00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Астанада V халықаралық энергия үнемдеу форумы басталды

10.11.2023 | 06:00
51
Фото: дереккөз

Астанада дәстүрлі V халықаралық энергия үнемдеу форумы өтіп жатыр, деп хабарлады Elorda.info

Аталмыш шара Мемлекет басшысының экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) стандарттарына сәйкес энергия тиімділігінің ағымдағы саясатын айтарлықтай жаңартуға бағытталған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауы аясында өткізіліп отыр.

Форумды «Электр энергетикасын дамыту және энергия үнемдеу институты» АҚ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, БҰҰ Қазақстандағы Даму бағдарламасының, «Орталық Азиядағы орнықты энергетикалық байланыстар» Еуропалық Одағының (SECCA), Неміс халықаралық ынтымақтастық қоғамының (GIZ), АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) және Неміс энергетикалық агенттігі DENA т.б. қолдауымен ұйымдастырды.

Форумның пленарлық отырысын Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев ашты. 

Ол Қазақстанда соңғы 5 жылда энергия тұтынудың 12%-ға, негізінен тұрғын үй секторында (33%) және өнеркәсіпте (30%) өскенін атап өтті. Энергия тиімділігін арттыру мақсатында Үкімет заңнамалық актілерді, мемлекеттік энергетикалық тізілімді және энергетикалық аудитті қамтитын шараларды жүзеге асыруда. 2015-2022 жылдар аралығында жүргізілген энергетикалық аудиттің арқасында өнеркәсіп секторының энергия сыйымдылығын 39%-ға төмендетуге мүмкіндік туды, бұл 7 жылда 105 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік берді.

2022 жылы заңға жаңа түзетулер енгізілді, мемлекеттік энергетикалық тізілімнің стандарттары, энергетикалық аудит нарығы және мемлекеттік сектор мониторингі жетілдірілді. Мемлекеттік секторда энергия тиімділігін қамтамасыз ету үшін «энергетикалық тиімді мемлекеттік сатып алу» тұжырымдамасы енгізілді. 

Форумда Қазақстанның түрлі секторларындағы энергия тұтынудың ағымдағы жағдайы талқыланады. Сондай-ақ шара барысында халықаралық қаржы институттарының өкілдері энергия үнемдеуге бағытталған жобаларды қаржыландыру бойынша өз бағдарламаларын ұсынады деп жоспарланған. Сонымен қатар энергияны үнемдеу саласындағы әртүрлі цифрлық шешімдер мен инновациялар ұсынылатын болады.

Барлық жаңалықтар