00:00
Астана -10oC
USD:
443.44
EUR:
480.51
RUB:
4.88
Іздеу

Елордада үй-күйсіз қалған жандар қайда паналап жүр?

22.01.2024 | 04:00
71
фото: Оңалхан Өнерхан

Үй-күйі жоқтар орналасатын бұл жерді жалпылама халық «бомждар үйі» деп атап кеткен. Бірақ бұл жер ресми түрде  Астана қаласы әкімдігінің «Демеу» әлеуметтік қосу орталығы деп аталады. Тағдыр тауқыметін тартып, өмірдің сан қилы сынақтарында сүрінген жүздеген тағдыр иелері осы жерді паналап жүр. Баспанасыздарға пана болған мекенге Elorda.info тілшісі арнайы барып, орталықтан уақытша болса да орын тапқандардың жағдайымен танысып қайтты.

Елордада баспанасыздардың көпшілігі орталық базар аумағында орналасқан осы мекемеге барады. Орталық құжаттарын жоғалтып, үйсіз-күйсіз жүрген жандарды 2001 жылдан бері  қабылдап келеді. Орталық мамандарының айтуынша, келушілер саны жазда шамамен 70-ке жуық болса, күн суытып, қыс түскенде олардың саны арта түседі екен.орталык 1.JPG

Бүгінде біздің мекемеде 171 үйсіз-күйсіз адам әлеуметтік көмек алады. Негізі орталық күндізгі бөлімде 180 адамды және түнгі бөлімде 50 адамды қабылдай алады. Түнгі бөлім дегеніміз жұмысы бар, тек түнейтін жері жоқ адамдарға арналған. Олар таңертең жұмысқа кетеді, кешке тек ұйықтауға ғана келеді. Жалпы бізге келетін мұндай адамдар 1 айдан 1 жылға дейін осы жерде бола алады.  Олардың  тұрақтау мерзімі қызмет алушыға көрсетілетін  түрлі әлеуметтік көмектердің санына байланысты. Мысалы, құжатсыз келген адамдарға қайтадан құжат рәсімдеу көп уақытты қажет етеді. Одан бөлек олардың денсаулық жағдайына да қатысты. Кейбіреулеріне қажеттілігіне қарай мүгедектік рәсімдейміз, қарттар үйіне де кезекке қоямыз,- дейді орталықтың әлеуметтік бөлім басшысы Сәуле Әбсадықова.

спикер Сауле.JPG

Бөлім басшысы келтірген дерекке сүйенсек, былтыр орталық 1267 адамды қабылдаған. Оның ішінде 162-сі  әйел болса, қалғаны ер адамдар. Бұл қатарда сотталған азаматтар да бар екен. Ал көрсеткішті 2021 жылғы сандық дерекпен салыстырсақ, үйсіз-күйсіз адамдар саны шамамен 300-ге артқан. Келушілердің 80 пайызы ішімдікке салынған адамдар көрінеді. 

кабылдау.JPG

Пана іздеген адамдардың көбі өз еркімен өтініш жазып, орталыққа қабылданады. Олар қабылдап алған кезде жақын туыстары бар екенін жасырады. Жеке деректерін тексеріп, жақындары бар немесе жоқ екенін анықтаймыз. Кейін оларға хабарласып, мән-жайды түсіндіреміз. Бірақ туыстары алып кететін жағдай өте сирек болады. Былтыр 11 адам ғана өз отбасына оралды. Олардың 80 пайызы ішімдікке салынған адамдар. Отбасы олардың  осы әдеті үшін  қабылдамайтынын және ұрып-соғатынын айтып  «керек емес» екендігін жеткізеді. Кейбірі керісінше, «Сіздерді сотқа береміз, неге адамның жеке өміріне араласасыздар»  деп бізге қарсы шығып жататындар да кездеседі.  Орталыққа қабылданған адам 2 апта изоляцияда болады. Өйткені ішімдік ішкен адам есін жинап алған соң қайтадан қалаға шықса, тағы өз әдетіне басады. Осы орайда учаскелік полициямен бірлесіп, ішімдікке салынып кеткен адамдарды арнайы мекемеге жібереміз. Қазіргі таңда ол жақта біздің қызмет алушылар бар,- дейді бөлім басшысы. 

орталык 2.JPG

Бұл жерге келген адамға төсек жабдықтары мен ішкі киім және гигиеналық заттар беріледі. Мекемеде лас киім-кешекті залалсыздандыратын және кір жуатын арнайы бөлмелер бар. Бұл жұмыстарды  тек әлеуметтік қызметкер ғана істейді. Сондай-ақ, медициналық көмек көрсететін орын да бар.

төсек.JPG

киім1.JPG

Орталыққа келушілерге күніне 3 рет тегін ас беріледі. Жалпы, орталықтың уақытша тұрғынына тұрмыстық, медициналық, психологиялық, мәдени, еңбекке баулу, экономикалық, құқықтық секілді 7 бағыт бойынша арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. 

колөнер1.JPG

Айталық, олар түрлі шеберлік үйірмелерге қатысып, қолөнермен айналыса алады. Тағдырластарымен бірге шахмат ойнап, бос уақытта теледидар көруге болады.

тв.JPG

 Арнайы компьютер қойылған бөлмеде қызмет алушы әлеуметтік қызметкердің көмегімен қысқа мерзімді курстарға қатысып, сертификат алуына болады. Бұл оның әріқарай жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Бос уақытта кітап оқу үшін кітап сөресі де қойылған. Сонымен қатар жаттығу залы ашылған.

заттар.JPG

 Егер қызмет алушының медициналық көрсеткіші массажды қажет етсе, орталықтағы дәрігердің сүйемелдеуімен арнайы массаж құралын пайдалана алады. Тіпті, мерекелік концертттер де ұйымдастырылып тұрады.

шахмат.JPG

Қызмет алушылар орталықтан шығатын кезде арнайы рұқсат қағазын жазады. Өйткені, олардың қоғамдық орында тәртіп бұзбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Егер жеке шаруаларымен шықса,онда кешкі 18:00-ге дейін орталыққа келу қажеттігін айтамыз. Кейде ішімдік ішіп, 2-3 күн келмей кететін адамдар болады. Олар қайтып келген жағдайда қайтадан тазалығы мен денсаулығы тексеріледі. Жасыратыны жоқ, мұндай адамдарда жұқпалы аурулар да болады. Сондықтан да біздің мекеме тазалық мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайды,- дейді Сәуле Әбсадықова.

комнатаъ.JPG

Белгілі болғандай, үйсіз-күйсіз жүрген адамдардың көбі басқа қалалардан елордаға жұмыс іздеп келгендер. Тұрақты жұмыс болмаған соң жалданып еңбек етіп, көп жағдайда соңында ішімдікке салынып кетеді. Егер олар өзінің тұрақты мекенжайына қайтуды қаласа, онда мекеменің әлеуметтік қызметкерлер көмектесе алады. 

курс.JPG

Орталықтың көмегіне жүгінетін адам­дардың арасында бұрын жақсы жұмыс істеп, кейін екі қолына бір күрек таппай өмірдің қиын жағдайында қалып қойғандар да бар. Мысалы, 61 жастағы Қалдыбек Қалмұратов елордаға жақын Астраханка ауылынан келіп, құрылыста жұмыс істеген.

калдыбай.JPG

Мен бұл орталыққа жақында келдім. Негізі құрылысшы болып жұмыс істегенмін. Қыста жұмысым тоқтап қалды. Жалдамалы пәтерге төлейтін  ақшам болмады. Басқа адамдардың айтуы бойынша осы орталыққа өзім келдім. Осы қалада қызым мен күйеубалам тұрады. Олардың өздерінің бала-шағалары бар ғой, оның үстіне пәтер жалдап тұрады. Сондықтан да қызымның үйіне баруды жөн санамадым. Осы орталыққа рахмет, жылы орын мен тамақ беріп, күтім жасап отыр. Құрылыс тоқтап тұр, әйтпесе жұмысқа шығу ойымда бар, - дейді Қ.Қалмұратов.  

54 жастағы Евгения Бралинова мұндай жағдайға ішімдік салдарынан түскенін жасырмады. 

Женя.JPG

2006 жылы  Астанаға Павлодар облысынан жұмыс істеуге келгенмін. Әртүрлі жұмыс істедім. Содан ішімдікке әуес болып, жұмыстан шығып қалдым. Жалға берілген бөлменің ақшасын төлей алмадым. Азаматтық некедегі жолдасымның көзі көрмей, мүгедек болып қалды. Осындай қиындықтарға тап болғаннан кейін екеуміз осы орталыққа келдік. Шамамен бұл жерде 1 жылдай уақыт тұрып келеміз. Себебі мүгедектік рәсімдеу ұзақ уақытты алады. Егер арнайы төлем тағайындалса, жалдамалы пәтерге шығып, әріқарай жұмыс істеуге болады.  Негізі екі қызым бар. Олардың өз отбасы болғандықтан мазалағым келмейді. Бірақ арасында хабарласып, сөйлесіп тұрамын,- дейді Е.Бралинова.

орталык конец.JPG

Еліміздің түпкірінен үлкен мегаполиске «жақсы өмір» іздеп баратындар көп. Алайда, барлығының шамасы мен ерік-жігері оған жете бермейді. Біз барған орталық ауласы кең, бірнеше бөлімі бар мекеме. Бір сөзбен айтқанда, тағдырлас жандардың басын қосатын, қамқорлық көрсететін мекен. 

Барлық жаңалықтар