00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

«Ұлт көсемі – Әлихан»: Елордада Алаш қайраткерінің туған күніне орай тағылымды іс-шара өтті

Бүгін – көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейхан дүниеге келген күн. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деп ақтық демі қалғанша еліне адал қызмет еткен тұлғаның туғанына биыл 156 жыл толып отыр.

Бүгін елордадағы «Қаламгерлер аллеясында» «Ұлт көсемі – Әлихан» атты іс-шара өткізілді. Оған «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы – Мәжіліс депутаты Азат Перуашев, Amanat партиясының мүшесі – Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы, алаштанушы ғалым Сұлтан Хан Аққұлы, тарихшы-ғалым, профессор Марат Әбсеметов, ғалым, қаламгер Амантай Шәріп, Алаш қайраткерінің Ақтоғайдан арнайы келген туысы Қайырбек Сәдуақасов және тағы басқалары қатысты.

Бүгін – еліміз үшін мағыналы күн. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның туған күні. Қазақта Алаштан басқа ұлттық идея жоқ деп білуіміз керек. Оны іске асыруымыз керек. Биыл еліміз бойынша ғана емес, халықаралық деңгейде, ЮНЕСКО көлемінде Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы өтіп жатыр. Бүгінгі іс-шараның екі мағынасы бар: Ұлт көсемінің туған күні және білім мен мәдениетке ерекше көңіл бөлу. Осындай қуанышты күндер көп болсын, – деді Азат Перуашев.

Бұдан әрі сөз алған Дәурен Бабамұратов елордада болып жатқан түрлі іс-шаралар халқымыз, ұлтымыз үшін жасалынып жатқан дүниелер екенін айтты.

Соңғы екі жылда Нұр-Сұлтанда оннан аса ескерткіш ашылды. Мұның барлығы да ұлттың ардақтыларын ұлықтайтын, қоғамдағы сұранысқа ие, идеологиялық ұстанымдарға сәйкес жасалып жатқан дүниелер. Бүгінгі Әлихан Бөкейханға арналған іс-шара да соның айғағы, – деді Ішкі саясат басқармасының басшысы.

Ұлт қайраткерінің туысы Қайырбек ақсақал Алаштың асыл азаматтарының еңбектерін жас ұрпақ бойына сіңіру қажет екенін еске салды.   

Қай ғасырда болмасын қазақ халқы көш бастаушы, сөз бастаушы ірі тұлғаларынан кенде болған емес. Қазақтың ұлттық рухын көтерген Әлихан Бөкейхан еліміздің территориясын нығайтып кеткен, мемлекетіміздің өзектілігін жоғалтпаған ұлттық қағидаларын жасап кеткен ұлы тұлға! Ендігі біздің парызымыз, келешек ұрпаққа Әлиханның, Ахмет, Міржақып сынды Алаштың асыл азаматтарының есімдерін, еңбектерін сіңіріп кетсек, бізге берілген аманат осы деп ойлаймын, – деді Қайырбек Сәдуақасов.

Тағылымға толы іс-шарада басқа да азаматтар сөз сөйлеп, Әлихан Бөкейханның еліміз үшін, ұлтымыз үшін атқарған ұшан-теңіз еңбегі туралы келелі әңгімелер айтты.

Іс-шара соңында жиналғандар алаш қайраткерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. 

Сөзіміздің басында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұлт руханиятына, ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтауға келгенде аянып қалмайтынын тілге тиек еттік.

Оқи отырыңыз: Елордада ұлт руханиятына қатысты қандай шаруалар атқарылып жатыр

Қала әкімі Алтай Көлгінов «Егемен Қазақстан» газетіне берген мына бір сұхбатында да осы туралы әңгіме қозғайды: 

Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсам, нағыз рухани жаңғыруды басымыздан өткеріп жатырмыз десек, артық айтқанымыз емес. Елордадағы жаңа көшелерге Әбіш Кекілбайұлы, Фариза Оңғарсынова есімдері берілсе, қаладағы бірнеше мектеп ұлт зиялыларының атымен атала бастады. Былтыр оқу орындарына Ахмет Байтұрсынұлы, Бейімбет Майлин, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жұмабек Ташенов, Мәшһүр Жүсіп, Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Сәкен Сейфуллиндердің есімдері берілді. Биыл да ұлт зиялыларының есімдері жаңа мектептерге берілуі үшін республикалық ономастикалық коммисияның шешімін күтіп отыр. Бұл өскелең ұрпаққа өте қажет дүние. Әлем ұстаздарының бірі әл-Фараби мен ұлы Абайдың мерейтойлары да карантин талаптары сақтала отырып атап өтілді. Ас та төк той тойлайтын емес, тағылым алып ой ойлайтындай етіп өткізілді деп есептеймін. Пандемияға дейін ұлттық өнеріміз – айтыс тұрақты болып тұрды. Елорда ақын-жазушылары бас қосатын «Жазушылар үйі» Жазушылар одағының астаналық бөліміне берілді. Бүгінде онда қала зиялылары түрлі кездесулер өткізіп, ұлт руханиятына өз үлесін қосуда. Оң жағалауда «Қаламгерлер аллеясы» ашылды. Ол жерде асылдарымыз, үш бәйтерек – Ілияс, Сәкен, Бейімбет ескерткіштері тұр. Ендігі кезекте осы жерде ұлт зиялылары, Алаш қайраткерлері Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейхан және Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіштер ашу жоспары бар. Бұл ұлт санасын жаңғырту жолында өте маңызды қадам деп білеміз. Күні кеше, 8 мамыр күні елорданың тумасы, даңқты батыр, ұшқыш Талғат Бигелдиновтің ескерткіші ашылды. Сонымен қатар биыл Ыбырай Алтынсарин, Дина Нұрпейісова, Қаныш Сәтбаев сынды ұлт ардақтылары да ұмытылмайды. Жақында тағы да 40-тан астам көшенің атауы ауысты, - деген болатын әкім.

Барлық жаңалықтар