00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

«Біздің физрук»: елордалық дене шынықтыру мұғалімі вайнның кейіпкеріне айналды (ВИДЕО)

Өкінішке қарай, қазақ қоғамы үшін тіл мәселесі қашанда өзекті тақырыптардың бірі. Ана тілін біле тұра, орыс тілінде сөйлейтін адамдарға қоғам әбден үйреніп алған. Бірақ бұл тұжырым өңірлік бөліністе әртүрлі байқалады. Дегенмен Астанада ұлты басқа болса да, қазақ тілін меңгеріп алған жандар қатары баршылық. Elorda.info тілшісі әлеуметтік желіде «Біздің физрук» атты қысқа метражды сериалының  басты кейіпкеріне айналған Вячислав Смирновпен кездесіп, қазақ тілінде сөйлеуге не түрткі болғанын біліп қайтты.

Астанадағы Kemel жекеменшік мектебінің Instagram-парақшасында жарияланған видеода дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Вячислав Смирновтың сабақты қазақ тілінде өткізіп, қандай жағдайға тап болатыны көрсетіледі.

Ол Ақмола облысы Астрахан ауданында 1995 жылы дүниеге келген. Жалпы орта мектепті бітірген соң Арқалық қаласына колледжге оқуға түсіпті. Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету саласында оқып жүріп қазақ тілін меңгере бастаған. Әрі қарай әскерде жетілдірген.

Арқалық қаласында тұрғындар қазақ тілінде сөйлейді. Менің достарым да қазақ жігіттері болды. Колледжі бітірген күні бірден Шымкент қаласына әскерге кеттім. Ол жақта қатарластарым барлығы тек қазақ тілінде сөйледі. Бір жылда қазақ тілінде сөйлеуім жақсарып қалды,- дейді Вячислав Смирнов.

Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, өз мамандығы бойынша жоғары білім алып, 5 жыл бойы механик болып қызмет атқарған. Еңбек етіп жүріп бала кездегі ұстаз болу арманын орындау үшін Көкшетау мемлекеттік университетіне педагогика саласына оқуға түскен. Дене шынықтыру мамандығын бітіріп, биыл елордада алғашқы еңбек жолын бастапты.

Вячислав Смирновтың жұбайы да қазақ қызы. Күнделікті өмірде қажеттілігіне қарай екі тілде де сөйлей беретінін айтты.

Қазір мен мектепте үш орыс және екі қазақ тобына сабақ беремін. Үйде, жұмыста, көшеде сөйлеген кезде алдымен тілдесетін адам әңгімені қандай тілден бастайтынына қараймын. Автобуста жасы үлкен кісілер әлденені маған орысша түсіндіре алмай жатса, өзім қазақша сөйлесемін. Жақын достарым да қазақ жігіттері. Менің ойымша, әр азамат өмір сүрген еліне байланысты сол елдің ұлттық тілін құрметтеуі керек деп ойлаймын. Тілді 100 пайыз білмесе де, қарапайым қарым-қатынас тілін білуі қажет,- дейді дене шынықтыру мұғалімі.

Кездесу барысында кейіпкерім мектеп кезінде Абай оқуларына қатысып, «Көзімнің қарасы» әнін орындағанын еске алды. Ресми немесе ғылыми материалдарды оқыған кезде сенімді болуы үшін аудармашы қызметіне жүгінетінін де жасырмады.

Біз ұжымда Вячеслав сияқты креативті мұғалімнің бар болғандығына қуанамыз.  Вячеславтың қазақ тілін қаншалықты жақсы меңгергенін көріп, қолдауға шешім қабылдап, шағын сериал түсірдік. Көрерменге ұнайды деген үміттеміз. Оқушыларды ұлттық тәрбие мен дәстүрді құрметтеуді үйретуге тырысамыз,- деді Kemel мектебінің директоры Раш Шахеризада.

«Біздің физрук» қысқаметражды бейнеролигінің жалпы 6 сериасын түсіру жоспарланған. Алғашқы сериасы көрермендер арасында қызығушылыққа ие болды.

Зарина СӘРСЕНБАЙҚЫЗЫ

Барлық жаңалықтар