылған. Мұнда жұмыстан тыс уақытта дене шынықтырумен айналысып, шағын футбол, баскетбол және волейбол ойнауға болады.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген жаңа ғимаратта Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мен Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының 207 қызметкері орналасты.

Барлық жаңалықтар