00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада «Көрпе Fest» фестивалі өтті (ФОТО)

25.02.2023 | 03:02
Елорда ақпарат
36

Іс-шараға Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Руслан Сәкеев, Нұр-Сұлтан қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина қатысты.

Фестивальде сөз алған вице-премьер ісмер аналардың қолөнер ісімен айналысуға деген құлшыныстарына зор баға берді.  

Аналар шешім қабылдаса - бәрі орындалады, қол-аяғы сау адамдар «анау жоқ, мынау жоқ» деп әр түрлі әңгіме айтып жатады. Жоқ деген адамға ештеңе болмайды. «Жақсы сөз - жарым ырыс» деп бабаларымыз текке айтпаған. Жақсы сөз айту керек. Сену керек. Алға ұмтылу крек. Өзіне сенімі бар адамның ортасы, бала-шағасы арқылы елдің сеніме ие болады. Айналасын жылуға бөлеп жүрген аналардың отбасы бақытты болатынына күмәнім жоқ. Еңбек еткен әрбір отбасы бақытты болады. Өз қолдарыңызбен еңбектеніп жасаған дүниелеріңіз басқа шаңыраққа да жылулық әкеледі, - деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ вице-премьер Үкіметте елдің кірісін арттыруға арналған бағдарлама жасалып жатқанын айтты.

Өзім сол бағдарламаға басшылық жасап жатырмын. Жақында қабылдаймыз. Оның ішіне «Бақытты отбасы» жобасын арнайы кіргіздік. Осы фестивальден соң ұсыныс-тілектеріңізді маған жолдаңыздар, қандай көмек-қолдау керек - соны шешу жолдарын ойластыру - менің жұмысым, - деді Ералы Тоғжанов.

Осы орайда вице-премьер қазақы дәстүрмен сәбидің тұсауын кесті.

Фестиваль аясында көпбалалы аналарға тігін және қолданбалы өнер бойынша тегін оқыту сабақтары өтті. Шеберлік сабақтарды елден тыс жерде танымал ұлттық қолөнер бұйымдарын шығаратын этно-дизайнер, Президенттің «Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Ырза Тұрсынзада өткізді.

Шеберлік сағаты қатысушыларына қолданбалы өнердің негіздері мен құпиялары, өз бизнесін ашу тәсілдері, оны табыс табу үшін әлеуметтік желілерде жүргізу жолдары үйретілді.   

Фестиваль аясында атыраулық кәсіпкерлер атынан іс-шараға қатысқан жасөспірім қыздар мен аналарға 15 тігін машинасын сыйға тартылды. Сонымен қатар елорданың Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы бірқатар қатысушыға қала әкімі Алтай Көлгіновтің Алғыс хаттарын тапсырды.

Өнерпаздар әннен шашу шашып, әсем күйді күмбірлетті. Қоңыр домбырамен терме орындап, жиналғандарды тебірентті.

«Бақытты отбасы» жобасына 6 жастағы қыз балалардан бастап 78-ге толған апаларымыз да, басқа да көпбалалы аналар қатыса алады. Өз кезегінде қатысушылар еліміздің табысты әйелдерімен бір қатарда нәтижеге жетуге ұмтылу тиіс, - деп атап өтті фестивальді ұйымдастырушылар.

Ғани АТЫМТАЙ

Барлық жаңалықтар