00:00
Астана -10oC
USD:
439.43
EUR:
473.31
RUB:
4.82
Іздеу

Елордада әл-Фараби ескерткіші ашылды

24.02.2023 | 19:14
Елорда ақпарат
38

- Ұлы ойшыл, ғұлама, Аристотельден кейінгі ғаламдағы «екінші ұстаз» атанған әл-Фараби біздің ғана емес, тұтас адамзаттың бағына біткен тұлға. Ғылымның сан саласын жетік меңгерген философ, метафизика, эпистомология, эстатология, этика, физика, астрология, психология және музыка салаларының теориялық негіздерін қалаған энциклопедияшы ғалым. Оның жазған еңбектері оныншы ғасырдан бүгінге дейін маңыздылығын жойған жоқ, - деді Қырымбек Көшербаев.

Әл-Фараби орта ғасырлық ағарту кезеңіндегі шығыс пен батыстағы ақыл-ой алыптарының бірі екенін атап өткен Мемлекеттік хатшы оның еңбектері бүкіл әлемге тарағанын айтты.

“Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әйгілі ғұлама ғалымның тұлғасы мен мұрасына лайықты баға берген болатын. Ал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жылы 1150 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Атақты жазушы Фредерик Старр «Ұмтылған ұлылық» кітабында әл-Фарабидің қызығушылық аясы кең болғанын, сол арқылы ғылымды толығымен жіктеп, әрбірінің шекарасын сызып, білімнің барлық саласы үшін мықты негіз жасаған исламдағы бірінші тұлға деп атаған”, - деген Мемлекеттік хатшы әл-Фарабидің ғылымдағы жетістіктері жайлы басқа да белгілі ғалымдардың еңбектеріне тоқталды.

Соның ішінде әл-Фарабиді туған топырағымен қайта қауыштырып, туған ел үлесінде қалуына зор еңбек сіңірген қазақ ғалымы Ақжан Машаниді ерекше атап өтті.

- Әл-Фарабидің саяси-әлеуметтік трактаттарында жазылған бақытты, қайырымды және мейірімді адамдар сипаттамасы хакім Абайдың «Толық адам» концепциясымен үндес. Бүгінде Тәуелсіздіктің арқасында баба мұрасын жаңғыртып, есімін ұрпақ санасында мәңгі қалдыруда біраз жұмыстар атқарылып жатыр. Ұлы философ атындағы ұлттық университет, оқу орындары, ескерткіштер мен көшелер бар. Ғылыми-техника саласындағы ең жоғары марапат әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық тағайындалды, - деді Қырымбек Көшербаев.

Елорда төрінде ғұлама ғалымның ескерткішінің ашылуы да ұлтының ұлына көрсеткен құрметі екенін атап өткен Мемлекеттік хатшы жобаны жүзеге асырған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, Айдос Бүркітбай бастаған ескерткіш авторлары мен мүсіншілерге алғыс айтты.

Одан кейін сөз алған белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай елордада елдік тұрғыда ауыз толтырып айтуға тұрарлық оқиғалар болып жатқанын атап өтті.

- Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының өзі қазығын қаққан, өз қолымен орнатқан, әлемге танылған астанамыз бұрынғыдан да көркейіп, бұрынғыдан да сәулеттеніп кеткелі тұр, - деген ақын биылдың өзінде Жұмабек Тәшеневке, Қаныш Сәтбаевқа, Алаш арыстарына, Талғат Бигелдиновке, Жақсылық Үшкемпіровке, Дина Нұрпейісоваға, басқа да тұлғаларымызға көптеген ескерткіш бой көтергенін айтты.

- Бұл біздің еліміздің кемелдігін, тарихымыздың тереңдігін, бабаларымыздың ерендігін білдіреді. Соның ішінде әл-Фарабиге ескерткіш орнату - Тәуелсіздігімдің баянды ету жолындағы үлкен білгірлік. Қала басшыларының істеп жатқан үлкен ісін зиялы қауым әрқашанда қолдап келе жатыр. Жақсылық жалғаса берсін, - деді Несіпбек Айтұлы.

Қоладан құйылған әл-Фараби ескерткіші оның атындағы Оқушылар сарайының алдында бой көтерді. Жалпы биіктігі – 9,5 метр. Авторлар тобы – А.Бүркітбаев, Д.Сарбасов, К. Бегулиев, А.Тоқбаев, Д.Үсенбаев.

                                                                           Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Барлық жаңалықтар