00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада гастрономиялық фестиваль басталды

31.03.2023 | 20:58
Елорда ақпарат
9

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елордада бүгін алғаш рет Astana Food Fest гастрономиялық фестивалі басталды, деп хабарлады Elorda.info.

Екі күндік фестивальдің мақсаты – елорданың кәсіпкерлік саласындағы сервис сапасын жақсарту, халық арасында отбасылық демалысты тиімді ұйымдастыру арқылы қаланың туристер үшін тартымдылығын арттыру. Фестивальдің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Ерлан Бекмурзаев,  қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаев  және басқа да кәсіпкерлік өкілдері қатысты. 

Елордада жақында ашылған Гастрономиялық орталықта Astana Food Fest фестивалінің қызықты өтуіне түрлі ұлттардың тағамдарын дайындап, ұсынатын 30-дан астам танымал қоғамдық тамақтану орындары да атсалысты. Кеш қонақтарына мәдени-ойын-сауықтық бағдарлама ұсынылып, белгілі рестораторлар өз жетістіктері туралы ақпараттармен бөлісті. Балаларға тәтті тағамдарды әдемі безендіруден шеберлік сабақтары өткізіліп, кофе дайындаудан ең озық баристер қабілет-қарымын көпшілік алдында көрсетті. Хот-дог пен бургерді жылдам жеп тауысудан жарысқандар да, басқа да қатысушылар іс-шара демеушілері атынан түрлі сыйлықтарға ие болды. Live-бэнд және Ди-джейлер көңілді заманауи әуенмен келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. 

Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, мұндай іс-шаралардың туризмді дамытудағы маңызы зор. Соңғы жылдары туристер құндылығы өзгерді, қазір гастрономиялық туризм қарқынды дамуда. Туристердің 40 пайызы басқа елдерге осы мақсатта барады екен. Себебі белгілі бір елді оның ұлттық тағамдары арқылы тануға болады. Елорданың да гастрономиялық туризм орталығы ретінде дамуына әлеуеті жетеді. Қазіргі таңда бас қалада 1765 қоғамдық тамақтану орны жұмыс істесе, соның ішінде 298 мейрамхана, 534 кафе, 93 бар, 539 асхана және 301 өзге де нысандар бар. Бүгін фестиваль өтіп жатқан Гастрономиялық орталық туристер мен елорда қонақтарының ең көп шоғырланатын демалыс орнына айналарына сенім мол, - деді қала әкімінің орынбасары фестивальдің ашылу салтанатында. 

Қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ержан Балтаевтың айтуынша, елордада қоғамдық тамақтану орындары, мейрамханалар көп сияқты көрінгенмен, бұл қазіргі таңдағы  халық саны үшін жеткіліксіз. Себебі елорда халқымен бірге бас қалаға қыдырып келетін ішкі және сыртқы туристер саны да артып келеді. 

Туристер саны бойынша ең жоғары көрсеткіш 2017 жылы болды. ЭКСПО көрмесінің арқасында 350 мыңнан астам турист келді. Пандемия кезінде бұл көрсеткіш 70 пайызға дейін төмендеді. Ал биылғы 9 ай қорытындысы бойынша қалаға 156 мыңнан астам турист келіпті. Одан бөлек ішкі туризм де жақсы дамып келе жатыр. Бүгінде елордада 1 қоғамдық тамақтану орнына 700 адамнан келеді екен. Негізі дамыған әлем елдерінде шамамен 1000 адамға 3 қоғамдық тамақтану орнынан келеді. Сондықтан бұл саланы дамыту керек, Ең басты мақсат – қала халқына, ішкі және сыртқы туристерге жақсы жағдай жасау, сапалы қызмет көрсету, яғни Астананы іскерлік және бизнес дамыған орталық ретінде ғана емес, гастрономиялық туризмі мықты қала ретінде де қарқынды дамытуымыз керек, - деді басқарма басшысы. 

Райхан РАХМЕТОВА

 

Барлық жаңалықтар