00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

«Аңсап келдім, атажұрт» атты кітап саналы оқырманға жол тартты

15.06.2023 | 20:53
47
Фото: Сұлтан Байсейітов

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы Қалиакбар Үсемханұлы 2018 жылы Қытайдан атажұртқа қоныс аударған болатын. Елге келгенге дейін де журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен ол Қытай қазақтарының журналистика саласында өзіндік із қалдырған-тын. Қазақстанға келген соң да ізденуді тоқтатпай, 2020-2021 жылдары «Тұран-Астана» университетінде «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша білім алып, педагогика ғылымдарының магистрі атанды. Қаламы қарымды тілші мүйізі қарағайдай «Нұр Сұңқар» республикалық байқауында «Ұшқыр қалам» номинациясын қанжығасына байлап үлгерді. Бүгін тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан «Аңсап келдім, атажұрт» кітабы - журналистің жаңа бір белесі, деп хабарлады Elorda.info.

Елордадағы қалалық №5 Балалар кітапханасында өткен айтулы сәтке аттарынан ат үркер қазақтың қаламгерлері, ғалымдары арнайы қатысты. Кеш тізгінін ұстаған «Астана ақшамы» газетінің бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков алғашқы сөзді «Elorda Aqparat» медиахолдингінің директоры Олжас Сыдықбекке берді. 

дир.jpg

- Бүгін - біздің «Астана ақшамында», ақпаратта үлкен мереке.  Керемет кеш өтіп жатқанына өте қуаныштымыз. Қалекең кітабын «Аңсап келдім, атажұрт» деп атапты. Расында біз, «Астана ақшамы» ұжымы оның Отанның қадірін, туған жердің қадірін бізден артығырақ түсінетінін жақсы білеміз. Ол тек газетке мақала жазып, сұхбат жазбайды, сонымен қатар әлеуметтік желіде де белсенді, соңынан қалың оқырман еріп жүретін шығармашыл жан болғаны үшін де мақтанамыз, -деген медиасеріктестік директоры оны жаңа туындысымен құттықтады. 

Сиясы кеппеген су жаңа кітаптың жолашарын жазған тарихшы, ғалым-жазушы Қойшығара Салғара кітаптан алған әсерімен бөлісті.

койшығара.jpg

-Алғашқыда Қалиакбардың өзі «газетте жарияланған материалдарымның басын біріктіріп» деген соң, болашақ жинақты күнделікті ел тірлігінің өзекті мәселелеріне арналған, ақпараттық деректерге негізделген тілші жазбалары ғой деген ойда болғам. Бірақ олай болмай шықты. Жинақтың «Аңсап келдім, атажұрт» деген аты да, ондағы материалдардырдың үш тарауға бөлініп, әр тараудың  «Ой түбінде жатқан сөз», «Сөз сырына құштарлық», «Тілдестірмек тілшіден» деген тақырыптар төңірегіне топтастырылып берілуінің өзі-ақ, оқығалы отырған дүниемнің күнделікті ел тірлігінің жетістігі мен кемшілігінен хабардар етер әдеттегі газет мақаласынан гөрі өзге елде туып, сонда дүниетанымын қалыптастырған; бір кезде бүкіл ата-бабасының кіндік қаны тамған киелі жерді, ондағы бірнеше ғасыр бойы орыс империясының  құрамында, бодандықтың бұғауында жүріп, ақыры азаттықа  қол жеткізіп, келешегін кемелдендіріп жатқан бүгінгі қандас бауырларын бір көруді  аңсап, армандаумен күн өткізген  есті  азаматтың бағы жанып, атажұртына келгеннен кейінгі көргені мен білгендерінен алған әсерлерін арқау ететінін аңғартып тұрғандай еді. Түйсігім алдамапты. Солай болып шықты, - деген ғалым оның жинаққа енген еңбектердің қай-қайсысының да ақпараттық мағлұматынан танымдық тағылымы басым екенін, осыған орай бұларды газет мақалалары дегеннен гөрі «этнографиялық танымдық шағын әңгімелер жинағы» деп қабылдасақ та артық болмайтынын айтып, кітаптың саналы оқырманмен қауышуына тілектестігін білдірді.

Танымал түрколог, филолог Қаржаубай Сартқожа ұлт тәрбиелеу үшін, ұлттың намысын қозғау үшін, ұлттың жоғын жоқтау үшін азаматтарымыздың көп жұмыс жасап жатқанын, әсіресе сырттан атажұртын аңсап келіп жатқан қаламгерлер тобы осы ортақ мүдде үшін ыстық леппен кірісіп жатқанын тілге тиек ете отырып, Қалиакбар Үсемханұлының сол көшті жалғап отырғанын айтты. Осы кітапқа автордан жалғас ұлттық рухымызды көтеретін тағы да әңгіме, повесть, романдар күтетінін айтты. 

сарткажа.jpg

Ал «Бітер істің басына жақсы келер қасына» демекші, кітаптың шығуына идеялық тұрғыда қолдау көрсеткен, қаламгердің өзі қызмет ететін «Астана ақшамы» газетінің бас редакторы Еркін Қыдыр кітаптың тұсаукесеріне келіп, баталарын беріп жатқан ақсақалдарға алғысын жаудырып, журналистің өзгелерден ерекшелігіне тоқталды.  

редакт.jpg

-Қалиакбарды өзім жұмысқа алғам. Мұны жазбаларымда да жазып жүрмін. Біздің қазақ журналистикасындағы бір кемшілік, халықаралық тақырыптарға бара бермейміз. Ресейде не болып жатыр, Украинада ше, соның бәрінен қорқамыз. Бұл тақырыпты «Егемен Қазақстан» да жазбайды, «Айқын» да жазбайды, біз жазамыз! Оны орысша білмейтін Қалиакбар жазады. Өзінің ақпарат көздерінен алып жазады. Міне, осы кемшін түсіп жатқан саланы игеріп отыр. Қытайда туған ол ата-бабам туған жерге келейінші деп келді. Келіп алып, қол қусырып отырған жоқ. Міне, кітабын да шығарып жатыр. Оның осындай қасиеттерін жігіттерге үлгі етіп отырамын, - деді Еркін Қыдыр. 

- Қалиакбардың артықшылықтарын көріп, «Астана ақшамына» бірден алып, қолдау білдірген осы жерде отырған азаматтарға мың алғыс. Шеттен келгенде шеттетілмей, жұмысқа шұрқырасып, аралысып кету де үлкен бақыт. «Қайда екен, қайда барды екен?» дегенде артындағы жұртына да мақтаныш, - деді келесі сөз кезегін алған тарих ғылымдарының докторы, жазушы Тұрсынхан Зәкен. 

«Қандас» медицина қауымдастығының төрағасы, онколог маман Жеңіс Қалиязымұлы да кітаптың шығуына жәрдемдескендерді жеке-жеке атап, алғысын айтты.

 «Көп тілеуі көл» демекші, аузы дуалы ел азаматтарының ақ тілеуінен соң кітаптың тұсаукесер рәсіміне кезек беріліп, осы айтылған сөйлеушілер жинақтың лентасын қиды.

тусаукес.jpg

Қаламгердің анасы Шаңай Терібай шашу шашып, жиналған көпшілік естелік суретке түсіп, мәре-сәре болды.

семя.jpg

Кеш соңында қаламгер Қалиакбар Үсемханұлы баршаға, соның ішінде кітаптың шығуына бірден-бір атсалысқан «Elorda Aqparat» медиахолдингіне, «Астана ақшамы» газетіне алғысын жаудырды. Тұңғыш кітабына ақ батасын берген алдыңғы буынға қазақтың ата дәстүрімен шапан жапты. Кеш қаламгердің отбасы жайған дастарханда жалғасын тапты. 

Қош, сонымен бүгін Қалиакбар Үсемханұлының «Аңсап келдім, атажұрт» атты кітабы оқырманға жол тартты.    

Барлық жаңалықтар