00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

«Демеу» әлеуметтік жобасы ауылдықтарға жөн сілтейді

24.02.2023 | 18:41
Елорда ақпарат
48

Бүгіндері мемлекеттік қолдаудың сан түрлі әдісі бар. Дегенмен, оның бір түрі – гранттық механизмге деген қызығушылық жыл санап артып келеді. Жуырда мемлекеттік қолдаудың бұл тізімі тағы бір грантпен толықты. Атап айтқанда, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ Қоғамдық маңызы бар бастамаларды дамыту қорының қолдауымен «Демеу» волонтерлік әлеуметтік жобасын қолға алды.  

Аталмыш әлеуметтік жоба денсаулық сақтау, құқықтық және психологиялық көмек саласында халықты қолдауға бағытталған. Оны жүзеге асыру барысында психологтерден, дәрігер-терапевтерден және заңгерлерден тұратын ҮЕҰ және бастамашыл топтар ауыл тұрғындарын мемлекеттік бағдарламалар жөнінде ақпараттандырып, әрбірі үш немесе одан да көп ауылдарда 300 консультация өткізуге міндетті.

Осындай бастамашыл топтардың бірі – «Шаңырақ» тобы. Бастамашыл тотың үйлестірушісі Гүлмира Қайбұлдинованың айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі жаңғыртудың маңызды факторы – азаматтық мәдениеттілік пен белсенділікті дамыту. Ол бұл орайда үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық бастамаларды дамытудағы белсенді институттардың бірі екеніне сенімді екенін жеткізді.

«Шаңырақ» тобының құрамында әртүрлі сала өкілдері жиналғанын атап айтқан жөн. Мәселен, мұнда ментор жаттықтырушы әрі психолог Гүлмира Қайбұлдинова, «Үздіксіз білім беру қоры» ҚҚ директоры, «Серебрянный волонтер» қозғалысының жетекшісі Гүлбаршын Қасыманова, ментор-мотиватор Бибігүл Сабыкенова, Целиноград ауданының кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Ерұлан Төлешов, бизнес-жаттықтырушы Асылбек Джананов және мемлекеттік сатып алулар бойынша жаттықтырушы Сапаргүл Рабаева бар.

Бүгінге дейін аталмыш топ өкілдері Целиноград ауданындағы төрт ауылда болып, қиын жағдайға тап болған 300-ден астам ауыл азаматына тегін консультациялық көмек берген.

«Біз Оразақ, Шалқар, Қабанбай батыр және Рақымжан Қошқарбаев ауылдарында көшпелі жиындар өткіздік. Аталмыш елдімекен тұрғындарына мемлекеттік жобалар, әдістемелік білімді арттыру, ауылдарға шығу арқылы құқықтық және медициналық көмек көрсету туралы жаңалықтармен бөлістік. Әрине, пандемия кезінде халықты жинау, өткізетін орынды ұйымдастыру оңай болған жоқ. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты мектепте немесе жергілікті клубта жиын өткізу жағы біршама қиындық туғызды. Дегенмен, консультациялық көмек сұрай келген азаматтардың бетін қайтарған жоқпыз. Тобымыздың әр мүшесі өз саласы бойынша кеңес берді», - дейді Гүлмира Исайқызы.

Консультациялардың біріне Қаратомар ауылының тұрғындары келген. Олардың айтуынша, 18 үй ғана қалған елді мекеннің бүгінгі жағдайы мүшкіл. Ауылда жол мен су мәселесі шешімін табар емес. Не дүкен, не жұмыс жоқ. Балалардың аздығынан жергілікті мектеп жабылып тынған. Топ өкілдері қаратомарлықтардың өтініш-тілектерін облыс басшылығына жеткізуге уәделерін берді.

Бастамашыл топтың тағы бір өкілі, «Үздіксіз білім беру қоры» ҚҚ директоры Гүлбаршын Қасыманова аталмыш жобаның ауыл тұрғындары үшін маңыздылығына тоқталып өтті.

«Бүгінгі таңда мемлекет халықты әлеуметтік тұрғыда қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда. Өкінішке қарай, олар негізінен іскерлік тілде жазылатындықтан оны көп адам түсінбейді. Көпшілік бағдарламалардың ережелерін, келісімшарттағы терминдерді білмейді. Бәрі де заңгерге оқыған жоқ қой. Ал ҮЕҰ өкілдері ауыл тұрғындарына ауыл шаруашылығын дамытуға, агросекторды қолдауға, субсидия алуға, ауылда әртүрлі жобаларды қосымша қаржыландыруға бағытталған бұл бағдарламаларды ауыз екі тілде түсіндіріп беруде», - дейді Гүлбаршын Қасыманова.

Жоғарыда айтқанымыздай, жобаның басты мақсаты – ауылдық жерлерде тұратын азаматтарға құқықтық және медициналық көмек алудың қолжетімділігін арттыру. Осылайша, ауыл тұрғындарына сан түрлі бағыттағы консультациялар қолжетімді болады және олардың сұраныстары толық қанағаттандырылады. Нәтижесінде жоба әлеуметтік қамқорлықтың үлесін арттыра отырып, ауыл тұрғындарының әлеуетін көтереді деп күтілуде.

Барлық жаңалықтар