00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

«Тот самый контролер»: Елордалық бақылаушы желіде қалай танымал болды

26.02.2024 | 04:01
85
фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

Басты міндетіне төлем процессін  қадағалау кіретін елордалық бақылаушы әлеуметтік желіде «Тот самый контролер» атымен көпшілікке танымал. Ол бақылаушы қызметінің қызығы мен шыжығын түрлі видеолар арқылы желі қолданушыларына ұсынып жүреді. Қарағанды облысында дүниеге келген жас жігіт әлеуметтік желіде 2020 жылдан бері белсенді, ал «контролер» қызметі туралы видеоларын жұмысқа кіріскен кезде түсіре бастаған. Әлеуметтік желіге тараған видеоларының қаралым саны да жоғары.

2021 жылы әскерден келген соң бақылаушы болып жұмысқа орналастым. Негізгі мамандағым аспазшы. Өзіңіз байқағандай, желіде жүктеген видеоларымның көбі әзіл. Мысалы, қолында қымбат телефоны бола тұра, жолақы төлеуге 90 теңгесі жоқ адамдар туралы видео салдым. Одан бөлек автобуста адам саны көп кезде бақылаушы кіріп, онсыз да қысылып тұрған жолаушылардың көңіл-күйін жеткіздім. Осы сияқты түрлі қызықты контенттерді жұмыс кезінде түсіре беремін. Tik-Tok қолданушылары позитивті қабылдады. Оларға ұнап жатыр,- дейді Мадияр Адамжан.

Бақылаушы жігіт шамамен күніне 40-45 автобусқа кіріп, төлем процессін қадағалайды. Оның сөзінше, жолақысын төлемеген әр жолаушыға түсіндіру жұмыстарын жүргізу қиынға соғады.

Біздің қызметтегі ең басты қиындық ол адамдардың жолақасын уақытында төлемеуі және оларға төлеу қажеттігі туралы түсіндіру. Өйткені белгілі бір санаты бойынша қоғамдық көлікте тегін қатынайтын адамдар карта арқылы валидация жасау түкке қажет жоқ деп есептейді. Жеңілдетілген картасы болса жүру тегін деп ойлайды. Негізінде бұл өте маңызды, себебі ол  жолаушылар ағынын анықтауға өз септігін тигізеді. Бұл қатарда оқушылар да бар. Олар мектеп қартасын баспайды кейде тіпті өздерімен алып жүрмейді,- дейді ол.

Табиғатынан мінезі ашық-жарқын жігіт Мадияр Адамжан үш жылда қоғамдық орында бөгде адамдармен сөйлесіп, түсіндіру жұмысына үйреніп кеткенін айтады. 

Бұл жұмыс арқылы мен қазір кез келген бөгде адаммен тіл табыса аламын. Үш жыл ішінде қоғамдық орында қысылмай, адамдармен сөйлесуге және оларға түсіндіруге бейімделіп кеттім. Бұл психология ғой. Жұмыста неше түрлі адамды көремін. Жолаушы ашулы болса да оған сыпайы түрде жолақысын төлеген билетін сұраймыз. Кейде адамдар «осы контролерлер неге тексере береді» деп ашуланады. Ал біз бұл басты міндетіміз екенін түсіндіріп жатамыз. Өз басым үлкендерге сіз деп, жастармен жастар тілімен сөйлесуге тырысамын, осынысымен де маған өз жұмысым ұнайды,- дейді ол. 

Кейіпкеріміз қоғамдық көлікте тексеруші маманның бойында қандай қасиет  болу керек екенін атап өтті. 

Автобус ішінде  әртүрлі жағдай  болып тұрады. Мысалы жолақысын телефон арқылы төлеп, кейін тексеріс барысында телефоны өшіп қалады. Әсіресе QR арқылы төлем жасайтындарда техникалық қиындықтар болып жатады. Осындай кезде түсіністік танытамын. Кейде жолаушыда тек қолма-қол ақша ғана болады. Мұндай жағдайда басқа жолаушылардан төлеп беруін өтінемін. Тексеріс кезіңде ашулы және дөрекі адамдар кездесіп жатады. Олардың шағымын тыңдап, сұрақтарына білгенімше сабырмен жауап беремін. Жалпы тексеруші болатын адамның бойында шыдамдылық, төзімділік және ұстамдылық қасиеттері болуы керек,- дейді Мадияр Адамжан.

Әңгіме барысында бақылаушы мектеп оқушыларымен бірге автобус ішінде Tik-Tok түсіргенін де жасырмады. 

Күнделікті жұмыс барысында қызықты оқиғалар болып тұрады. Мысалы, автобуста жолақысын тексеріп жатқан кезде бір топ жасөспірім маған «Ағай, бірге Tik-Tok түсірейікші» деп өтініш жасаған еді. Сүйтіп автобус ішінде қызықты видео түсірген болатынбыз. Осындай да тағы бір оқиға есіме түсіп отыр. №70-ші автобусты тексеріп жүрген кезде 8 жастағы баланы байқадым. Ол мені көре сала бірден QR арқылы төлем жасауға асықты. Мен жанына барып «картаң бар ма?» деп сұрап едім, ол маған «Ол картаны мамам ұстап жүреді» деп айтты. Сонда таң қалдым. Белгілі болғандай, анасы автобустан  шыққан кезде, баласы әлі  телефонмен ойнап отырып қалып кеткен.Бала содан сасқалақтап аялдамадан түсіп қалмақшы болды. Бірақ мен баланы жалғыз жібермей, оны өз үйіне дейін апарып тастадым. Үйіне келсек,  мамасында ешқандай эмоция жоқ, балаңыз автобуста қалып кеткен десем «ааа рахмет» деп қана жауап берді. Қарап тұрсам, ол кісі баласын іздемеген де,- дейді бақылаушы жігіт.

Қоғамдық көлік жүргізушісі мен бақалаушы жұмысы таң қылаң бергеннен басталады. Қызмет болған жерде талап болатыны белгілі. Бірақ соған қарамастан автобус ішіндегі мазасыз көңіл-күйді сейілтіп, желіде қызметін елге түсіндіріп жүрген кейіпкеріміздің еңбегі көп жастарға үлгі.

 

Барлық жаңалықтар