00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Астанада заңсыз қоқыс орындары үшін 40 млн теңгеге жуық айыппұл салынды

Фото: Сергей Бобылев / ТАСС

Мемлекет басшысы елорда аумағындағы қоқыстарды жою жөнінде тапсырма бергені белгілі. Осыған байланысты құзырлы орындар қандай іс-шараларды жүзеге асыруда? Elorda.info тілшісі мәселе төңірегінде Астана қаласының қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы қатты тұрмыстық қалдықтарды реттеу және су бетін тазарту бөлімінің басшысы Айдар Рашидпен сұхбаттасты. 

-Алдымен, жыл басынан бері елорда аумағындағы стихиялық қоқыс үйінділерін жою бойынша қандай жұмыстар атқарылғанын айтып өтсеңіз? 

Елордада стихиялық қоқыс үйінділерін жою жұмысы тұрақты негізде жүріп жатыр. Жыл басынан бері Астана қаласы және оған іргелес аумақтардағы 213 қоқыс  учаскесі жойылып, 100 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Бұған дейін заңсыз қоқыс орындарының саны 338 болатын, яғни күні бүгін стихиялық полигондардың 64 пайызы жойылып отыр. 

Атап айтсақ, Алматы ауданындағы 62 қоқыс орнының  61-і жойылды. Байқоңыр ауданында 46 осындай орын болса, оның 44-і тазаланды. Есіл ауданындағы 84 қоқыс үйінділерінің 39-ы арнайы орындарға шығарылды. Сарыарқа ауданындағы 23 қоқыс орындарынан қазір 1-і ғана қалды. Ал Нұра ауданындағы 120 стихиялық полигондардың 54-і жойылды. 

-Қоқыс үйінділері жойылып жатыр екен, дегенмен оны болдырмаудың жолы қарастырылды ма?

Жалпы, қоқысты жинау үшін қалалық ҚТҚ полигонының жанындағы аумақ белгіленген. Жергілікті полиция қызметі белгіленген тәртіпті бұзушыларды анықтау жұмыстарын тұрақты түрде жалғастыруда. Нәтижесінде ҚР ӘҚБтК 505-бабы бойынша 2719 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылып, оларға 39 733 500 теңге сомасында айыппұл салынды.

Экология департаменті ҚР ӘҚБтК – нің 344-бабы бойынша 1 млн. 300 теңге сомасында 7 талап бұзушыға айып арқалатты. 

-Аталған заң талаптарына қайшы әрекет жасаушылар үшін заң жүзінде тағы қандай шаралар қолдануға болады?  

Мәселен, жаз маусымында жүргізілген  рейдтік іс-шаралар кезінде  қоқыс төгушінің иесі мен техникасы тұрмыстық қатты қалдықтардың қай құрылыс нысанынан шығарылғаны анықталғанға дейін айыппұл тұрағына қамалды. 

Сондай-ақ, жүк көлік құралдарының қозғалысын шектеу және рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерін төгу жағдайларын болдырмау шеңберінде Астана қаласында тыйым салушы жол белгілері орнатылды. Мұндай белгілер Айтматов, Сығанақ, Тұран, Мәңгілік ел көшелерінің бойында (Қарлығаш д/бағы ауданында), Қабанбай батыр даңғылында (Пригородный кенті және әуежай ауданында) жалпы саны - 51 орында бар. 

Белгілерді бұдан басқа тағы 41 жерге – «Нұрлы жол» вокзалы ауданында, Тельман кентінде және А 62 көшесі ауданында орнату жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, басқарма "Астана мәртебесі туралы" заңға осы белгіленген орындардан тыс жерлерге қалдықтарды төгуге байланысты жауапкершілікті қатаңдату жөнінде ұсыныс енгізіп отыр. 

Барлық жаңалықтар