00:00
Астана -10oC
USD:
439.4
EUR:
473.54
RUB:
4.76
Іздеу

Астана жолдарының сапасы неге сын көтермейді

18.04.2023 | 16:00
43
Коллаж: Elorda.info

Астанадағы тұрғындар тарапынан сын садағына жиі ілінетін мәселенің бірі – жол сапасы екені жасырын емес. Қаланың шеткері аумақтары тұрмақ, елорданың ішіндегі тұрғын үй кешендерінің ішкі жолдары, расында, түйткілді мәселе. Elorda.info тілшісі осы тақырып аясында жан-жақты талдау жүргізіп көрді. 

Алдымен IKOMEK байланыс орталығына хабарласып, «Астанадағы жол сапасына байланысты тұрғындардан қанша арыз-шағым түсті? Олардың қаншасы орындалды? Қандай жолдарға байланысты шағымдар  түседі?» деген сұрақтарға жауап іздедік. 

Байланыс орталығының мәліметінше, 2023 жылдың басынан бастап жол инфрақұрылымына қатысты 8 492 өтініш келіп түскен. Оның 64%-ы, яғни 5 461 өтініш құзыретті мекемелер тарапынан қарастырылды.

Жол сапасына қатысты 2 551 өтініштің дені жолдардың тозуы, терең шұңқырлардың пайда болуы, сондай-ақ асфальт төселмеген жолдарға қатысты. 

Орталық, орамішілік, қала маңындағы тұрғын үй алаптарының жолдарына қатысты да арыз-шағымдар аз емес. 

Мысалы, Есіл ауданының Тұран, Қабанбай батыр, Ұлы дала даңғылдары, Бұқар жырау, Әбікен Бектұров, Әлихан Бөкейхан, Сығанақ, Қайым Мұхамедханов, Шыңғыс Айтматов, Әнет баба көшелері бойынша;

Сарыарқа ауданының Кенжебек Күмісбеков, Ықылас Дүкенұлы, Сәкен Сейфуллин, Бөгенбай батыр, Республика даңғылдары бойынша;

Алматы ауданының Шәкәрім Құдайбердіұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Тәуелсіздік, Абылай хан даңғылдары, Ахмет Байтұрсынұлы, Қайрат Рысқұлбеков көшелері бойынша;

Байқоңыр ауданының Әл-Фараби, Абай даңғылы, Жаңажол, Шоқан Уәлиханов, Александр Пушкин, Жәнібек Тархан, Кенесары, Малахов, Ахмет Жұбанов көшелері бойынша.

Тұрғындардан түскен арыз-шағымдар негізінде жұмыс істеліп жатыр ма, жолдардың сапасы неге сын көтермейді? Әлде бұл мердігер компаниялардың кінәсі ме? Жол жөндеу жұмыстарына қандай технологиялар, материалдар қолданылатынын сұрап, Астана қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына хабарласқан едік. Өкінішке қарай, қойған сауалдарымызға тұшымды жауап ала алмадық. 

Кепілдік мерзімі өткеннен кейін жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жөндеу (шұңқырларды жөндеу) бойынша жұмыстар жүргізілгенін хабарлаймыз, - делінген басқарманың берген жауабында

Ведомствоның мәліметінше, биыл елордада жалпы ұзындығы 54,3 шақырымды құрайтын 72 көшені, оның ішінде 40 шақырымды құрайтын 44 орталық көшені және қаланың тұрғын үй алаптарындағы ұзындығы 14,3 шақырымды құрайтын 28 көшені орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Мәселен, Алаш көпірінен Пушкин көшесіне дейінгі учаскедегі әл-Фараби даңғылын, Салтанат аркасынан Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі (жаңа мешітке дейін) Мәңгілік ел даңғылын, Мәңгілік Ел мен Сарайшық көшесі қиылысындағы көлік айырығын, Тұран даңғылын, Қорғалжын тас жолынан Сарайшық көшесіне дейін, Уәлиханов көшесін, Бөгенбай батыр даңғылынан Кравцов көшесіне дейін, Ш.Құдайбердіұлы даңғылын, Мұстафин көшесінен Р.Қошқарбаев даңғылына дейін, Тұлпар көпірін және тағы да басқа көшелерде жол жөндеу жұмыстары жүргізіледі.   

2022 жылы ұзындығы 58,8 шақырымды құрайтын 110 көшеде, оның ішінде 55 орталық көшеде (42,2 шақырым) және елорданың елді мекендеріндегі 55 көшеде (16,6 шақырым) жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын.

Бұдан ары Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының елордалық филиалына да хабарластық. Нәтижесінде елордадағы жол сапасына қатысты бірқатар мәселенің бар екенін біліп қайттық. 

Атап айтсақ, 2022 жылы елордадағы 128 жолға жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның 106-сына, яғни 83 пайызына сараптама жасалған. Мамандар осы 106 жолға 295 рет барып, инспекциялық тексеру жүргізген. 952 сынама алынған. Оның 322-сі, яғни 34,1 пайызы стандарт нормаларына сәйкес келмейтін болып шықты. Инертті материалдар мен асфальтбетон қоспасының түйіршікті құрамы, асфальтбетон жабынының жынысөзегінің тығыздалу коэффициенті және сумен қанығуы талаптарға сай болмаған. Қазіргі таңда жасалған 322 ескертпенің 145-і қалыпқа келтірілсе, 177-сіндегі олқылық әлі де жойылмаған. Жұмысты өндіру технологиясында 42 ақау анықталған. Оның 32-сі түзетілді. Мердігер компания 98 млн. 399 мың теңге сомасына Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының елордалық филиалы жасаған ескертулер бойынша олқылықтарды жойып, жолды қайта жөндеген. 5572 шаршы метр жерге асфальтбетон жабыны төселіп,  12 328 шаршы метр жолға инертті материалдар пайдаланылды. 

Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасына мердігер компанияға шара қолдану үшін 5 ескерту жолданып, нәтижесінде оның екеуі орындалған. Атап айтсақ, мердігер компанияға технологияны қолданудағы заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 2 389 140 теңге айыппұл салынып, техникалық қадағалаушыны 6 айға аттестатынан айырды.

Жол сапасына қатысты айтылатын сынды тіпті қала әкімі Жеңіс Қасымбек те, шаһардың бұрынғы әкімі Алтай Көлгінов те мойындады. Өткен айда Жеңіс Қасымбек «Көктем мезгілінің басталуымен кейбір көшелерде асфальт қармен бірге ағып кеткендей әсер қалдырады. Жолдардың бәрі дерлік сапалы салынбаған» деп өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазған болатын. 

Бұрынғы қала әкімі Алтай Көлгінов те шаһар басшысы болып тұрған кезінде: «Көшелерді тексеру барысы жолдардың сапалы орындалмағанын көрсетеді. Кейбір жолдардың жөнделгеніне әлі 3-4 жыл толмады, алайда жөндеу жұмыстарын қайта жүргізу керек! Тұрғындар шағымының негізі бар. Бейінді басқарманың міндеті тек мердігерлік ұйымдарды анықтау үшін конкурс өткізіп қана қою емес, сонымен бірге жолдың сапасын, ұзақ уақыт қызмет көрсетуін қамтамасыз ету! Адамдарға қолайлы жағдай жасау» деген еді. 

Жыл басында Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен елорданы дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте Мемлекет басшысы: «Қала жолдарының жай-күйі де мәз емес. Мысалы, кейбір көшелер жыл сайын жөнделеді. Бірақ көктем шыққанда жолдың сапасы сын көтермейді. Ал кейбірі мүлдем қараусыз қалған. Бұл – жол салу және жөндеу жұмыстары дұрыс жүргізілмейді деген сөз. Үкімет пен әкімдік мәселені арнайы бақылауына алуы керек. Қажет болса, мердігерлерді ауыстыруға тиіс» деп нығыздап айтқан болатын.

Кепілдік берілген уақыт өтпей-ақ беті тілім-тілім болып, кейбір бөліктері түйенің өркешіндей бөлініп кеткен жолдар төзімнің таяғына таянған тұрғындардың ашуына әбден тиген. Сапасыз салынған жолдың жыры елордалықтардың мұңына айналып отыр. Айтуларынша, жаңадан төселген жолдар бір жыл болмай жатып жырымдалып жатыр. 

Бірақ тұрғындар жақсылықтан үміт үзбейді. Астананың ішкі жолдары асфальтталып, бір қалыпқа келетін шағы алыс емес екеніне сенеміз.

Аяулым АЛТЫНБЕК

 

Барлық жаңалықтар